Қайраңға ұрынған қайық

Қаз 9, 2025

Уақыт ұзаған сайын, соңында іздеушісі жоқ талай жақсының есімі жадымыздан өшіп, көңілімізден көшіп барады. Сондай адамдардың бірі – қуғын-сүргін құрбаны, жазушы, аудармашы, ақын, сатирик, сазгер Қадыр Тайшықов. Қадыр – Баянауладағы Әулиелі Қызылтау елінің тумасы және жазушы Жүсіпбек Аймауытовпен аталас туыс болып келеді. Жүсіпбектің ұлы атасы Дәндебай мен Қадырдың үшінші атасы Ноғай — бірге туған ағалы-інілі адамдар.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің жазбаларында Қуан бай Танашбайұлы деген кісінің атын бірнеше жерде атап өтеді. Осы Қуан байдан — Молдабай, Дәндебай, Ордабай, Ноғай атты төрт ұл туған. Жүсіпбек осы Дәндебайға немере  болса, Қадыр Ноғайға шөбере болып келеді.

Жүсекең өзінің «Күнікейдің жазығы» хикаятында Ордабай деген бай ауылының көшін суреттейді ғой. Сол Ордабай – Дәндебайдың інісі, осы жолдардың авторының төртінші атасы болады.

Жоғарыда аталған Ноғайдан — Тайшық, одан — Баспақ, Баспақтан Қадыр мен Насыр туады. (Әдебиет пен журналистикада, театр өнерінде ізін қалдырған Насыр Ноғаев деген адам Қадырдың туған інісі, Екінші дүниежүзілік соғыстан оралмаған).

Қадырдың арғы бабасы Ноғай, ұлы атасы Тайшық, өзінің әкесі Баспақ — заманында ырысы ортаймаған, босағаларынан құт арылмаған адамдар. Қазақ даласында сыртқы округтер ашылып, болыстар құрылған соң, Ноғайдың өзі
және ұрпақтары — кезекпен Күлік — Қызылтау жерінде болыс басқарып, ел алдында жүрген кісілер.

Мысалы, Ноғай Қуанұлы 1872-1884 жылдар арасында Баянауыл сыртқы окургіндегі Атағозы болысын басқарған. Одан кейін бұл лауазым баласы Тайшыққа ауысады. Тайшықтан соң осы болысқа Қадырдың әкесі Баспақ Тайшықұлы иелік етеді. Дегенмен, осы «бай-болыстың ұрпағы» деген таңба Қадыр мен оның інісі Насырдың маңдайына сор болып жабысып, бірі Қиыр Шығыста айдауда жүріп атылса, бірі Ұлы Отан соғысынан оралмаған…

Әулие Мәшһүр Жүсіп тарих түгендеп, шежіре жинап бес жылға жуық Орта Азия мен Сыр елін аралап жүргенде, жасы келген Тайшық болыс қайтыс болып кетеді. Мәшекең осы ұзақ сапарынан елге оралғасын Тайшықтың ұрпақтарына ұзақ өлеңмен көңіл айтқан екен.

«…Өлім бар құтқармайтын    қанды қапқан,

Тайдырған патшаларды алтын тақтан.

Айырылып қапсың, жұртым, амал бар ма,

Өзі берік, өзі жүйрік арғымақтан!

 

Жарқырап мыңнан шыққан    тұлпар еді,

Ішінде ителгінің сұңқары еді.

Сескенген әрбір дұшпан айдынынан,

Көрген де, көрмеген де іңкәр еді», — деп келетін шумақтарынан Тайшықтың Баянаула елінде екінің біріне қосылған белгілі адам болғанын байқаймыз. Тайшықты сол уақытта Баянаула — Қызылтау елі «Көкжал Тайшық» деп атаған.

