Баба мұрасын сақтау – ұлт келешегін қалыптастырудың негізі. Әл – Фараби бабамыз айтқандай, «Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес».
Сарғайған тарих парағын сақтау ұрпақтың санасын қорғау іспетті.

Академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейі қызметінің стратегиясы — ғылыми қор жинақтау қызметін арттыру, музейге жаңадан қосылған жәдігерлерді есепке алу, насихаттау мақсатында жаңа уақытша тақырыптық көрмелер дайындау. Негізгі қор жинақтау ісі — өте күрделі жұмыс. Бұл тұрғыда адамдармен байланысты болу, мекемелерге хат жазу арқылы алдарыңызға мақала қылып ұсынып отырмыз. Биыл жыл басынан аталған музей Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасымен тығыз байланыста жұмыс істеудің аясында Қаныш Имантайұлының «Қазақ тілі» газетінің 1926 жылғы 28 мамырдағы санында «Том қаласында ұлттар кеші» атты мақаласымен ақпан айында толыққан болатын. Аталған мақалада Том қаласында қазақ, бурят, якут секілді бірнеше ұлттың студенттері арасында алғаш рет жиын ұйымдастырылған. Онда ойрат, шор, башқұрт және басқа ұлттардың ән-күй, салт-санасына арналған сауық кеші суреттеледі. Кеш 1926 жылдың 10 сәуірінде өткізіліпті. Ғалым Қаныш Сәтбаев 1923 жылдың 13 желтоқсандағы «Қазақ тілі» газетінде «Обаған» деген халық әні туралы мақала жариялайды. Күні кеше ғана Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасынан осы мақаланың көшірмесі алынды. Ескеретін жайт, мақаланың жарияланғанына биыл бір ғасыр, яғни 100 жыл толған екен. Айта кетерлігі, мақалалардың көшірмелері (pdf) форматында, түпнұсқасы төте жазумен жазылған. Алдағы уақытта арнайы мамандармен аудару жұмыстары жүргізіледі. Музей академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ғұмырнамасы мен ғылыми еңбектерінен сыр шертіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Музей мамандары негізгі қорды толықтыру қаншалықты күрделі іс болса да еш жалыққан емес. Болашақта құнды жәдігерлермен толықтыру жұмыстары жалғасады.

Гауһар БАЛАБАЕВА,

Академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің әдіскері. Баянауыл ауданы.