Тәуелсіздікұлттың, тілдің, дәстүрдің, салтсананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы. Қазақ Елі үшін, қазақ халқы үшін тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес. Халқымыз бостандықты аңсап, Тәуелсіздікке зарығып жетті. Арысы қазақ хандығынан бастап берісі егеменді елдің іргесіне дейінгі көшті жалғастырып келе жатқан, атадан тараған ұрпақтың парызы.

 

Жәнібек пен Керейдің керген керегесін кілемүсті көтеріп, Отанды қастерлеп өту – әрбір ұрпақтың міндеті. Қазақта «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл» деген сөз бар. Орманы жоқ құстың ұясы да, қонар бұтағы да жоқ. Дәл сол секілді тірлік кешу ортасы жоқ ұлттың өмір сүруі мүмкін емес. Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн. Міне, осы ұлы күннің жалауын нық орнатуға бар күш–жігерін аямай, намысы мен жігерін жасытпаған күрескер аға–апаларымыз болды. Тоқырау кезеңінің идеология-сында орыстандыру саясаты басты бағыттардың бірі болып қалыптасты. Хрущевтік-Брежневтік әкімшілік әлемнің алтыдан бір бөлігін алып жатқан жерде тарихи жаңа қауымдастық – кеңес халқын жасау ниетін көздеді. Коммунистік әкімшіліктің «халықтардың мызғымас достығы», «ұлттар мен ұлыстардың жақындасуы және бірігуі» туралы тезистері жүзеге асырылып жатты. 1960 жылдардың ішінде Мәскеуде қазақ студенттерінің тұңғыш ұлттық-демократиялық бейресми ұйымы – «Жас тұлпар» құрылды. Басты ұйымдастыру-шысы – Мұрат Әуезов. Көмекшілері А.Қадыржанов, Б.Тайжанов болды. Мақсаты: бұқараның ұлттық санасын ояту, жоғарғы органдарға ұлт қатынастарына қатысты нақты ұсыныс айту. «Жас тұлпар» ұйымы алғашқыда 800 студентті біріктірді, кейін Алматы, Ақмола, Шымкент, Ленинград, Киев, Одесса, Ригада құрылды. Қарағандыда «Жас қазақ», Семейде «Тайшұбар» деп аталды. 1970 жылдары ұйымның ықпалымен «Гүлдер», «Дос-Мұқасан», «Айгүл» ансамбльдері құрылды. Ал Павлодарда осы ұлттық жалынның ұшқыны болып, 1969 жылдың қазан айында «Жас ұлан» ұйымы құрылды. Ұйымға «комитет» аталған басқару органы басшылық жасады. Жиындарда ұйымның жарғысы қабылданып, іс-шаралар жоспары жасалды. Комитетте үгіт-насихат, мәдени-бұқаралық шаралар, әкімшілік, шаруашылық, байланыс бөлімдері жұмыс істеді. Ұйымның әрбір мүшесінен 50 тиын мөлше-рінде жарна жиналды. Бұл қаржы ұйым жұмысына қажетті кеңсе тауарларын сатып алуға және жол жүру шығынына жұмсалған. Комитет мүшелігіне мына жасөспірімдер енді: төраға – Қаниев Арман, төрағаның орынбасары – Бейсекеев Рәшит (1954–1990 ж.ж.), мүшелері Кәженов Қайролла, Кәкежанов Болат, Құсайынов Сембай (1954–2005 ж.ж.). Кейіннен комитетке Ғабдылғазизова Күләш, Әлиева Гүлбаршын (1955–1975 ж.ж.), Жүнісова Айгүл (1954–1991 ж.ж.) енген. Махметова Алтын жарналарды жинап, есепші міндетін атқарса, Жүнісова Айгүл отырыстардың хаттамаларын толтырумен айналысты. Мына жасөспірімдер ұйымының мүшелері болды: №3 мектеп-интернаттың оқушылары – Қабылбеков Қайрат, Оспанова Әлия, Беков Ахмет, Махметова Алтын, Мусин Саниял, Сексенбаев Дүйсенғали, Таттин Бәкібай, Қарағаев Абай, Жандосова Күләш, Сағынаева Қайырпану, Абдығалимов Шеризат, Амантаев Уахит; Ермак (қазіргі Ақсу) қаласы №1 орта мектептің оқушылары – Жамалбаев Бақыткерей, Жапаров Қайыргелді; Павлодар ауданы Қызыл