«Үш жүзге атым мәлім Жаяу Мұса,
Көрермін жанның бәрі мендей туса.
Аттыдан жаяу жүріп кек аламын,
Жігіттер, шамаң келсе, маған ұқса!»
Жаяу Мұса Байжанұлы.
Өмірбаяны
Жаяу Мұса Байжанұлы — қазақ халқының әйгілі әнші-сазгері, ақыны. 1835 жылы 30 шілде күні Павлодар облысы Баянауыл ауданы Ақшоқы алабында дүниеге келген. 1929 жылы дүние салған.
Алғаш ауыл молдасынан оқып, сауат ашады. Оң-солын тани келе өнер-білім қуып, Қызылжар, Омбы қалаларына келеді. Омбыдағы орыс мектебінде оқиды, қала өнерпаздарымен араласып, домбыра, сырнай, скрипка аспаптарын тартуды меңгереді, өзінің сезім-күйін әнге қосуға машықтанады, музыкалық әдеби кештерге араласады. Бойындағы өнерін жұрт алдында көрсете бастайды.
Қалада өткерген жылдарында Жаяу Мұса сол кездің саяси-әлеуметтік өмірін тереңірек танып, туған елінің бодандықтағы мүшкіл халіне ой зерделетіп, санасы толысқан шағында елге оралады. Ел ішіндегі әлеуметтік әділетсіздіктер мен сыртқы өктемдікті жай ғана бақылаушы болып қалмайды, өзінің ұстанымын тиісті жерінде өнерімен де, іс-әрекетімен де көрсетіп отырады. «Ақ сиса» сияқты әлеуметтік теңсіздікті әшкерелеген әндері ел ішіне тарай бастайды.
Ақыры Жаяу Мұсаға «Патша саясатына наразы адам» деген айып тағылып, Тобылға жер аударылады. Тобыл түрмесінде ол генерал-губернаторға хат жазып, әскер қатарына сұранады. Мұсаның өтініші қабылданады. Осылайша, оның әскер қатарындағы әр қиырды шарлаған күрделі өмірі басталады. Тобыл, Орынбор, Қазан, Новгород, Мәскеу, Владимир, Петербор қалаларында, Польша, Литва жерінде болады. Кейін Қоқан хандығының саясатына қарсы жұмсалған полковник М.Черняевтің әскерінің құрамында Алатау, Әулие-ата, Шымкент жорығына қатысады. Осы жорықта Ресей әскерінің зорлықшыл әре-кеттерін көзімен көрген Жаяу Мұса қатты налиды, ән-жырына қосады.
«Уикипедия» ашық энциклопедиясынан.