Павлодар теледидарын сөз етпес бұрын бұл ақпарат құралының арғы шығу тегіне зер салған жөн болар. Расында, Кереку өңіріне теледидар өздігінен келіп, бір күнде орнай қалған жоқ. Өткен ғасырдың қойнауына кеткен Кеңес одағы көлемін сөз етсек, оны сол кездегі ортақ Отанымыздың жүрегі саналатын Москва жұртшылығы тамашалады. Демек, шежіресі тым әріде жатыр екен. Яғни, 1936 жылы Мәскеу теледидар орталығының құрылысы басталып, үш жылдан кейін хабарлар беруге кірісті. Осылайша енді өріс алып, құлаш жая бастаған іргелі іске неміс фашистерінің елімізге тұтқиылдан бастаған шабуылы бөгет жасады.
Тек 1945 жылдың 7 мамырында Москва телеорталығы Европада бірінші болып телевизиялық хабарды қайта көрсетті. Ал 1951 жылы арнаулы қаулы бойынша Орталық теледидар құрылып, тұрақты хабарларын береді. Сөйтіп, теледидардың одақ көлеміндегі даму кезеңі өрістеді. Жақсы жаңалық біздің елімізге де жетті. Бұрын тек радио хабарларын тыңдап жүрген қазақстандықтардың рухани өміріне елеулі оқиға — өзге одақтас республикалармен терезесі теңеле бастағанының айқын көрінісі ретінде қабылданғаны рас.
1958 жылдың 6 наурыз күні Алматы қаласы мен облысының жұртшылығы қазақ теледидарының дикторларымен көгілдір экран арқылы тұңғыш рет дидарласты. Олар көпшілікті республика астанасында теледидар хабарларының басталуымен, ал қыз-келіншектер қауымын 8 наурыз мейрамымен құттықтап, жылы лебіз білдірді. Теледидар Қазақстан топырағына осылайша келді.
15 сәуірден бастап Алматы теледидары аптасына бес рет тұрақты түрде хабарларын эфирге таратты. Бұдан кейінгі кезек әр өңірдегі орталықтарға тиді. 1958 жылдың 16 наурыз күні Өскемен тұрғындары да тұңғыш телевизиялық бейнені көру мүмкіндігіне ие болды. Студия әлі техникалық жағынан толық жабдықталмағандықтан, аймақ тұрғындарына көпке дейін тек кинофильмдер көрумен шектелуге тура келді. Ал сол жылғы 3 желтоқсанда телевизиялық камераның көмегімен экранда ең алғаш рет диктор дидары көрсетілді.
1958 жылдың 31 тамызында Қарағанды қаласындағы тұңғыш теледидар орталығының ашылу қуанышы шахтерлер мерекесімен тұспа-тұс келді. Үш жылдан соң Петропавл және Ақтөбе телеорталықтары пайдалануға берілді. Бір жылдан кейін Орал, Балқаш, Целиноград (қазіргі Астана қаласы) теледидар орталықтары, арада жыл өткен соң Семей және Павлодар тұрғындары осындай қуанышқа бөленді.
Шынтуайтқа келсек, Павлодарда теледидар хабарын тарату орталығы аяқ астында оп-оңай орнай қалды десек, қателесеміз. Негізінде 1961 жылы ҚазКСР Министрлер Кеңесі Павлодарда телеорталықтың құрылысын салу жөнінде қаулы қабылдап,содан кейін іргетасы төселіп, құрлысы басталған еді. Негізгі жұмыс болашақ Телеорталықтың ғимаратын салатын жер таңдау, бірте-бірте оның құрылысын жүргізу сияқты кезек күттірмейтін міндетті шешумен қатар жалғасып жатты. Қайталап айтсақ, қаржы жағынан қолға алынған жұмыс кешіктіріле бергені тағы бар. Сол кездегі ең арзан ғимарат 10 миллион сомға түсті. Ондай қаржыны бірден іздеп табу, әр жылғы облыс бюджетіне жармасып, жырымдап болса да үздік-создық қол салу облыс басшылары үшін қылмысты іске барумен пара-пар еді.
