Халқын өзінен биік қойған, ел аузында аңызға айналған кемеңгер әрі ғұлама, қазақ ғылымының шамшырағы, есімі әлемге әйгілі қазақтың алғашқы академигі, атақты жерлесіміз Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың биыл — 125 жылдық мерейтойы. Біртуар ғалымның мерейлі тойы ел болып, есте қаларлықтай аталып өтілуі тиіс. Өйткені, Қазақ Елінің қазіргі бар байлығын кезінде қазақтың Қанышы тауып, ұрпағына азық етіп кетті емес пе?! Қазақ жерінде ғылымның өркен жаюына тау тұлғаның қосқан үлкен үлесі әлі талай ғасыр елінің игілігіне жарайды. «Қазақтың Қанышы» деп бекер атанып кеткен жоқ. Ұлы ғұлама халқының сүйікті ұлы бола білді. Ұлтына қалтқысыз қызмет етуді ғана мақсат тұтты. Осындай ұлын бүгінде ұрпағы ұлықтауға міндетті. Сол парызды сезінген Қаныштың іздеушілері арамызда барына шүкір етесің. Сондай жандардың бірі — ҚР Парламенті Сенатының депутаты, химия ғылымдарының докторы, профессор, «Қ.И.Сәтбаев халықаралық қоры» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алтынбек Нұхұлы. Аймағымызға Сенатор ретінде сапарлап келгенін естіп, биылғы айтулы датаға әзірлік жайында аз-кем сұхбаттасуға қолқа салған едік…
— Алтынбек Нұхұлы, есімі әлемге әйгілі атақты жерлесіміздің мерейтойын ел болып атап өтуге ерте қамданыпсыз. Жасыратыны жоқ, кейде ұлы тұлғалардың мерейлі тойы өткеннен кейін кем-кетікті көрсетіп, сын айтушылар табылып жатады. Осының алдын алу үшін дайындықты бір жыл бұрын бастаған сияқтысыз. Ғұламаны насихаттауда неге басымдық берілуде?
— Ол рас, ерте кірістік. Өзімнің білім мен ғылым саласында жүргеніме 40 жыл болды. 1984 жылы Қазақ Ұлттық университетін бітіргеннен бері жалпы осы саладамын. Қазақ білімінің шамшырағы — ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы болса, ғылымның атасы — ұлы ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде тойлау үшін депутаттық сауал жасап, жоғары мінберден сұрағаным бар. Нәтижесінде 2022 жылы ЮНЕСКО көлемінде лайықты деңгейде аталып өтілді. Ұлт ұстазын ұрпаққа насихаттау бағытында ауқымды шаралар көптеп ұйымдастырылды. Сол тәжірибені пайдалана отырып, Қанекеңнің 125 жылдығы келе жатқанын ескеріп, өткен жылы ақпан айында еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдаған едім. Одан кейін Вице-Премьерге де кіріп, депутаттық сауалымның мән-маңызын егжей-тегжейлі түсіндіріп шыққаным бар. Қуантарлығы, бір айдың ішінде жағымды жаңалық жетті. Үкімет басшысы бастамамды толығымен қолдайтынын айтыпты. Бұл қолдау сөз жүзінде қалған жоқ, іс жүзінде көрсетілді.
