Қару мен қаламды серік еткен

Шіл 31, 2025
OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Қалмұқан Исабаев 1925 жылдың 25 тамызында Баянауыл ауданында туған. 1943 жылдың қаңтарында 10-сыныптан Кеңес  әскері қатарына шақырылады да, одан 1954 жылдың күзінде запасқа шығады. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1954-1955 оқу жылында Алматы қаласының кешкі жастар мектебінде 10-сыныпты бітірісімен, Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетіне сырттай оқуға түсіп, оны 1961 жылы бітіріп шығады және осы уақытта «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер болып жұмыс істейді. Ұзақ жыл бойы Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы көркем әдебиетті насихаттау бюросында директор болып абыройлы қызмет атқарды.

«Баян» атты әңгімесі 1954 жылы «Әдебиет және искусство» («Жұлдыз») журналына жарияланған. Ертіс-Қарағанды каналының жобасымен танысып, 1961 жылы болашақ су жолы жүретін жерлермен 500 шақырым жаяу сапар шегіп, нәтижесінде «Арман арнасымен» атты күнделік кітабы жарық көрді. Он екі жыл бойы құрылыстың басы-қасында болып, «По руслу мечты», «Подвиг в степи», «На стыке судеб», «Сұңқар самғауы» атты кітаптар, жүзден астам проблемалық очерктер пен мақалалар жазды. 1992 жылы Павлодар облысындағы Ермак қаласына қойылған басқыншы атаманның ескерткішін алуға, қала атын Ақсу деп өзгертуге атсалысты.

 

Қаламгер айтқан екен…

1981 жылы Қазақстан Жазу-шыларының Қарағандыдағы күні өтеді.

Қарағандыға келген жазушылар екі топқа бөлінеді. Бір топты Шерхан Мұртаза бастап Абай, Шахтинск қалаларын аралайтын болады да, екінші топты Қалтай Мұхаметжанов бастап Қарқаралыға жүрмек болады.

Қалтай мен Қалмұқан Исабаев құрдас, батырып ойнай береді.

Шерхан тобына Қалмұқан Исабай, Оралхан Бөкей, Темірхан Медетбек сияқты ақын-жазушылар іліксе керек. Сонда Қалмұқан: «Шерхан, Оралхан, Темірхан, Қалмұқан сияқты өңкей хандар Абай қаласына барамыз, ал Қалтай, балтай-шалтайлар Қарқаралыға бара жатыр» дейтін көрінеді.

Сонда Қалтай: «Өй, қу таз, өй, қу таз!» дегеннен басқа сөз айта алмапты дейді.

 

***

1982 жылы Қазақстан әдебиеті  мен өнерінің РСФСР-дағы күндері өтіп жатады. Москвада Қазақстан жазушыларымен кездесу болады. Сахнаға Олжас Сүлейменов пен Қалмұқан Исабаев қатар шығады. Сірә, Олжас сөз сөйлеуге, Қалмұқан сый-сыяпат тапсыруға шықса керек.

Олжас әдеттегідей тапқыр сөздердің тиегін ағытып тұрып «Қалмұқан  екеуміздің  бітіміміз  бүгінгі қазақ совет әдебиетінің диаграммасы сияқты» десе керек. Олжас сорайған ұзын да, Қалмұқан  оның  белінен ғана келеді ғой. Сонда Қалмұқан ойланбастан: «Онысы рас, тек бір анықтай келетін жағдай, Олжасты әдебиетіміздің – саны, мені – сапасы деп қабылдасаңыздар қателеспейсіздер!» депті.

Ұтқыр әзілге москвалықтар ризалықпен қол соғады.

 

***

Жазушы Қалмұқан Исабаев Ертіс —
Қарағанды каналы туралы романын бітіріп, «Жазушы» баспасының дирек-торы  Әбілмәжін Жұмабаевқа алып келіпті.

Әбілмәжін қомақты қолжазбаны қарап отырып:

– Көлемі біраз бар екен, суы көп емес пе? – депті.

Сонда Қалмұқан:

– Бәрекелді, Әбеке-ау, романның өзі су туралы болған соң  сусыз болмайды ғой! – деген екен.

 

***

Жазушы Әнуар Әлімжанов көп жыл бойы «Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау» қоғамының  төрағасы болып істеген. Содан бұл қызметінен ауысқанда орнына бұрын сауда саласында жұмыстар атқарған бір азамат келеді.

Арада бірер ай өткенде Әнуар қоғамда істеп жүрген Қалмұқан Исабаевқа жолығып:

– Хал қалай? – депті.

Сонда Қалмұқан:

– Түркістан мазарын өзбектерге сатып жібере ме деп қорғап отырмыз ғой! – деген екен.