Тапсырыс беруші облыстық атқару комитетінің күрделі құрылыс бөлімі болса, бас мердігер ұйым — «Павлодарстрой» басқармасы, ал құрылысқа мүдделі топқа басшылық жасауға облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Хамза Махамбетұлы Тоқпанов бекітілді. Келелі істі дамыту — жөпелдемеде біте қалатын шаруа емес. Қаржы тапшылығына байланысты құрылысы 3-4 жылға созылғанын айту ләзім. Оның да бастау көзін тауып, бұлағын ашқан ардақты ағаларымыз болғанын кейінгі ұрпақ мақтан ететініне ешкімнің дауы жоқ. Сол кездегі облыстық атқару комитетінің төрағасы Жақыпбек Жанғожиннің тынымсыз еңбегі арқасында қажетті рұқсат құжаттарды реттеу тетігі табылып, оңынан шешіліп жатты. Өткенге үңіле қарасаңыз, Кереку шаһарында кербездене бой көтерген биіктігі 180 метрлік телемұнара алыстан мен мұндалап тұратынына сырттан келген қонақ болмаса, жергілкті жұрттың көзі үйреніп кетті.
Әуел баста облыстық телерадио басқармасы болып құрылған осы идеологиялық қызмет саласының атауы уақыт өте келе әлденеше рет өзгеріске түскені мәлім. Бірде комитет, енді бірде компания, соңғы кезде филиал деген атауды жамылғанымен, негізгі функциясы қоғамдық ақпарат тарату жүйесінен жаңылған емес. Қазақстан ұлттық арнасында өз көрермендерімен күн сайын қауышуда бәз-баяғы дәстүрінен айнымай келе жатқаны бұған дәлел. Дәстүр демекші, әр істің бастау кезеңі болатыны — шындық. Оның баса-қасында белгілі адамдар-аға буын өкілдері тұрса, қалайша ақиқатқа қиянат жасарсың. Осындай жауапты жұмысты тыңғылықты атқару үшін бұрын Қазақстан Орталық партия комитетінің аппаратында насихат және үгіт бөлімінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметтерінде жүріп әбден ыспарланған, бұған дейін Павлодар облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, соңғы уақытта облыстық Радио комитетінің төрағасы болып істеген Хамза Махамбетұлы Тоқпановқа жүктелді.
…1960 жылдардың орта тұсы. Дәлірек айтсақ, 1965 жылғы қараша айының 7-жұлдызы. Павлодарда алғаш рет теледидар нақ осы күні әр үйге қара-ақ түсті шарайна (телевизор) арқылы тұңғыш хабарын тарту еткен-ді. Дикторлар Болатқан Сейтқалиев пен Нағима Байділова эфир тізгінін қолға алып, өңір халқын Ұлы Қазан революциясының 48 жылдық мейрамымен құттықтап, орталық алаңда өтіп жатқан демонстрацияға қатысқан қала тұрғындарының көңіл-күйі көрсетілді. Осы күн Павлодар студиясының тұсауы кесілген күн болып белгілен-ді. Орыс редакциясындағы алғашқы дикторлары Юрий Мастьянов пен Светлана Павелкова болса, кейіннен олардың орнын Владимир Мошнов, Раиса Капран, Лариса Гуликова алмастырды.
Сол кезде «Бәрін кадр шешеді» деген ұстаным болатын. Өмірдің өзі осы қағиданың дұрыстығына көз жеткізіп те жүр. Тележурналистер даярлайтын оқу орны елімізде жалғыз ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистика бөлімі болса, ол кезде оны бітіріп шыққан жастардың көбі газет-журнал, баспа редакцияларын маңайлап, солардың тапсырысынан аспайтын. Тележурналист мамандығын қалағандар саусақпен санарлықтай. Оның өзі облыстарға жете бермейтін. Сондықтан Хамза Тоқпанов өз қарауындағы радиожурналистерді жаңа мамандыққа баулу үшін Алматыға, Новосібірге, тіпті Мәскеуге қысқамерзімді курстарға жібере бастады. Аракідік сол жақтан кадрлар таңдап, жаңа редакциялар ашуға жастар іріктелді. Жергілікті пединституттың тіл-әдебиет факультетін бітірген, жазуға бейімі бар түлектер іріктеліп, шақырылды. Музыкалық училищеден де қыз-жігіттер қабылданды.
