Алтын адамды тапқан әйгілі археолог Кемел Ақышевтің академик Қаныш Сәтбаевпен бірге түскен суреті Баянауылдағы музейге тапсырылды. Биыл көрнекті ғалымның туғанына 100 жыл толып отыр.
Жуырда академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейіне Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы және әйгілі археолог Кемел Ақышевтің 100 жылдығына орай Кемел Ақышевтің немересі Мая Әлішерқызы келді. Ол ата-бабасы туып-өскен Баянауланың киелі топырағына алғаш келіп отыр екен. Мая Ақышева бүгінде Түркия елінде тұрады. Мамандығы -журналист.
Бұл туралы Академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемо-риалдық музейінің бұқаралық жұмыс жөніндегі маманы Сансызбай Сапарғалиев хабарлады.
Дарынды ұрпақ дарыған Шорман мен Сәтбай әулеті — баршаға әйгілі әулет. Кемел Ақышұлы осындай асылдардың сынығы, әкесі Ақыш Шорман әулетінен. Нақты айтсақ, Шорманнан аты Алашқа әйгілі Мұса мырза Шорманұлы, Мұстафа Шорманұлы, кезінде Сәтбай атамызбен қасиетті Меккеге қажылыққа барып, сол жерден топырақ бұйырған Иса қажы Шорманұлы және Әужан Шорманұлы туған. Кемел Ақышев осы Әужаннан тарайды. Анасы Ғазиза Имантайқызы — Қаныш Имантайұлының туған әпкесі. Ақыш ата мен Ғазиза отбасында сегіз перзент көреді. Қазақ халқының басынан өткен қасірет — ашаршылық бұл әулетті де айналып өтпеген. Өкінішке қарай, Ришат, Қамар және Кемелден өзге балалары аштық жылдары көз жұмады. Ақыш Әужанұлы мен Ғазиза Имантайқызы да 30-жылдары аштықтан қайтыс болған.
— Кемел Ақышұлы анасы қайтыс болған соң ағасы Қаныш Имантайұлының тәрбиесінде болғаны белгілі. Алматыдан мектеп бітірісімен 1942 жылы өзі сұранып майданға аттанған. Майданнан 1944 жылы ауыр жарақат алып, елге оралады. Осындай қиын кездерді басынан өткерген ұлы археолог қазақ ғылымында өшпес із қалдырған ғалым бола білді. Жалпы, Шорман, Сәтбай әулеті еліміздің басынан өткен барлық айтулы оқиғалардың бел ортасынан табылған. Ұлы Отан соғысына Кемелмен қатар бауыры Қамар Ақышев пен Ғалымтай Сәтбаев та майдан даласында ел қорғаған. Бір әулеттен құрбан болған үш арыс Әбікей Зейінұлы, Ғазиз (Бөкеш) Имантайұлы, Әбдікәрім Жәмінұлы Сәтбаевтар үшеуі де елге аса қадірлі де айтулы адамдар болған. Елге сіңірген еңбектері еселенер, нағыз толысқан шақтарында нақақтан-нақақ ұсталып, 1937 жылы құрбан болды. Қайдан топырақ бұйырғаны да белгісіз, — дейді Академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің бұқаралық жұмыс жөніндегі маманы Сансызбай Сапарғалиев.
Бұл сапарында Мая Әлішерқызы Ақыш ұрпақтары жайлы біраз ақпарат ұсынған. Сонымен қатар, музей қорына арнайы ала келген 43 фото, 2 мақала және 16 тарихи құжаттар папкасын табыстады. Құжаттардың ішінде сирек кездесетін фотолар баршылық. Соның ішінде Кемел Ақышев пен Қаныш Сәтбаевтың бірге түскен фотосы бар.
Мұрат Аяғанов.
Суреттер Мая Ақышеваның мұрағатынан алынды.