— Осылайша, жыл басында жасаған депутаттық сауалыңыз академиктің 125 жылдық мерейтойын лайықты дәрежеде атап өтудің жалпыреспубликалық жоспарымен түйінделгенін естіп жатырмыз…
— Иә, ақпан айында алғашқы қадам жасалды. Одан кейін өткен жылдың қыркүйек айында Үкімет мүшелерімен кездесіп, академиктің мерейлі тойын атап өтуге қатысты жұмыстарды қайта көтеруге көштім. Сонымен, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қолдауымен, қарамағындағы Ғылым комитетімен бірлесіп, қызу іске кірістік. Соңғы үш айда тікелей осы іспен айналыстым. Осы орайда, ғалымның өмірімен, еңбегімен тікелей байланысты өңірлермен етене жұмыс істедік. Алғашқысы Академиктің кіндік қаны тамған өлкесі – Ертіс-Баян өңірінің әкімдігімен үнемі байланыста болып, ақылдастық. Одан кейін, Қарағанды облысының басшылығымен де ортақ ойларымызбен бөлісіп, жоспарларымызды пысықтадық. Қанышты Қаныш қылған Жезқазған жері екенін білесіздер. Бұл өңірдің бар қазынасы мен байлығының көзін ашқан Қаныштың екінші елі атанған Жезқазған жерінің де әкімдігімен телефон арқылы байланыс орнатып, мерейтойды лайықты атап өтуге үлес қосудың жолдарын ойластырдық, басқа да жалпыреспубликалық жоспарға қатысы бар мекемелерге қозғау салып отырдым. Айта кетейін, әлгі депутаттық сауалымда 55 тармақтан тұратын жоспар болатын. Әрине, олардың әрқайсысына қажетті қаржы көзін қарастыру сынды шаруа оңай емес. Сөйтіп, Үкімет деңгейінде 53 адамнан тұратын жұмыс тобы құрылды. Бұл топқа Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова басшылық етті, орынбасары Саясат Нұрбек мырза болды. Комиссия құрамына Сенаттан, Мәжілістен депутаттар, еліміздің 20 өңірі басшыларының идеологияға жауапты орынбасарлары, негізгі министрліктердің вице-министр-лері, Ұлттық Ғылым академиясының президенті, ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындарының ректорлары және т.б. кірді.
Жұмыс тобының отырыстарында жоспардың әрбір тармағы жеке-жеке талқыланды. Жан-жақты жұмыстың нәтижесінде Академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспары былтыр желтоқсан айының басында бекітілді. Бекітілген жоспарға 52 тармақ енді. Вице-Премьер Тамара Дүйсенова қолын қойып, бекітті. Министрліктің Ғылым комитеті көп жұмыс атқарды. Ғалымның туған өлкесінде облыс басшысы Асайын Байханов тарапынан қолдау бар. Орынбасары Айзада Амангелдіқызымен онлайн арқылы арнайы жиналыс өткіздік. Жаңа ұсыныстар айтылып, бәрін пысықтап алдық. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевпен екі рет кездесіп, елеулі бағыттарды ақылдасып алдық. Әйтеуір, ғұламаның мерейтойы өз деңгейінде өтсе деген тілек біздікі.
— 52 тармақтан тұратын жоспардағы іс-шаралардың ең ауқымдыларына тоқталып өтсеңіз. Тойға қандай үлкен тарту жасалмақ?
— Жалпыреспубликалық жоспар алты бөлімге бөлінді. Алғашқысы ұйымдастыру-дайындау бағыты болса, екінші бөлімде қоғамдық маңызы бар, ғылыми-зерттеу және ағарту іс-шаралары топтастырылды. Үшіншісі мәдени-бұқаралық бағыт-тағы ұсыныстар ескерілсе, төртінші бөлімде халықаралық деңгейдегі іс-шаралар қамтылды. Бесіншісіне ақпараттық-имидждік жұмыстар еніп отыр. Алтыншы бөлімде Қанекеңнің тарихи-мәдени мұра объектілерін жасау және ескерткіш пен музейлеріндегі реставрациялық жұмыстары назарға алынды.
Екі жыл бұрын тағы бір депутаттық сауалымда көтерген көмекей әулие Бұқар жырау мен көріпкел әулие Мәшһүр Жүсіптің ара-сында қосылмай жатқан 30 шақырымдық жол салу жұмысының жобалық-сметалық құжаты биыл дайын болып, нақты жұмыстар басталмақ. Бұл ірі этнотуристік, мәдени-рухани маршрут болмақ. Себебі, Қарағанды облысынан келе жатқан кезде Бұқар жырау бабамыздың басына зиярат еткен адам ары қарай келесі 10 километрден кейін алтын адамды әйгілеген атақты жерлесіміз Кемел Ақышевтің кіндік қаны тамған жерге соғады. Атақты ғалымның биыл 100 жылдығы, осыған орай арнайы белгітас қоямыз деп жоспарлап отырмыз. Тағы бір 10 шақырым жүрген соң Қаныштың әкесі Имантай мен анасы Әлиманың басына бара алады. Одан әрі екі шақырым жүрсе, Қаныштың да кіндік қаны тамған жерге келеді. Міне, осы жерге мемориалды кешен тұрғызу ойда бар. Бұдан кейін бес шақырымнан соң, туристер Мұса Шорманның кесенесіне аялдайды. Бұл тарихи мекеннен шыққан мейман ары қарай Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының басына жетеді. Осы 30 шақырымдық маршруттың бір бөлігі — Қарағанды облысы аумағында. Олар жобалық-сметалық құжатын әзірлеп қойды. Енді Ертіс-Баян өңірі де осы бағытта екпінді еңбек етіп жіберсе, екі әулиенің арасын қосатын еліміз үшін маңызды этнотуристік маршрут пайда болар еді. Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр жағаларына келген демалушылар да осы бағытпен қаншама тарихи орынмен танысып қалар еді.