Инженер-техник кадрларын жасақтау да осындай тәсілмен жүзеге асырылды. Еліміздегі ертерек бой көтерген телеорталықтардан жас инженерлер келе бастады.Телестудияға қажетті жабдықтар мен аппаратуралар, түсіру камераларын алуға тапсырыс толассыз берілді. Енді қалған үлкенді-кішілі істің бәрі мамандардың мойнына түсті. Мәскеуден, Алматыдан жеткізілген толып жатқан жабдықтар мен тораптарды студия ішінде монтаждап, орнату, оларды мөлшері әртүрлі кабельдермен өзара жымдастырып жалғастыру, электр желілерін қиюластыра тарту, т.б. жауапкершілігі мол жұмысқа айналды. Бұл жерде телеорталықтың алғашқы директоры Юрий Сергевич Школов ұйымдастырушылық танытса, Олег Федорович Лебедьев пен Евгений Гуссар сияқты білікті бас инженерлердің тынымсыз еңбегі арқасында қаншама жас маман өсіп жетілді.
Комитет төрағасының орынбасары, талантты журналист Сергей Павлович Шевченко, бас редакторлар Вениамин Кубрин, Владимир Бороздин, Анна Фишер, Рахат Балтабаев теледидардың тұсауын кескен-ді.
Алғашқы кезде теледидардан кино көрсетіліп, облыстың әр ауданының экономикалық-әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық өміріне арналған қазақ және орыс тілдерінде бір сағаттық шығарылымдыр және 20 минуттік ақпараттар таратылатын. Өндірістен көбінесе фоторепортаждар берілетін еді. Бейне кинокамералармен түсіріліп, 5-6 минут қана көрсетілетін. Бейнелер қара-ақ түсті болатын, Теле хабарлар тікелей эфир арқылы жарық көретін еді. Оның 75 пайызы орыс тілінде болса, 25 пайызы қазақша сөйлейтін. Алты минуттік киноматериалды монтаждау инемен құдық қазғандай десек орынды. Түсірілген кинолента (таспа) жарамды әлде жарамсыз күйде ме, телеорталықтағы кинолентаның сәулесін келтіретін жабдықтаудан өткеннен кейін білінетін. Кейде оператор таспаны күні бұрын пайдаланбай, жарыққа тигізіп алса, амалыңның таусылғаны. Таспадағы бейне көзге анық көріне бермейді. Сондықтан оны арнайы айна орнатылған қондырғының көмегімен көріп, артығы қайшымен қиылады, қажеттісі желімделіп, қысымдалады. Таспа дайын болғанша тележурналистен маза кетеді, жүйкесі жұқарып, ұйқысы қашатын да осы кез.
65-жылғы алғашқы аға режисерлер Юрий Петров пен Әнуар Қалиевтің облыстық ТВ-нің қалыптасуына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Олардың ізінше Қожахмет Құлатаев, Қабиден Оспанов, Ирина Кононенко, Ақмарал Шотанова. Үмітжан Сәлуова, Райхан Жолдасова сияқты маман режисерлер өсіп жетілді. Олардың сапына Гүлнәш Әбішева, Жанна Тұяқова мен Гүлнәр Буебаеваны қоссақ, бұл команданың беделі айқындала түсері хақ.
Араға біраз жыл салып сол қысылтаяң шақта Павлодар телестудиясына жаңа түрлі түсті жабдық әкелудің әлегі аз болмаған көрінеді. Тұңғыш төрағаның тапқырлығы мен табандылығы арқасында бұған қол жеткенін ырза көңілмен атап өткеніміз орынды. 1970 жылдың бас кезінде Павлодар облыстық партия комитетінің 1-хатшысы М.И.Буров болатын. Х.Тоқпанов Мәскеуге кезекті мәжіліске барған бір сапарында Орталық Телерадиода болған отырыста сол Буровтың курстас досымен жолы-ғып, таныса келе өзінің Павлодарда жаңадан ашылған телерадиокомитеттің төрағасы екенін айтып, телеорталықтың құрылысына кіріскенін, әңгіме қызған кезде түрлі түсті теледидар жабдығын алуға көмек көрсетуін де өтінеді. Материалдық-жабдықтау басқармасында істейтін ол уәде береді. Алматы арқылы жіберуге жәрдем жасап, ақырында көп уақыт өтпей Павлодар әуежайына жеткізіледі. Мұны естіген КСРО телевидение және радио хабарларын тарату жөніндегі Мемлекеттік Комитеттің төрағасы Сергей Лапин мырзаның өзі таң-тамаша қалады. «1 миллион тұрғыны бар Омбы қаласының тұрғындары түсті теледидар көрмей жатқанда, Павлодарға қалай береміз» деп ашуға булығады. Келген ізімен кері қайтаруды талап етеді. Болған мән-жайды обкомға жаңадан келген 1-хатшы Б.Исаевқа жеткізген екен. Сосын барып қана КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде өкілдігін пайдаланған ол әңгімені насырға шаптырмай тігісін жатқызады, яғни қиын мәселе жауапты басшылар арасында өзара түсіністіктен соң шешімін табады. Соның арқасында самолеттегі тиеулі түрлі түсті теледидар жабдығы түгелдей Павлодарға түсіріледі. Дереу студияда монтаждалып, орын-орнына орналастырылады. 1975 жылы түрлі түсті жабдық осылай қолға тиген-ді. Міне, бұл расында Хамза Тоқпановтың ерлігі десе артық мадақтау емес. Мұны жерлестеріміздің көбі білмейді де. Сөйтіп, елімізде бірінші рет көгілдір бейне арқылы телехабар көру, облыстар арасында Алматыдан кейін Керекулік көрермендерге бұйырды.