қоғам кеңшары орта мектебінің оқушысы – Нұртазин Нұрболат; Красноармейка станциясы ауыл шаруа-шылығы техникумының студенті – Бектұрғанов Бақытбек. Мына жасөспірімдер «Жас ұлан» ұйымына тілектес болған: №3 мектеп-интернаттың оқушылары – Төлеубаев Зәкір, Ташмұхамедова Шолпан, Асанбаев Қаршыға; Ермак қаласы №1 орта мектептің оқушысы – Темірбаев  Серік; Май ауданы Белогорье (Көктөбе) орта мектебінің оқушысы – Сәрсенбаев Асқар; Ермак қаласы №164 ҚКТУ оқушысы – Рысымбетов Қайырбай. Бұл есімдер біз үшін қастерлі! Сол заманда жеткіншек жастар болса да, арыстай азаматтар сияқты, Алаш қайраткерлерінің ізбасарлары ретінде санамызға рухани күрес әкелді. Сол күрестің басты ұйымдастырушысы, сөзі оқ, жаны от Арман Қани болатын. Арман Қани – Жаяу Мұсаның жиеншары және Мәдидің аталас ағайынының ұрпағы. Арқаның екі бірдей күрескер ақын-композиторын өмірде де, ақындық шығар-машылық кеңістігінде де өзіне үлгі тұтқан ұлтжанды күрескер ақын. Ақын ғұмыры қысқа болды. Оның өмірі шырғалаң мен шындықтың арасында өтсе де, Еркіндік, Бостандық, Ақиқат пен Шындық әлемінде туы биік тұрды. Ол қазақ ұлтының бұғаулы санасына көнгісі келмеді. Содан болар, 15 жасында–ақ «істі» болды. Бұл жол оның ақ арманының үлбіреген гүлін де ерте үзді. 1974 жылы әскери міндетін атқарып келген Арман Қани Май ауданындағы Чапаев кеңшарында (қазіргі Саты) жүргізуші, құрылысшы болып істейді. Бұл кезде әке-шешесі сол ауылда тұратын. Чапаев орта мектебінің 10-сыныбын өндірістен қол үзбей сырттай оқып бітірді (1976 ж). Қанында сөз өнеріне жақын дауасы бар Арман ағамыз кеш болса да,1995 жылы өзіміздің студентіміз болып, С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті факультетін де сырттай оқып тәмамдады. Оның арманы еліміз Тәуелсіздік алғанда орындалды. Ол қоғамда белсенді болып, Ертіс–Баян өңірінің, тіпті республикалық кеңістіктегі іс–шаралардың басы-қасында жүріп, азаматтық–ұлтжандылық көзқарасын батыл танытты. Мәселен, 1986 жылы Алматыда Желтоқсан оқиғасы басталғанда бірнеше серігімен бірге желтоқсаншыларға үн қосуға әрекеттенген. 1989 жылдың ақпанында аса көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық қаруларды сынау жұмыстарын дереу тоқтату жөніндегі Ашық мәлімдемесін бірден қолдады. Атап айтқанда, қаланың орталық алаңына таяу жерде, Дзержинский (қазіргі Сәтбаев) көшесі бойында қолына плакат ұстап тұрып, сынаққа қарсы талапхатқа он мыңдаған бейбітшіл адамға қол қойдыру ісін жүзеге асырды. 1990-1991 жылдары «Невада-Семей», «Азат» қозғалыстарының, «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымдарын құруға белсене атсалысты. Май ауданында өткен антиядролық митингілерге, Ермак қаласындағы атаман Ермак ескерткішінің алынуына байланысты өткізілген митингіге облыс телерадиокомитетінің тілшісі ретінде қатысып, телерадиохабарлар дайындады. Сондай-ақ кеңестік кезеңде тыйым салынған қазақ тілі, ислам діні, халық медицинасы тақырыптарын қолға алып, хабарлар топтамасын жүйелі жүргізді. «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының «Ертіс дидары» газе-тінде тілші, редактор болып істеген кезінде қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебесінің жоғары болуы туралы, қала, облыс  көшелерінің аталымы туралы ономас-тикалық мәселелерді, қазақ балабақшалары мен қазақ мектептерінің ашылу сапасы сияқты сыни ойларымен тұрақты бөлісіп, сыни мақалалар жариялап тұрды.  