— Павлодардың әуежайына Қаныштың есімін беру мәселесі де көтерілгенін білеміз. Бұл ұсыныс қолдау тапты ма?
— Депутаттық сауалымда көрсе-тілген екінші үлкен дүние – ол Павлодар қаласындағы әуежайға Қаныш Имантайұлының есімін беру. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы кезінде Қостанай әуежайына есімі берілді. Қостанайға қонған ұшақтан шыққан меймандар «Ахметтің еліне келдім» дейді. Ұсынысымызды Облыс басшылығы, жалпы облыстық және қалалық депутаттар корпусы қолдап отыр. Енді Павлодар қалалық мәслихат депутаттары мәселені қозғап, ары қарай жеделдетіп жіберсе, жақсы болар еді. Әрине, құжаттық рәсімдері бар, келісу кезеңдерінен өтеді. Қаныштың туған күніне дейін үлгермесек те, биыл атқарылса, қандай ғанибет! Рухани әрі мәдени саладағы үлкен іс болар еді. Әуежайымызға қонған әр қонақ «Қаныштың еліне келдік» деп тұрса, маңдайшасында есімі жарқырап тұрса, қандай рух берер еді. Армандарымның бірі – осы! Одан бөлек, шетелде де ауқымды істер атқару жоспарланып отыр. Академиктің туған өлкесінде атқарылатын елеулі істер аз емес. Мәселен, Баянауыл ауданында жаңа айтып өткен мемориалдық кешен салынып, музейі жаңартылады. Туған жері – Мұса Шорман ауылы көрік-тендіріледі, жолдары жасалынып, өзінің атындағы мектеп ремонттан өтіп, жаңартылады. Бұдан да бөлек түрлі мәдени-рухани шаралар легі қарастырылған.
— Жоспардан «Жүсіпбек пен Қаныш» театрлық қойылымы сахналатынын көзіміз шалып қалды. Осы қойылым жайында айтып берсеңіз…
— Қаныш алғашқы білімін туған жері — Мұса Шорман ауылындағы мектепте алғанын білесіздер. Бұл — Сәдуақас Шорманов 1903 жылы ашқан аймағымыздағы ең алғашқы қазақ-орыс мектебі. Осы мектепте Қаныш алдымен тайымен, сосын атына мініп, бес километрден келіп-кетіп оқыған. Мектептің орнына белгітас қойылды. Ал 1911 жылы 12 жасында Имантай ұлын өзінің немере інісі Әбікей Сәтбаев басқаратын Павлодардағы орыс-қазақ училищесіне оқуға аттандырды. Сонда келіп Жүсіпбек Аймауытовпен бірге екі жыл оқиды. Білімдерін дамыту жолында кейін екеуі бірге 1914 жылы Семейдегі оқу семинариясына аттанады. Сонда 4 жыл оқиды. Жүсіпбек Аймауытов пен Қаныш Сәтбаев жас айырмашылығына қарамастан екеуі қатар бірге жүрген. Тіпті, Семейде оқып жүргенде Мұхтар Әуезовпен бірге бөлме жалдап тұрған. Кейіннен Әлкей Марғұлан қосылған қатарларына. Жүсіпбек пен Қанышқа қатысты көп мәлімет бар. Мәселен, 1917 жылы 5 қараша күні үгіт-насихат жұмыстарын жүргізбек ниетте Семейден Павлодарға бірге шыққаны туралы қағаз да бар. Бұл құжат — сол кездегі уақытша үкіметтің атынан қол қойған Троицкийдің арнайы қағазы. Өмірде қатар қадам жасаған қос жерлесіміздің мерейтойлары да қатар келетінін ескеріп, көптен бері арман болған «Жүсіпбек пен Қаныш» атты драматургиялық пьеса қоймақпыз. Бұл жөнінде Павлодар облыстық Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрымен сөйлесіп жатырмыз. Белгілі ғалым, тарихшы Жамбыл Артықбаевпен бірлесіп, сценарийін дайындаудамыз. Ойымыз іске асса, жыл соңына қарай қойылым көрермен назарына ұсынылады. Рухани-идеологиялық тұрғыдан, тұлғатану тұрғысынан зор дүние болар еді. Екеуінің арасындағы байланыс қойылымға өзек болады. Кейде біреулер мақтаныш көрер тарихи тұлға таппай жатады, сондықтан біз өзімізде бар дүниені, арда азаматтарымызды көрсете білуіміз керек. Бұл — біздің парызымыз. Қазақ елінің білімі, ғылымы, руханияты, мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларды ұлықтауға қосқан кішігірім үлесіміз болмақ. Жалпы айта кетейін, Жүсіпбек Аймауытовты насихаттау жолында да аянып жатқан жоқпыз. Шымкентте Жүсіпбектің бюстін орнатып, мемориалдық тақтасын аштық. Жоғары деңгейде ғылыми конференция өткіздік. Жүсіпбектің есімі Шымкенттегі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің құрамындағы колледжге берілді.