 

***

Бір жерде топтасып тұрған кісілерге Қалмұқан жақындап келіп сәлем берсе, ішіндегі біреуі:

– Сіздің қолыңызды алу үлкен бақыт қой! – деп құшырлана амандасыпты.

Сонда Қалмұқан:

– Сені бақытыңнан айырып қайтейін, ұстай тұруыңа болады, – деп, қолын тартып алуға асықпапты дейді.

 

Тұлғалар пікірі

 

Серік ҚИРАБАЕВ, әдебиетші ғалым:

— Қалмұқан Исабаев еңбекшіл жазушы еді. Мен онымен соғыстан кейін танысқаннан соң, біраз уақыт «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде бірге жұмыс істедік. Жазуға икемі бар, өмір сабағынан өтіп келген майдангер жазушының қаламы осы редакцияда қалыптасты. Жастай әскер қатарына алынып, ел өмірінің қыры мен сырын танып үлгермеген жас жігіт енді сол өмірді зерттей жүріп, оны жазушылық еңбегіне азық етті. Ол Дүниежүзілік соғыста болған қазақ солдатының өмірін де, елдегі еңбекші қазақты да, баба тарихының әрқилы сырларын да молынан зерттеді. Соның барлығы Қалмұқанның қаламынан кітап болып туды. Олардың ішінде «Комендант», «Арна», «Айқыз», «Сұңқар самғауы», «Өткелде», «Шоң би» сияқты үлкен-үлкен романдары бар. Қалмұқан олардан басқа көптеген повестер жазған, оқырманға кеңінен танылған жазушы болатын. Ол азамат, жолдас есебінде де іске, сөзге, мінезге тұрақты жігіт болатын.

***

Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ, жазушы, журналист:

— Ол ағамыз хақында талай эссе, мақала жаздым. Берлиннің орталық көшелерінің біріне Абай есімі берілді. Әдетте жоғары үкімет орындарының тарапынан  атқарылатын ондай іс-шараны жүзеге асырған ешкім де емес, Қалекең еді. Және бұл бір жылдың емес, талай уақыт күш-жігер жұмсаудың жемісі болатын. Немесе Ертіс каналы құрылысының бойымен айлап жүріп жазған очерк шоғырының өзі не тұрады. Сол кезде емес пе еді. Сіздің майдан  орден, медальдарының қатарына канал құрылысшыларының ұсынысы бойынша марапатталған «Еңбек Қызыл Ту» орденін қадағаныңыз.

Қымбатты Қалеке! Бойыңыз шағын болғанымен, дауысыңыз зор еді. Уақыт сәйгүлігі талай қырды асар, бірақ қашан да сіз ел-жұртыңызға таудай тұлға болып көрінесіз. Сіздің Отаным, қазағым деп соққан жүрегіңіздің дүрсілін бүгінгі һәм кейінгі ұрпақ биік талант  туындыларыңыздың әр жолынан естіп, ұғып, білетінінен еш күмән болмасқа керек.

***

Ахат ЖАҚСЫБАЕВ, жазушы, аудармашы:

— Қалекеңнің бір ерекшелігі – ол басқа қаламгерлер бармаған тақырыпты қаузады. Академик Қаныш Сәтбаев шеше жағынан туысқаны болып келеді. Ағамыз Ертіс-Қарағанды каналының жобасымен танысып, 1961 жылы болашақ су жолы жүретін жерлермен 500 километр жаяу сапар шегіп, нәтижесінде «Арман арнасымен» атты күнделік-кітабын жазған. Содан кейін әдеби қауым ағамызды «Жаяу жазушы» дейтін болды. Одан кейін дүниеге «Айқыз», «Өткелде», «Жолдас комендант», «Арна» секілді романдар келді. Тарихи тақырыпты да назарынан тыс қалдырған жоқ. 2005 жылы «Шоң би» атты трилогиясы жарық көрді. Ол еңбекқор әрі көп білетін жазушы еді. Сол мол білімімен бәрімен бөлісетін. Қалмұқан Исабаев туған жері Баянауылдың атын шығарды.

***

Сейфолла ОСПАН, ақын, сыншы:

— Бұл кісінің әдебиет өңірінде қалам тартпаған саласы жоқ еді. Сонау қырғын соғыстан бермен қарай да, ар жағындағы балалық шағынан да, тіпті әрбірден соң тамақ бауы тартылған тарихи шежіреден де небір шынайы шығармалар туғызған ардагер жан еді. Содан да болар, мен бұл кісіні «сегіз қырлы, бір сырлы, жұдырықтай алтын ағамыз» деуші едім. Бұл кісімен әр кездескен сайын елдігіміздің ішкі сарайындағы небір құпияларға әбден қанығып, дән ризалығымды білдіретін ем. Өйткені, бұл кісі архив ақтарудың хас шебері еді.