Арман ағамыздың шығарма-шылық тынысы да кеш ашылды. Бала кезінен өлең жазып, шығарма-шылық қарымы қуатты болса да, бір кезде комсомол қатарынан да, мектептен де шығарылып, саяси сенімсіз адам ретінде қудаланған, өлеңдері аудандық газетте де жарияланбаған Арман Қаниға тағдыр керемет тосын сый дайындап қойған екен! 1982 жылдың 6 тамызы күні «Тамшылар» атты топтама өлеңі «Қазақ әдебиеті» газетінде әйгілі ақын, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Жұмекен Нәжімеденовтің алғысөзімен жарық көреді. Міне, сәттілік! Алмас қылыш түпте жатпас дегендей, бұдан соң 1983 жылы Қазақстан шығармашыл жастарының «Жігер» фестиваліне  қатысып, дипломант атанды. Осылайша, Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан комсомолы ұйымы бірлесіп өткізген фестивальда жас ақынның бағы жанды! Арман ағамыздың топтама өлеңі қазақтың тарлан ақыны, Қазақстанның Халық жазушысы Қуандық Шаңғытбаевтың сәт-сапар тілеуімен 1985 жылы «Жалын» журналында жарық көрді. Ақын қаламы қайраттана түсті, ғасырлар бойы Қазақ елі аңсаған Тәу етер Тәуелсіздік күрескері мен жыршысы болды. «Ар алдында» атты алғашқы жыр жинағын қазақ поэзиясының тағы бір көрнекті өкілі, Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев жоғары бағалады. Осы жинағы үшін оған 2001 жылы Павлодар қаласы шығармашыл зиялыларының «Қауышу» слетінде «Жылдың үздік ақыны» атағы берілді. Ал 2008 жылы Алматы қаласында өткен «Бір өлең – бір әлем» республикалық мүшәйрасында І орын жүлдегері болса, 2008 жылы Керекуде облыс пен облыстық радионың 70 жылдығына арналған «Туған жер – алтын діңгек» республикалық мүшәйрасының жеңімпазы атанып, бұл шарада қазылар алқасына төрағалық еткен Фариза Оңғарсынованың жоғары бағасын алады. 2005 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданып, БАҚ–та қоғам және ұлт үні бола білсе, 2012 – 2020 жылдары Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры қызметін атқарды. Өңіріміздің жас ақындарының қаламдарының қарымды болуына ағалық тілек-бағдарын көрсетіп, ақындық әлемнің тылысым құпия-ларынан сабақ береді. Арман ағамыздың шығарма-шылық орбитасы ерекше. Кеңес одағының ыдырау кезеңіндегі саяси оқиғаларды кәсіби саясаткерлер тәрізді зерделеп, күрескер ақын ретінде өршіл рухпен жырлады. Саяси-азаматтық, діни-философиялық, сыршыл-махаббат жырларында қазақстандық патриотизм, отаншылдық, туған жерге деген сүйіспеншілік пен адамдарды құрметтеушілік сезімдері дәріптелген. Өмір, адам, қоғам, заман жайындағы байыптаулардан құралған азаматтық, фило-
софиялық туындыларында қоғамның көлеңкелі тұстарын да ашып көрсетті. Оның әр жинағының атауы мен мазмұны бір–бірімен астасып, адам санасының құлдықтан арылуына, рухани дәрмені күшті болуына себепкер еді. Оның «Ар алдында», «Қызыл түнектегі ақ бұрқақ», «Тамшылар», «Шындықпен бетпе-бет», «Жұлдызды тұман», «Сен және мен», «Үйлесім», «Баянауыл жырлары», «Қарашығымдағы бейнелер», «Кереку жырлары», «Туған жер төсінде», «Замандастар» жинақтары әр жылдары жарық көріп, ұлттық санамыздың жаңғыруы мен қуат-тануына маңызы зор болды.