Енді Қадырдың өзіне келер болсақ, өкінішке орай, ондай қаламгердің болғанын бүгінде арнайы ізденген кісі болмаса, көпшілік біле бермейді. Қуғын-сүргінге ұшыраған талай жақсылар ақталып, қатарға қосылып жатқанда, Қадыр Баспақұлы есімі әлі де көзден тасада қалып келеді. Уақытында проза, поэзия, сатира, балалар әдебиеті, көркем аударма секілді жанрларда бірдей қалам тартқан Қадырдың жан-жақты дарын иесі болғанын өзінің замандастары, белгілі тіл ғалымы Бейсенбай Кенжебаев пен жазушы Жайық Бектұровтар еске алып жазады.

Бейсенбай Кенжебаев Қадыр жайлы естелігінде былай дейді: «… Ол қазақтың бұрынғы тұрмыс-жайын, әдет-ғұрпын, әдебиетін, ән-күй, музыкасын, мінез-құлқын, тілін, сөз байлығын жақсы білетін еді. … Екеуіміз 1930-1932 жылдары Алматыда «Еңбекші қазақ» редакциясында, 1932-1933 жылдары Шымкенттің «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында 1933-1935 жылдары Алматыда баспа орындарында бірге істедік. Ол 1937 жылы ұсталып кеткенге дейін баспада, Қазақстан Жазушылар одағында жұмыс істеді, белгілі журналист, жазушы еді.

Бірге қызметтес болудан бөлек, Қадыр екеуіміз тату-тәтті дос болдық. Үнемі дерлік бірге жүріп, бірге тұрдық, бір-біріміздің үйімізге жиі қатынадық, ойлаған ойымызды, жазған нәрсемізді ақылдасып, бірге талқылайтын едік.

Үйіне барғанда үнемі көріп, әңгімелесіп жүріп білдім, Қадырдың әкесі Баспақ ақсақал заманында біраз дәулетті болған, әйгілі би, саятшы, домбыра жасайтын ұста екен. Қазақтың арғы-бергі шежіресіне, тұрмыс-салтына жетік еді. Аң, құс жайын, саятшылықты, қол өнерін жақсы білетін, өте сөзшең, шешен кісі болатын», — дейді.

Бейсекең Қадыр жайлы тағы да: «Сонымен бірге Қадыр өз жанынан ән-күй шығаратын. Оның сол кезде-ақ бес-алты ән-күйі бар еді. Олар: «Тасқын» (күй, радиодан жиі берілетін); «Партизан жыры» (ән, «Жалбыр» операсында айтылады); «Полк әні» (Қазақ атты әскерінің 15 жылдығына байланысты шығарылған); «Комсомол әні» (сөзі Өтебай Тұрманжановтікі, (кезінде Жүсіпбек Елебеков, Қуан Лекеров орындайтын)», — деп жазады.

Бейсенбай Кенжебаев пен Қадырдың достығы жайлы әдебиетші ғалым Құлбек Ергөбек: «Бейсекең Шымкентке «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакторы болып барғанда, Қадырды өзімен бірге ала кетіп, редакцияның ауласында киіз үй тігіп, ол отбасымен сонда тұрған екен», — дейді.

Енді Қадыр жайлы қысқаша айтар болсақ, Баянның Қызылтауында 1900 жылы дүниеге келген ол әке дәулетінің арқасында Баянаула мен Керекудің, Қарқаралының школаларында оқып, біраз білім алады.

Бір айта кететін жайт, Қадырдың бұрынғы жазылған өмірбаянында «қызметін 1928-32 жылдары бастады» деп жазылады. Дегенмен, ол қызмет жолын одан сәл ертерек бастаған. Атап айтсақ, 1920 жылдардың басында Қаныш Сәтбаевтың Баянауыл жерінде судья болғанынан хабардармыз. Сол уақытта Қадыр судья хатшысының көмекшісі болған екен. Құжаттарда: «Сәтбаев Ғабдылғани (Қаныш) — халық судьясы; Әмірханов Мешіт — хатшы; Тайшықов Қадыр —
хатшының көмекшісі; Хабибуллин Сейфолла — хатшының көмек-шісі; Меңдібаев Зікірия — кеңсе қызметкері; Қожанов Әділхан — курьер; Хамзин Тайлаш — курьер»,
— деп көрсетіледі.

