«Ұлтымыздың аса көрнекті тарихшысы Ермұхан Бекмаханов уақыт бедеріне бағынбаған, шыншыл ғалым болатын»
Академик Шапық Шөкин.
Биыл 15 ақпан күні ҚазКСР ғылым академиясының корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ермұхан Бекмаханұлы Бекмахановтың туғанына 110 жыл толмақ. Есімі елге танымал жерлес ғалымның қазақ ғылымын дамытуға қосқан үлесі ұшан-теңіз.
Ермұхан Бекмаханов 1915 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданына қарасты Төре ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Небары 6 жасында әкесінен айырылып, тағдыр тауқыметін тартып өседі. 1925-1931 жылдар аралығында Баянауылдағы мектепте жеті жылдық білім алады. Бұл оның жоғары оқу орнына түсуіне жеткіліксіз болғандықтан ары қарай сабағын басқа жақта жалғастырғысы келеді. Алайда ол мектеп бітірген жылы туған ағасы Дінше қос өкпесіне суық тиіп, өмірден өтеді. Осы жағдайдан кейін қайғыдан қан жұтқан анасы Ермұхан ұлының оқуға кетуіне қарсылық танытады. Соған қарамастан білім қуған жас Семейдегі жоғары оқу орнына дайындайтын курсқа бет алады. Сөйтіп, 1933 жылы Семейдегі жұмыс факультетін тәмамдап, ҚазПИ-дің физика-математика факультетіне оқуға түсу мақсатында Алматыға барады. Белгілі бір себептерге байланысты аталмыш оқу орнынан бас тартып, амалсыздан Тамбов қаласында ашылған педагогикалық институттың жаңадан құрылған тарих факультетіне түсуге құжаттарын тапсырады.
Осылайша, тарихшы болу үш ұйықтаса ойына кірмеген жас жігіт өзінің ғылымдағы алғашқы қадамын жасайды. Кейін, яғни 1936 жылы Халықтық ағарту комиссариатының шешімімен Тамбов педагогикалық институтының тарих факультеті жабылып, бұл топтың студенттері Воронеж педагогикалық институтына ауыстырылады. Ол оны ойдағыдай аяқтап шығады. Бұдан соң Қазақ КСР халық ағарту комиссариатының жанындағы ғылыми зерттеу институтында еңбек етеді. Соғыс жылдарында республикалық Халық ағарту комиссариатының басқарма басшысы болады. Кейін, яғни 1946-1947 жылдар аралығында Қазақ КСР Ғылым академиясында жаңадан ашылған тарих, археология және этнография институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, 1947 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік университетінде өзі ұйымдастырған Қазақстан тарихы кафедрасын басқарды.
Ғалым бар ғұмырын ғылымға, қазақ тарихын зерттеп, тарихи мәселелерді шешуге арнайды. Оның осы жолдағы еңбегі 1947 жылы «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» деген атпен орыс тілінде монография болып жарық көреді. Ол осы тақырыпта Мәскеуде тарих мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғаған. Өкініштісі, оның бұл еңбегіне пікір айтқандардың кейбірі мұны Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыстың тарихын ақтау тұрғысынан көрсеткен іс деп бағалап, оған буржуазияшыл-ұлтшыл идеологияны дәріптеуші деген саяси айып тағады. Бұдан кейін Ермұхан Бекмаханов еңбегіне байланысты пікірталастар күшейе түсті. Бірақ ол айтқанынан қайтпай, халқы үшін жан аямай күрескен Кенесары Қасымұлының батыр екенін дәлелдемек болады. Алайда қызыл империя оның кітабын да, өзін де аямай жазалады. 1947- 1950 жылдар аралығында ғалым өте қиын жағдайды басынан кешіп, моральдық соққы алды. 1951 жылы университеттегі жұмысынан қуылып, партия қатарынан шығарылды. Бұдан кейін біраз уақыт Алматы облысы, Нарынқол ауданындағы мектепте тарих пәнінен сабақ береді, кейін Жамбыл облысы, Шу ауданындағы Новотроицк ауылындағы мектепке мұғалім болып орналасады. 1952 жылы 5 қыркүйекте осы жерде тұтқындалды. Тергеу шарасы үш айға созылып, 1952 жылдың 2 желтоқсанында соты болады. Жоғарғы соттың әділетсіз үкімімен ол 25 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, алыстағы лагерьдің біріне айдалды. Алайда лагерьден тиісті органдарға жазған көптеген арызының нәтижесінде, академик, қоғам қайраткері Анна Панкратованың көмегімен Ермұхан Бекмахановтың ісі қайта қаралып, 1954 жылы 16 ақпанда ақталып шығады.
Басынан небір қиын күндер өтсе де мойымаған қайсар азамат қайтадан тарихты жазуға кірісіп, бұған дейін бастап қойған «Қазақстанның Ресейге қосылуы» атты еңбегін аяқтау ісімен айналысты. Бұл еңбегі жарыққа шығып, ғалым ғылым мен қоғамдағы орнын қайта табады. Кезінде өзі ұйымдастырған кафедрасы да қайтарылып беріледі. 1964 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі болып сайланады.
Көп ізденуден жалықпаған ол өмірінің соңына дейін тынымсыз еңбек етіп, ғылыми зерттеулермен айналысып, мектеп оқушылары үшін Қазақ КСР тарихының оқулығын жазып кетті. Артына өшпес мол мұра қалдырған ғалым 1966 жылы, яғни 51 жасында өмірден өтті. Еліміз егемендік алғаннан кейін Ермұхан Бекмахановтың басты еңбегі — «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты монографиясы ақталып, орыс жөне қазақ тілдеріндегі нұсқалары баспадан шықты.
Бүгінде ортамызда осындай ұлтын сүйген нар тұлғаның өзі жоқ болса да, оның қазақ ғылымына, тарихына қосқан өлшеусіз еңбегі ешқашан ұмытылмайды.
Әзірлеген — Нұржайна ШОДЫР.