Олардың орны қалды үңірейіп,

Әйтсе де, «Рухы өлмейді,

                           тірі…» – дейік.

Енді өзім бас-көз болып

                                      Керекуге,

Отырмын төрде

               желкем күдірейіп…
деп Арман ағамыз өзінен бұрын өткен күрескер ұлт жанашырла-рының арман–тілегін орындауды өз борышы деп білсе, енді өкінішке қарай, ортамызда жоқ Арман ағамыздың күрескерлік рухы мен бүгінгі қазақ ұрпағына артқан үміті ақталса дейміз.

Аруақты ердің жолымен жосылар лек,

Дұға оқиды молама

                               осылар тек.

Келеді іздеп үйімді

                             жас ақындар,

Өлең-жырдың ордасы

                           осы ма деп?.. – деген үмітін бүгінгі жас сөз өрен-дері жалғастыратынына күмәніміз жоқ!

Бір жыл өтті… Бір жыл Арман ағамыздың бейнесі шындықтың шарайнасынан көрінбеді. 17 желтоқсанда Желтоқсандықтарды жинап, еске алу рәсімін ұйым-дастыратын күрескерлік рухы мен 31 мамырда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Тәуелсіздіктің қымбат қасиетін дәріптейтін жалынды сөздерін биыл естімедік. Бір жыл жаңа жазылған өр–жалынды жырларын оқи алмадық, ел болашағы туралы өзекті мәселелерге жазылған батыл ұсыныстарын көре алмадық. Амал нешік, сұм ажалға қарсы дәрмен жоқ! Бірақ үміт бар, Арман ағамыздың жырын жатқа оқитын ұрпағы бар, шығармашылығының маңызы мен мәнін танытар әдеби орта мен ғылыми әлеует бар. Шаңырағының берекесі мен мерекесінің жылуы мен шуағын сақтар жары Бақыт апайымыз, Дана, Дариға қыздары мен күйеу балалары, үмітін ақтар немере–жиендері бар. Сөз жоқ, ақын ғұмыры жалғасады.

Сырласса да өлілермен, тірімен,

Түк түсінбей өтер

                           Арман Қани бұл.

Енді өзіңнің жүрегіңнің түбінен

Шындықты іздеп,

Ақиқатты тани біл!

…Оспадар қоғам осқылап

                   қанды сауырын,

Арқырап зулап келеді

                           тарпаң Дәуірім.

Азамат болсаң,

Адамзат үшін жауап бер!..

Ар-ұжданыңның алдында

Сен де, бауырым.

…. Иә, Ақиқаттың ары болған Арман аға, Ар–ұждан алдында шындық жауынгері болуға сенім білдіреміз! Ғұмырының бар мәнін Қазақ қоғамының тазалығы мен намысына, рухына арнаған Арман Қани ағамыздың жарқын бейнесі –
мәңгі жүрегімізде! Жаныңыз жаннатта болсын!

Айман Зейнулина,

Торайғыров университеті «Үштұғырлы тіл»

кафедрасының меңгерушісі,

ф.ғ.к., профессор,

«Құрмет» орденінің иегері.