Қазақ даласы алтын мұралардың сыр сандығы іспеттес. Алтын адамнан бастап түрлі ежелгі қазақ болмысын танытатын, тарихтан сыр шертетін түрлі мұралар табылып, мұражайларда сақтаулы тұр. Бірақ бар уақытын қазу жұмыстары мен сыры белгісіз далаға арнайтын археологтардың есімдерін бірі білсе, бірі біле бермейді. Сондай азаматтардың бірі — Мир Қадырбаев.
Мир Қадырбаев – археолог, ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты. Бірнеше жыл Орталық Қазақстан археология экспедициясының Қаратау тобын басқарған. Орталық Қазақстанда ерте көшпелілер археологиясын зерттеп, «Тасмола мәдениетін» бөліп көрсетті. Қола және ерте темір дәуірлеріне жататын ежелгі металлургтер, малшылар мен егіншілер ескерткіштерін зерделеді. Оңтүстік Қазақстан жеріндегі петроглифтер шоғырын талдап, байырғы халықтардың дүниетанымын, мәдениетін саралады. 60-тан астам ғылыми еңбек пен ғылыми-көпшілік зерттеудің авторы. Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері. Атақты ғалым, археолог Қазақстан мен Еуразия археологиясында жарқын із қалдырды және Еуразияның археологиялық картасында Орталық Қазақстан және Тасмола археологиялық мәдениеті деп атаған тұтас дәуірді зерттеу экспедициясының жетекшісі болды. Аталған ескерткіш ашылғаннан кейін Тасмола тарихи-этнографиялық қоғамдастығы деп аталды. Тасмола деп аталатын Орталық Қазақстанның ерте темір дәуірінің археологиялық мәдениетін ашу және зерттеу оның есімімен байланысты. Өз тарихының алғашқы кезеңінде (б.з.д. VIII -VI ғғ.) тасмолалықтар Сарыарқадан тыс аумақты алып жатты. Батыста олардың иеліктері Оңтүстік Оралдың кеңдігін қамтыды, шығыс шекарасы Ертіс бойымен өтті. Солтүстігінде олар Батыс Сібірдің орманды дала аймағының оңтүстік шетіне, оңтүстігінде Балқаш көлінің ендігіне дейін жетті. Тасмола тарихи-этнографиялық қауымдастығының шекаралық аудандарында жергілікті нұсқалар бөлінді: Оңтүстік Оралда Бобров — тасмолалық, Солтүстік Қазақстанда Ұлубаев — тасмолалық. 1957 жылдан бастап Орталық Қазақстан экспедиция құрамында ерте темір дәуірін зерттеушілердің жеке тобын басқарған Қадырбаевтың 1959 – 63 жылдары Екібастұз ауданындағы Шідерті өзені бойындағы Тасмола, Қарамұрын, Нұрмамбет зираттарында жүргізген қазбалары шешуші нәтижелер берді. Жинақталған материалды қорытындылай келе, Қадырбаев 1966 жылы Сарыарқада сақ заманында гүлденген жаңа археология мәдениетін жариялап, оны Шідерті бойындағы аса құнды деректер берген Тасмола алқабының атымен байланыстырды. Қазіргі сипаттамалар бойынша Тасмола мәдениетінің негізгі ескерткіштері түріне обалар, «мұртты обалар», қоныстар, кен орындары, петроглифтер жатады. Қоныстарға байланысты тың деректер ғылыми айналымға жаңадан еніп отырғандықтан, Тасмола мәдениетін сипаттауда осыған дейін тек жерлеу ескерткіштері, яғни обалар басты орында болды. Ғалымдар пікірлеріне сәйкес, қазақтың қатпарлы таулары толығымен Қазақстанның өз ішінде, сыртқы көршілермен жапсарлас шекаралық өлкелерден тыс жатқан далалық географиялық аймақ болғандықтан, бұл аумақтың мәдениеті алдымен жергілікті алғышарттар негізінде өмір сүрді. Ертеден қалыптасқан дәстүрлі пікір Тасмола мәдениетін Иран тілдес тайпалармен байланыс-тырады. Сонымен бірге, оны байырғы түркілерге жатқызатын көзқарастар бар. Еуразияның басқадай скиф-сақ мәдениеттерінде ұшыраспайтын ерекше ескерткіштер болып саналатын «мұртты обалар» семантикалық тұрғыдан ортағасырлық түркілердің тас балбалдар қатары шығысқа тартылған ғұрыптық қоршауларына біршама ұқсас. Жылдар өтсе де, аталған ескерткіш орындарында зерттеу жұмыстары жалғасуда.
Айнұр КУНАФИНА,
«Ертіс» мультимедиялық музейінің бөлім басшысы, Павлодар қаласы.