Ал осы су жаңа жабдықты шеберлікпен кәдеге жарату үшін бүкіл инженер-техник қызметкерлер жұмыла кірісті. Монтаждау жұмыстары қысқа мерзімде тыңғылықты жүзеге асырылып, индустриалды Павлодар қаласында, облыстың көптеген аймақтарында тұңғыш рет түрлі түсті теледидар бейнелері көрсетілді. Бас инженер Владимир Гуссардың іскерлік-ұйымдастырушылық қабілеті осы кезде әр қырынан танылғанын айтқан орынды. Білікті маман тележурналистерді жаңа технологияны игеруге, одан жатырқамай батыл іс-әрекет жасауға баулыса, шығармащылық топ та уақытпен санаспай, үйрене білді. Арнаулы оқу сабақтары өтті.
Орыс редакциясында Вадим Бороздин, Ольга Иванова, Анна Фишер, Тамара Карандашова, Лилия Лещинская, Зоя Бутэрус секілді тележурналистер алғашқы күннен бастап телеоператорлармен бірлесе еңбек етудің қыры мен сырын меңгеріп кетті. Бірінші бас суретші Павел Георгиевич Величконың есімі әрқашан құрметпен еске алынады. Әр хабарды әсемдеп, безендіріп, көркемдеуде эфирді гүлдендіріп жіберетін.
Енді Айтпай Мұздыбаев, Нәскен Ғаббасов, Есентай Ерботинмен бірге редакторлар қатарын Нөгер Біләлов, Тұрсынбай Ибадуллин және Шолпан Байғалина толықтырып, қазақ редакциясының әр шығарылымы мазмұны тереңдеп, көркемдік жағынан байи түскені сөзсіз.Оларды 70-80 жылдары шарайнаға үзбей үңіліп жүрген телекөрермендер жақсы біледі. Рахат Балтабаев пен Тұрсынбай Ибадуллиннің «Дала шұғыласы», Майра», Нәскен Ғаббасовтың «Адам және заң», «Индустрия тынысы», Шолпан Байғалинаның жастар өміріне арналған «Құрдастар» бағдарламасы эфирден жиі көрінді. Бұл шығарылымдардың көбі республикалық арнадан беріліп жатты.
Бірінші телеоператорлар Владимир Масленников, Виктор Козюра, Виталий Иклатый, Виктор Бутэрустың, ізінше Тоқтар Ахметов, Сұлтан Жолдасов сияқты ұлттық телеоператорлар келіп, аз уақыттың ішінде мамандыққа тәрбиеленді. Дыбыс режиссерлрі Нәсипа Айтпаева, Галина Светюха, Татьяна Иодко жауапкершілікпен жұмыс істей білді.
Теледидардың қатпар-қатпар тыңын игеруге жасқанбай кіріскен, шеберліктері мен жинаған азды-көпті тәжірибесін ортақ игілікке айналдырған шығармашылық ұжым уақыт сынына мойымай, бірте-бірте ілгері асуларға батыл бет бұрғанын өмірдің өзі көрсетіп келеді. Қорыта келгенде, облыстық ТВ-нің қалыптасу, тоқырау және қайта өркендеу жылдарға айналғанын кейінгі зерттеу мақаламызға қалдырғанды жөн көрдік…
Социал Әйтенов,
Ардагер тележурналист, Май ауданының
Құрметті азаматы.