Осылай Қаныштың қасында аз уақыт еңбек етіп, тәжірибе алған Қадыр Семейге барады. Өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдары қазақ зиялыларының ішінде Семей топырағын баспағаны кемде-кем. Семей ол кезде жарыққа ұмтылған көбелек секілді, ғылым мен білім іздеген қазақ баласының бас қосатын рухани орталығы болғаны әркімге аян. Бұл жерді Қадыр да айналып кете алмаған. Семейдегі мұрағатта Қадырдың губревкомда аудармашы болып істегені жайлы құжат сақталған. Датасы 1925 жылдың 4 қазаны деп көрсетіліпті. Жиырмасыншы жылдары бұл жерде Нәзипә Құлжанова, Кәрім Тоқтыбаевтармен бірге Жүсіпбек Аймауытов та аудармашы болып еңбек еткен. Кейін Жүсіпбек губернияның «киротделіне» Мұхтар Әуезовтің орынбасары болып ауысады. Сол кезде аталас туысы Қадырды өзінің орнына қойып кетуі әбден мүмкін. Қадыр Семейде тек аудармашы болып қана қоймай, тырнақалды туындыларын жазып, сол жердегі басылымдарға берген. Және болашақ аудармашы-әдебиетші осы жерде алғаш орыс тіліндегі құжаттарды тәржімалап, аударма ісінен біраз тәжірибе жинақтаған секілді.

Дегенмен, білім алсам, оқысам деп арман қуған Қадыр Семейде көп аялдамай, 1926 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетіне барып түседі. Бірақ оны аяқтауға мүмкіншілігі болмаған. 1928 жылы оның соңынан «бай баласы» деген қағаз келіп, оқудан шығарылады.

Сөйтіп, Ташкенттен қайтып келгесін, оның тұтқындалғанға дейінгі 9 жылдай ғұмыры тек әдебиет пен баспасөз төңірегінде өткен. Сол жылдары Қадырдың сатиралық әңгімелері, өлеңдері  «Еңбекші қазақ», «Лениншіл жас» және Семейде шығатын «Қазақ тілі» газеттерінде, «Жаршы», «Жаңа әдебиет», «Балға» журналдарында үзбей жарияланып тұрады.

1927 жылы «Еңбекші қазақ» газеті сатиралық шығармаларға арнайы конкурс жариялап, оған 103 фельетон түсіп, соның 12-сі бәйгеге іліккен екен. Осы дүбірлі жарыста Бас бәйге — «Мұсылман ұлының қамшысы», «Үш тарау», «Меруерттің сыры» атты туындылары үшін Қадыр Тайшықовқа беріледі. Екінші бәйгені Аманғали Сегізбаев алса, үшінші бәйге Бейімбет Майлинге тиіпті.

Қадырдың өндірте айналысқан бір саласы — көркем аударма. Сол уақытта ол Н.Гогольдың «Өлі жандар», «Шинель» секілді шығармаларын, Д.Фурмановтың «Чапаев» романын, А.Чеховтың, орыс сатиригі М.Зощенконың әңгімелерін, М.Кольцовтың «Иван Вадимович өз дәрежесіндегі кісі» атты туындысын аударады.

Қадырдың аударма саласындағы аталмай жүрген тағы бір еңбегі – М.Шолоховтың «Көтерілген тың» романы. Осы эпопеяның бірінші томын ол белгілі аудармашы Хасен Өзденбаевпен бірігіп аударған. Бүгінде Алматыдағы Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар қорында Қадырдың сол уақытта шыққан кітаптарының бір-бір данасы сақтаулы. Мен сол жерден «Көтерілген тыңның» қазақша аудармасын тауып алып, бетін ашсам, «аударғандар: Х.Өзденбаев… деп» және екінші бір адамның аты-жөні қара бояумен сызылып тасталыпты. Қалта орамалымды сулап алып, ақырындап бояуды өшіріп көріп едім, астынан «Қ.Тайшықов» деген жазу шыға келді. Сол кездегі қатыгез саясат  еш жазығы жоқ азаматтың аты-жөнін өзі аударған кітаптардың бетінен де өшіріп тастаған екен.

