Қимадиден Нығыманов пен өмірлік жары Дәметкен (Дәкен) Үсенова саналы ғұмыр-ларында тоғыз перзент сүйген. Олар — Қарақат, Қарлығаш, Қазыбек, Сандуғаш, Ақбала, Қалибек, Ақдидар, Ақиқат, Дархан.

Өкінішке қарай, тұңғыш қыздары Қарақат бір айдай ғана фәни дүния дидарын көріп, сәби кезінде шетінеп кеткен. Оның есімін «өз әкем Нығыман қойып кеткен» дейді екен ақын көзі тірісінде. Одан кейін өмірге 1955 жылы Қарлығаш есімді қыздары келеді. Қыздардың екіншісі — 1960 жылы өмірге келген Сандуғаш. Қимадиден Нығыманұлы көзі тірісінде осы есімдерін өзім қойған екі қызым «бар торғайым мен жоқ торғайым» деп еркелетіп отыратын көрінеді. Себебі, Қарлығаш — біздің төңіректе бар құс, ал Сандуғаш  — біздің аймақта кездеспейтін торғай тұқымдас құс. Көбінесе шығыстың қиял-ғажайып ертегілерінде айтылады. «Жоқ торғайым» дегені сол болса керек.

1957 жылы 18 қазанда ұлдарының тұңғышы Қазыбек дүние есігін ашады. Алғашқы тізгін ұстары дүниеге келген уақытта рулас ағасы, кезінде Алқакөл болысының басқарушысы болған. Ел ішінде  телегей-теңіз ақсақал атанған Иләл Жүсіпұлына барып, тұңғыш ұлына ат қоюуын өтінеді. Сонда Иләл болыс «Қимаш, сенің бабаларың, соның ішінде атаң Сәке би болған, сөзіне ел тоқтаған. Менімен бірге болыс сайлауына барған, бірақ ол кісі өте алмады, сол сапарда көз жұмды. Басқа аталарың да сөзге жүйрік. Осы ұлың Сәке бидей би болсын деп ырымдап, атын Қаз дауысты Қазыбекке ұқсатып Қазыбек қойдым», — депті. Дәл сол кезеңде Иләлдің өзі немерелі болып жатқан көрінеді. Яғни, баласы Мұхтардың үйінде маңдайы торсықтай ұл бала дүниеге келеді. Оны «Тапайдың ішінде батырлар азайып барады, мына баламның дене тұрқы батырларға келеді екен, мұның есімі Ертарғын болсын» деп ырымдапты.

Қимадиден ақынның дүниеге 1962 жылы келген қызының есімі — Ақбала. «Ақбала туған кезде нағашы атамыз Үсеннің бәйбішесі Айымжан әжеміз «Үлкен екі қыздың бірі — Қарлығаш, екіншісі – Сандуғаш. Мына қыздың аты Алтыншаш болсын» депті. Бірақ әкем оған көнбей, «Жоқ, бұл аппақ бала екен, Ақбала болады» деп атын солай қойған екен» дейді Қазыбек Қимадиденұлы.

Ал 1965 жылы Қалибек атты ұлы өмірге келгенде ақынның жары Дәкен апа «Теледидардан өлең айтатын Қалибек секілді домбырашы, әнші болсын, ұлдарыңның біреуі болсын жолыңды жалғасын» деген тілек айтқан. Осылайша қазақ ұлттық профессионалды театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалибек Қуанышбаевтың құрметіне Қалибек атаған. 1967 жылы өмірге ақынның Ақдидар (Ақжан) есімді қызы келеді. Сол жылдары Қимадиден Нығыманов шығармашылық шаруа-ларымен Алматы қаласына жиі барып жүрген. Мұқағали Мақатаев, Рамазан Тоқтаров, Қадыр Мырзалиев, Жұбан Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев, Ғафу Қайырбеков, Қабдыкәрім Ыдырысов сынды қазақ әдебиетінің сом тұлғаларымен кездесіп, болашақ жоспарларын талқылап, аттары қазақ даласын аралап кеткен қаламгерлерден оң баға алып қайтады. Сол әсермен Алматыда ақ дидарлы адамдармен кездестім, жолым болды, ақ жарқын, ақ дидарлы қыз болсын деп кестетігерінің атын Ақдидар қойған.

Ақынның «Алпыс батыр» атты алғашқы кітабы 1969 жылы Алматы қаласындағы «Жалын» баспасынан жарыққа шығады. Ол уақытта кітаптар бірнеше мәрте талқылаудан, көркемдік кеңестен өтіп, Жазушылар одағының мақұлдауымен баспа бетін көретін. Яғни, жарыққа шығару — қиямет-қайым уақыт. Сол жылы 5 желтоқсан күні таңда дүниеге ұлы келеді. Ол уақытта бұл КСРО елдерінің Конституция күні болатын. Ұлының атын «Бүгін —
ақиқат күні» деп Ақиқат қояды. Алайда бұлай атауының екінші сыры да бар. «Әкемнің алғашқы кітабы Алматыдан шыққан уақытта дүниеге бауырым Ақиқат келді. Сонда әкем: «Мені Алматыдағы ақын-жазушылар мойындады. Бұрын ауылдағы электр монтері деп мұрнын шүйіріп, көзінің астымен қарайтын  оларға өз шығармашылығымды, ақын екенімді дәлелдедім, ақиқатым ашылды» деп ұлының атын Ақиқат деп қойды», — дейді ақынның қызы Қарлығаш.

Ал 1971 жылы Қимаш ақын оңтүстік астанаға Жамбыл Жабаевтың туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылған республикалық айтысқа барып, Павлодар облысының намысын қорғайды. Келер жылы дүниеге кенже ұлы келеді. Баласының атын дархан тойдан абыроймен оралдым деп Дархан қояды.

Міне, Қимадиден Нығымановтың өз төлдерінің атын қоюдағы қысқаша мәлімет осындай.

 

Бейбіт Бөжен, ақын, өлкетанушы, Қимадиденнің жиені.