— Ахмет Байтұрсыновқа арнап «Ұлт ұстазы» фильмі түсірілді. Қазақтың Қаны-шына да осындай танымдық дүние неге түсірмеске?
— «Ұлт ұстазы» фильмін түсірген кинорежиссер Мұрат Есжан, сцена-рийін жазған Ұларбек Нұрғалым, продюсер Айсәуле Әбілда үшеуін шақырып, ақылдасқанымыз бар. Ойлар болды. Бірақ, қаржы мәселесі шешілмеді. Негізі, бұған дейін Қаныш туралы 6 сериялы фильм шыққанын білесіздер. Ғалымның жас азамат кезі — Қарсақбайдағы жылдары қамтылған. Бүкіл өмірін қамтитын туынды әлі де жарық көрер. Одан бөлек белгілі журналист Майя Бекбаева Қаныш жайлы деректі фильм түсірді. Заңғар ғұламаны ұлықтау жолында мұндай жұмыстар әлі де жалғасын табары сөзсіз.
Мен алдағы уақытта елімізде ұлы тұлғалар арасындағы байланысқа баса мән берілсе деймін. Мәселен, кезінде Мәшһүр Жүсіп атамыздың жігіт Қанышқа бата бергенін бәріміз біле бермеуіміз мүмкін. 1920 жылы Қазақ Республикасының алғашқы автономиясы құрылды. 1921 жылы Жасыбайдың жағасында сол тарихи датаға орай той болған екен. Бұл тойды Қаныш Сәтбаев басқарыпты. Тойға шақырылған қонақтар қатарында Қажымұқан Мұңайтпасов, Майра Шамсутдинова, Иса Байзақов, Мәшһүр Жүсіп және т.б. белгілі адамдар болыпты. Сонда Мәшһүр атамыз Қаныштың басқарушылық, ұйымдастырушы-
лық қабілетіне тәнті болып, батасын берген көрінеді:
— «Тайдың жорғасы түйе болады, жігіттің жорғасы еліне ие болады». Өз тұсында Шорман баласы Мұсадан жорға озған жоқ. Осы күнгі жастарда Қаныш Сәтбаев – адамның жорғасы. Тірі болса, бақты, талайлы болатұғын жігіт. Өлі Мұсаға Құдай рахмет қылсын, тірі Қаныштың өміріне Құдай береке берсін!».