Бұдан бөлек 1935-37 жылдары Қазақстан көркем әдебиет баспасынан Қадырдың «Күлмеске не?» деген сықақ әңгімелер мен фельетондар жинағы және «Октябрь ұшқыны», «Аңшы Қалжан» атты позалық кітаптары басылып шығады.

Осылай әдебиет пен баспасөз саласында азғана уақыт қана еңбек еткен Қадыр «ұлтым» деген талай жақсының жолын кескен қуғын-сүргіннің қанды қасабынан аман құтыла алмайды. 1937 жылдың желтоқсан айында жаналғыштар-
дың құрығына ілініпті. Сол күні Қадыр мен әкесі Баспақ екеуі бірдей ұсталып, Алматының түрмесіне жабылады.

Жазушы Жайық Бектұров «Сәкеннің соңғы сәттері» деген естелігінде Сәкен Сейфуллиннің жары Гүлбаһрам анамыздың мынадай тағы бір дерегін келтіреді: «…Лек-лек қызыл вагондар этапқа жүргізіліп жатыр деседі. Жұрт солардың терезелерін, есіктерін аңдиды. Бұл эшелоны түскірлер вокзалдан әрі, шеткері тұрады екен. Іштеріндегі адамдар дауыстап, өздерінің аттарын атайды. Гогольдің «Өлі жандарын» аударған Тайшықов Қадыр дейтін әлі жасырақ жазушы болатын. Сол жігіт бірде қызыл вагон терезесіндегі газетті тырнағымен жыртып, станция жақтағы көп әйелге өзінің атын көрсетіпті. Оны сол үйдегі келініміз Әшіре өзі айтты», — дейді. Міне, Қиыр Шығысқа бет алған осы сапардан Қадыр Баспақұлы қайтып оралмайды…

Қадырдың жұбайы Әшіре Мырзабекованың айтуынша, ол айдалып кетіп бара жатып, жол бойы шылымның жұқа қағазына хат жазып, әйелінің мекенжайын көрсетіп, тоқтаған жерде вагон терезесінің саңылауынан сыртқа тастап отырыпты. Құдайға қараған біреулердің қолына түссе, әрі қарай салып жіберер деген үміті ғой. Ақыры Семейде тастаған осындай бір хаты Алматыдағы жарына жеткен көрінеді. Онда Қадыр өзінің Шығысқа қарай кетіп бара жатқанын жазады. Әшіре шешеміздің айтуынша, 1938 жылдың екінші жартысынан былай қарай, Қадырдан хат-хабар біржола үзіледі. Одан кейінгі тағдыры белгісіз…

Әшіре Мырзабекова — Қазақ қыздар институтының тұңғыш ректоры болған Тұрсын Мырзабековтің әпкесі. Талай жыл Қарағандыда тұрып, бертін 1991 жылы өмірден озады. Әшіре шешемізбен танысып, сұхбаттасқан жазушы, марқұм Жайық Бектұровтың баяндауынша, Қадыр 1937 жылдың 27 желтоқсанында қағазға бір балықтың суретін салыпты және дәл сол күні ұсталып кетеді.

Осы бір ауа жетпей аузын ашқан балықтың суреті қазір қолымызда және жазушы суреттің астына сол күннің датасын қойыпты. Ол осы сурет арқылы өзінің шарасыз мүшкіл халін көрсеткісі келген секілді. Бір таңқаларлығы, біз осындай балықтың суретін кезінде Мәскеудің А.Луначарский атындағы Өнер институтының режиссерлік факультетінде оқыған Қадырдың інісі Насырдың конспект дәптерінің ішінен де көрдік. Бұл ағалы-інілі жазушылардың өздері ғана түсінетін ерекше белгісі ме, әлде басқадай сыры бар ма, ол жағын біле алмадық…

Енді Қадырдың әкесі Баспақ Тайшықұлы жайлы айтсақ, жиырмасыншы жылдардың аяғында жаңа өкіметтің дүмпуінен сескенген Баспақ отбасымен бірге Баянауылдан табан аударып, Алматыдағы екі ұлы Қадыр мен Насырды сағалап солай қарай барады. Өзімен бірге кемпірі Сақа мен Нағима атты қызы және Насырдан кейін туған Қамет деген кішкентай ұлын ерткен.

Бір ғажабы, өнерге жақын әулет Алматыға жеткесін, барлығы жаңадан ашылған қазақ театрының төңірегінде топтасады. Баспақ өзі домбыра жасайтын шебер болып орналасса, інісі Қарабала деген кісі театрдың оркестріне домбырашы болып кіреді. Сол уақытта «Қазақ әдебиеті», «Еңбекші қазақ, т.б. басылымдарда тілші болған баласы Насыр Алматыдағы
мәдени өзгерістерден, театр тірлігінен үзбей ақпарат беріп тұрған (арап, латын харпімен басылған ол жазбалар біздің қолымызда).

Осылай жүргенде, Қадыр әкесі Баспақпен екеуі бір күнде тұтқындалып, Алматының түрмесіне жабылады деп жоғарыда айттық. Төменде Баспақ Тайшықұлының ұсталып, сотталып, кейін ақталғаны жайлы құжат:

«Родился в 1873 г., Павлодарская обл., Баян-Аульский.; казах; образование начальное; мастер-домбрист. Проживал:
Алма-Атинская обл. Алма-Ата.

Арестован 28 декабря 1937 г. 3 отд. УГБ НКВД КССР.

Приговорен: Тройка УНКВД по Алма-Атинской обл. 31 декабря 1937 г., обв. По статье 58-10 УК РСФСР.

Приговор: 10 лет ИТЛ. Реабилитирован за отсутствием сос-тава преступления 11 октября 1960 г. Президиум Алма-Атинского облсуда».

Қадырдың өзі жөнінде де осындай мәлімет беріледі:

«Родился в 1900 г., Восточно-Казахстанская обл., Баянаульский.; казах; образование среднее; переводчик. Проживал: Алма-Атинская обл. Алма-Ата.

Арестован 28 декабря 1937 г. ОТД УГБ НКВД КССР.

Приговорен: Тройка УНКВД по Алма-Атинской обл. 31 декабря 1937 г., обв.: по статье 58-10, 58-11 УК РСФСР.

Приговор: 10 лет ИТЛ. Реабилитирован за отсутствием сос-тава преступления 3 октября 1959 года. Президиум Алма-Атинского облсуда».

(Бұл құжаттарда 28 желтоқсан күні ұсталды деп жазылғанымен, Әшіре анамыздың айтуынша, әкелі-бабалы екеуі 27 желтоқсанда тұтқындалған екен және төрт-ақ күннің ішінде үкім шығыпты).

Қадыр осы ұсталғаннан бостандыққа қайтып шықпай, біржола кете барады. Ал әкесі Баспақ әлде кәрілігі, әлде басқа бір себебі болды ма, айдалғаны жөнінде құжат кездеспеді. Дегенмен, ол кісінің бәйбішесі Сақаның айтуынша, Баспақ Алматы түрмесінде өлген секілді. Әлде аштық, әлде жасы келген адам түрме азабын көтере алмады ма, ол жағы белгісіз. Қазір сүйегі жетісу жеріндегі Лепсі теміржол станциясының жанында жерленіпті деген еміс-еміс дерек бар.