— Әулиелеріміз алғырлығын алыстан аңғарып, батасын берген, күллі қазақтың сүйіспеншілігіне бөленген, халқын қадірлеген тұлғаға қандай құрмет жасаса да артық етпейтіні анық. Бұған дейін ғалымның Елордада еңселі ескерт-кіші бой көтерді. Енді Астана төрінде Сәтбаевтың орталығы ашылатынын естіп жатырмыз…
— Иә, «Елордада Қазақтың Қанышының ескерткіші керек-ақ» деп Павлодарда ректорлық қызметте жүргенде қозғау салған едім. Кейін Сенатор ретінде жалғастырып, үш жыл бұрын Павлодар облысының басшылығының қолдауымен еңселі ескерткіші бой көтерді. Сәулетші Саматбек Бөкебай, мүсіннің авторы Асқар Нартов, тұжырымдаманың авторы өзім үшеуіміз бірігіп, жұмыстар атқардық. Елордадағы жеке тұлғаға арнаған ең биік, 13 метрлік ескерткіш болып, алыстан көзге түседі. Облыс әкімдігі 64 млн теңге бөлді. Ал ескерткіштің құны 104 млн теңгеге шықты. Содан «Қаныш Сәтбаев атындағы халықаралық қор» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы ретінде қаржы іздестіріп, демеушілердің көмегімен іс соңына жеткізілді. Мұнымен тоқтаған жоқпыз, келесі жылында ескерткіш тұрған алаңға «Ұлылар сөзі» деген атаумен 4 бірдей гранит тұғыртастар орнатылды. Ұйымдастырушылар комитетінің шешімімен бірінші тасқа — Қаныштың өзінің ұлағатты сөздері, екіншісіне заңғар ғұламалар Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Шапық Шөкиннің сөздері жазылды. Үшіншісіне мемлекет және қоғам қайраткерлері Нұртас Оңдасынов, академиктер Евней Бөкетов, Өмірбек Жолдасбековтің қазақтың Қанышы жайлы айтқан айшықты ойлары ойылып жазылды. Төртінші таста ақын-жазушылар Кәкімбек Салықовтың сөзі, Медеу Сәрсекенің Қаныш туралы романындағы орамды ойлар мен Несіпбек Айтұлының ғұламаға арнаған «Қаныш» поэмасының үш куплеті келтірілді. Сонымен қатар, ескерткіштің тұғырында жазылған «Менің халқым менен де биік» деген алғашқы академиктің кең тараған белгілі сөзі жаңартылып, соңында өзінің қолтаңбасы қойылды.
Жуырда Астананың әкімі Жеңіс Қасымбектің қабылдауында болдым. Енді биыл алаңды жаңарту көзделіп отыр. Содан соң ағымдағы жылы ескерткіш алдына Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының Қаныш Имантайұлына берген батасын жеке таспен қою ойымызда бар. Тағы бір үлкен тарту Астанада ашылатын Сәтбаев орталығы болмақ. Бұл Сәтбаевты насихаттауды үдете түсу керек деген ниеттен туындап отыр.
— Ғалымның еңселі ескерт-кіштері еліміздің әр қаласында тұрса да әбден лайық екенін ешкім жоққа шығармас…
— Ғалымдардың есептеуі бойынша бір ғана Ұлытау-Жезқазған өңірінде алғашқы академигіміз 200 млрд долларлық пайданы қазақ еліне тек қана бір элемент – мыстан ғана келтірген. Енді ғалымның ашқан Менделеев кестесіндегі барлық элементті қоса беріңіз… Мұндай мол қазына байлықтың көзін ашқан ғұламаға қандай құрмет көрсетсе де лайықты. Сондықтан, жоспарды жасау үшін республикалық деңгейде ойластыру қажет болды. Бес қалада ғалымның еңселі ескерткіші орнатылса деген ой болды. Өскемен мен Қызылорда қалаларынан қолдау өз дәрежесінде бола қоймады. Бұйыртса, Шымкент, Семей және Ақтау қалаларында Қазақтың Қанышы қасқайып тұрады. Оған қоса, Мәскеуде де ескерткіш орнату жоспарланып отыр. Ғасыр ғұламасы атанған Қаныш Сәтбаев Республика көлемінде ғана емес, әлем бойынша насихатталса да әбден лайықты. Қаныштың даңқы ғасырларға ұласады.