Баянауылдағы Шоман ауылында тұрған марқұм Тұрсынбике Тұқпаева деген апамыз мынадай бір дерек айтып еді: «Шалы қаза болып, баласы Қадыр айдалғасын, Баспақтың бәйбішесі Сақа елге қайтып келіп, өле-өлгенше Майқайың кентінде тұрды, менің бала кезімде көрші болдық. Сақа апамыз кейде өткен-кеткенді есіне алып, әңгіме айтып отыратын. «Күйеуім Баспақ пен балам Қадыр ұсталғанда, халықтың ашаршылық көріп, күйзеліп тұрған уақыты еді», — деуші еді. Сөйтсе де, Сақа әжеміз азық етуге жарарлық қолға түскен бірдеңе болса, талғажау етсін деп, Алматының түрмесінде жатқан шалы Баспаққа апарады екен. Сөйтіп жүргенде жанындағы кішкентай ұлы Қамет аштық пен аурудан өледі. Бір күні Баспақ тамақ апарған әйелінен: «Ұлым қайда, неге келмеді?» — деп сұрапты. «Мен де қайраттымын ғой», — дейтін сонда Сақа кемпір: «Е, оның сендер бардағы еркелігі бар ма, ұрсып тастап кеттім, — дедім. Қызым шыдай алмай жылап, теріс айналып кетті», — деп отыратын жарықтық». Міне, сөйтіп Қызылтау елінің қаймағы атанған бір әулет заманның зауалына ұшырап, осылай тоз-тоз болып шашылып кетеді.

Қадырдың айдауда жүріп атылғаны кейін белгілі болады. Ақмола облысының Ерейментау ауданы аумағында Бозтал деп аталатын ауыл бар. Бұл ауыл кезінде Баянауыл ауданының құрамында болып, 1939 жылы Ерейментауға ауыстырылған. Осы Бозтал ауылының тумасы Жаңабайдың Қайнені деген адам да кезінде жалалы болып, біраз жыл айдаудың дәмін татып келген екен. Сол кісі елге аман-сау оралғасын (Сталин өлгеннен кейін, елуінші жылдардың аяғы болса керек), бір кездесіп әңгімелескенде менің атам Байбосынға Қадырмен айдауда бірге болғанын, оның сол жақта жүріп оққа ұшқанын айтады. Әрине, бұл — екеуара ғана әңгіме. Ол кезде ондайды жариялап айтуға болмайды. Атам 1963 жылы дүниеден өтті. Бірақ естігенін өзінің інісі Төлеудің баласы Қоқыш деген әкемізге айтып кетіпті. Қадырдың іздеушісі болмағасын, ол кісі де ешкімге сыр ашпай жүре берген. Бірақ ана жылдары: «Саған бір керегі болар, өз атаң Байекеңнен естіп едім», — деп, маған айтқан еді.

Сонымен Қайнен ақсақалдың айтуынша, көксоқта көктемнің мезгілі болса керек, тұтқындарды таңертең жұмысқа айдап апара жатқанда аштық пен ауру әлсіретіп, аяқ киімнен су өткен Қадыр сапқа ілесе алмай, кейіндеп қала берсе керек. Айдаушы солдат оны балағаттап, мылтықтың ұңғысымен арқадан нұқып қалады. Сол кезде ашынған ол солдатқа бірдеңе дей ме, болмаса жағасынан ала ма, әйтеуір оны сол арада атып жебіріпті. Есіл азамат осылай тайганың ішінде көмусіз қала береді…

Бүгінде Қадыр Тайшықовтың ресми өмірбаянында «1937 жылы өлген» деп жазылып жүр. Ал шын-дығында ол 1938 не болмаса 1939 жылы қаза болған секілді.

… 2015 жылы біздер Қ.Тайшықовтың туғанына 115 жыл толуына орай «Октябрь ұшқыны», «Аңшы Қалжан» хикаяттары мен бір топ сатиралық әңгімелерін өңдеп, «Аманат» деген атпен қайтадан кітап етіп басып шығарып, Павлодар облысының кітапханаларына тараттық. Әзірше қолдан келгені осы ғана болып тұр.

Сайлау БАЙБОСЫН,
ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.