Қаныштың әрбір өңірге қатысы барын білсе деймін көпшілік. Қаныш Сәтбаев технология дамымаған шақта кен қорын барлап, мол мөлшерін айтып кеткен. Біз әлі күнге дейін сол ашып кеткен кен орындарын игілігімізге жаратып келеміз. 1955 жылдан бастап Геология институтының директоры, Ұлттық ғылым академиясының Президенті бола отырып, Қазақстанның метал-логениялық картасын жасап шығарды. 1958 жылы карта үшін сол кездегі ең жоғарғы Ленин атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Былайша айтқанда, Нобель сыйлығы деңгейіндегі марапат еді ол. Бұл картаның маңызын айтудың өзі артық болар. Еліміздің қай тұсында қандай байлық жатқанын көрсетті. Мұнайлы өлкенің Маңғыстау түбегін де Қаныш көрсетіп, соған жол тартуды да ұсынған Сәтбаев. Атақты жазушы Медеу Сәрсекенің Қаныш туралы романында мұндай сәттер әдемі жазылған. Сол кездегі Кеңес үкіметінің министрі Е.Славский 3 рет Социалистік Еңбек Ері атанған. Сол кісі: «менің бұл үшінші Социалистік Еңбек Ерім Қаныштың кеудесінде тұруы керек еді. Себебі, Қаныш айтпаса, дәлелдемесе, мен Маңғыстау түбегіне апаратын жол салуды қолға алмас едім. Бұл — Қаныштың еңбегі еді» деп айтыпты.
— Елімізде қазір су тапшы-лығы мәселесі оқтын-оқтын көтеріліп жүр. Кезінде Қаныш Сәтбаев Ертіс-Қарағанды каналын салмағанда, бүгінгі ахуалды елестетудің өзі қиын…
— Су шаруашылығына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ертіс-Қарағанды каналының жобасын мақтанышымыз, Қаныш Сәтбаевтың шәкірті Шапық Шөкин жасады. Оған ұстазы академик міндет қойды, бағытын берді. Қаныш Имантайұлы араласпаса, іске аспаушы еді. Академик беделін пайдалана отырып, 60-ыншы жылдардың басында Мәскеуге барып, сол кездегі Кеңестер одағының Министрлер кеңесін басқарған А.Косыгиннің қабылдауына кіріп, жобаның маңыздылығын дәлелдеп, қаржы бөлгізген. Бұл өте қымбат жоба еді. Өйткені, өз арнасымен ағып жатқан өзенді бұрып, насостар қойып, бірнеше метрлік биіктікке көтеру оңай шаруа емес еді. Осылайша, сайын далада зәулім үйлер бой көтеріп, тұтас қалалардың пайда болуына жол ашты. Қарағандыға су жетті, жол бойында Екібастұз құлашын кеңге жайды. Жалпы, ел экономикасын көтеруде бұл арнаның қосқан, әлі де қосатын үлесі көп. Академиктің еңбегі еленіп, 1990 жылы бұл Ертіс-Қарағанды каналына Қаныш Сәтбаевтың есімі берілді.
— Жоспарға үңілсек, тау тұлғаның есімін елімізде білім ордаларына, көшелерге беру жұмысы әлі де жалғасатынын байқаймыз. Ғалымның атын ардақтау — ұрпақ үшін үлкен іс. Бұдан бөлек, жастар арасында ғылымның атасы атанған азаматтың еңбектерін насихаттау тұрғысында қандай жұмыстар жоспарланып отыр?
— Қаныштың есімін Алматыдағы еліміздің басты техникалық зерттеу университеті алып отырғанын білесіздер. Міне, осы білім ордасында көп жұмыс жоспарланып отыр. Мысалы, академиктің 8 томдық таңдамалы шығармалар жинағы бар, енді соны 10 томдыққа жеткізіп, жаңа еңбектерін қосып шығармақпыз. Министрлік қаржы бөліп отыр. Қаныш еңбектерінің 5 томдық академиялық жинағын М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты дайындап жатыр. Бұл да – бүгінгі ұрпаққа қажет дүниелер.
Павлодар мен Ұлытау облыстары жастарының қатысуымен академиктің туып-өскен жері Баянауыл ауданы, Мұса Шорман ауылына «Ұлылардың жолымен» атты керуен ұйымдастырылмақ. Шымкентте қыркүйек айында жас ғалымдар слеті өтеді. Ұлттық ғылым академиясы Қаныштың ашқан кен орындарына экспедиция ұйым-дастырмақ. Бір сөзбен түйсек, ел болып атап өтуге әзірлік бар. Бастысы, жалпыреспубликалық жоспар Үкімет деңгейінде бекітілді. Ендігі міндет — жауапты органдардың уақытылы кірісіп, ғұламаның мерейлі тойын мән-мағыналы етіп, бастысы, пайдалы істермен атап өту. Бәріне күш-қуат беріп, абыройлы атқару нәсіп болсын.
— Сұхбатыңызға рақмет! Ұлы ғалымды ұлықтау жолын-дағы ісіңізге береке берсін!
Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.