Қарашаның қара суығы. Ысқырық аяз болмаса да Ертіс-Баян жұртшылығын қаралы суық хабар тоңдырғандай күй кештік. Елордадан мемлекет және қоғам қайраткері Рысты Мағауияқызы Жұмабекованың дәм-тұзы таусылыпты деген суыт хабар жетті.
Осының алдында ғана әріптестеріме бұл кісімен сұхбат ұйымдастыруды тапсырған едім. Хабарласыпты. Апайымыз денсаулығы сыр беріп жүргенін айтып, хабарға қатыса алмайтынына өкініш білдірген екен. Жазмышқа шара бар ма?! Өкінішті…
Жаныма жақын адамның қазасы менің де қабырғамды қайыстырды. Амалсыз қолыма қалам алғызды.
1989 жылдың жаз айы болатын. Кенже әпкем Павлодардағы педагогикалық училищені (қазіргі Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледж) тәмамдап, жолдамамен қазіргі Ақтоғай аудандық оқу бөліміне келеді. Жас маманға ел арасында «қыр жақ» деп атап кеткен Балтасап, Шілікті ауылдарында ғана бос орын барын айтады.
Содан анам марқұм екеуіміз жолға шығып, аудан орталығына бардық. Оқу бөлімінің меңгерушісі Р.М.Жұмабекова деген жазуы бар жұмыс кабинетін тауып кірдік.
Анам «әй-шәй жоқ» бірден
— Әй, қарағым, қаршадай қызымды «итөлген» жаққа жіберер жайым жоқ. Сен де біреудің қызысың ғой. Ештеңе білмеймін, біздің ауылда орын болмаса, жиектегі елді мекендердің бірінен орын тап. Қырға бармайды, — деді шортынан.
Біз кіргенде өңі қатқылдау адам, бірден жылы сөйлеп, анамның іші-бауырына кіріп кеткендей болды. Әңгіме де біз күткеннен қысқа болды.
— Болды. Ұқтым апатай. Уайымдамаңыз.
— Қызым қасымда болады. Бармайды қырға, — деп тағы бір нақтылап қойды анам.
— Алдағы аптада тамыз конференциясы болады. Жаңа келіп жатқан маман көп. Бір ретін табамыз. Сіз еш уайымсыз қайта беріңіз.
Осындай диалогтан кейін үйге қайттық. Белгіленген күні апайым чемоданын арқалап ауданға мұғалімдер кеңесіне кетті.
Анам екеуіміз үйде түскі шәйімізді ішіп отыр едік. Сөмкесін сүйретіп апайым кіріп келді.
— Мама, мені мына тұрған Алға (қазіргі Әбжан) ауылына жіберді. Сонда бастауыш сыныпқа сабақ беретін боламын, — деді қуанышы қойнына сыймай…
* * *
Екінші рет Рысты Мағауияқызымен жолыққаным — екінші мыңжылдықтың басы. Мен облыстық «Saryarqa samaly» газетіне жұмысқа тұрғанмын. Апайымыз — облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары. Осы жерде сәл шегініс жасауыма тура келіп тұр.
Бүгінде замандас журналистер ол кісі жайлы жылы сөзді көп айтады. Қоғамның ең бір күрделі саласына жетекшілік еткен тұсында біліктілігінің, өмірлік тәжірибесінің арқасында зор абырой арқалады. Білім, денсаулық, жасөспірімдер тәрбиесі сияқты мәселелерге келгенде алдына жан салмаушы еді. Адами қарым-қатынаста өте көркем мінеді, жүзінен үнемі жылулық лебі есіп тұратын. Ал жұмысқа келгенде қатулы, қайсар мінез бен өжеттілігін аңғарып қалатынбыз.
…Өңірімізге Елордадан бір топ Мәжіліс депутаты келіп, аудандарды аралады. Ертіс және Ақтоғай ауданына сапар барысында облыс басшылығынан Рысты Жұмабекова басқарып барды. Бір автобус тілшілер соңынан ердік. Екі күндік іссапар кезінде біз сол жақта түнейтін болдық. Өзім үшін іргелес ауыл сияқты көрінді ме, мен өз шаңырағыма барып қонсам деп жоспарладым. Әкім-
діктің баспасөз қызметінің жетекшісі болса жүз шақырымға таяу қашықтыққа жібергісі келмеді. Шыны керек, сол кездегі жастықтың жалыны ма екен, мен бірден «қалмаймын, бәрібір үйіме барамын» деп қыр көрсетіп шыға келдім.
Ашуға булығып, көліктің артына барып темекімді тұтатқаным сол еді:
— Өй, айналайын, бұртиып қалыпсың ғой. Тыныштық па? Не мәселе? — деген дауысқа жалт бұрылдым.
Облыс әкімінің орынбасары Рысты Жұмабекова қызметтік көлігіне мінгелі жатыр екен. Қасыма келді. Мұндай жылы сөз естігенде кез келген пендеге аяқ асты еркелік пайда болады емес пе. Ойланбастан: — Шешемнің қасына барып қонғым келген, мыналар жібермей жатыр, — дедім өзімсініп.
— Апасының «еркето-тайын ренжітіп жүрген қайсысы?» — деп бір күліп алды. Сосын лезде менің көлігіме отыр. Жеткізіп тастаймын, — деді.
Жанталасып көліктің есігін ашып, отырыңыз дедім де, өзім айналып артқы есікке бұрыла беріп едім, — Айналайын, сен де бір елдің азаматысың ғой. Алдыңғы орындыққа отыр, — деді.
Жолшыбай әңгіме-дүкен құрдық. Бір кездері анам екеуіміздің аудандық білім беру бөліміне барғанымызды айтып, бір күліп алдық. Бір сағаттық жолда отбасы жағдайымызды, анамның денсаулығын, елдің ахуалын көп сұрады. Ауылдағы қара шаңырақ алдына келіп тоқтадық. Қазақы дәстүрімізбен нан ауыз тиіңіздер деп үйге шақырдым. Шәй ішпейміз, үлкен апаға сәлем беріп шығайын деп үйге кірді. Тізе бүгіп, амандық сұрасты. Сосын мамама «мынау еркеңіз сізді сағынып қалыпты, мауқын бассын деп алып келдім» деді әзілдеп.
Мен де ол кісінің кісілігіне тәнті болып, ертеңгі іс-шараға кешікпей, мерзімінен бұрын жеттім.
* * *
Рысты Мағауияқызының адами қасиеттері жайлы көп айтуға болады. Әттең, соның бәрі енді өткен шақта.
Біраз уақыт болып қалды. Облысымыздың іргелі қара шаңырағы, ата басылым «Saryarqa samaly» газетінде жаңа жоба жасау керек болды. Содан ұжыммен ақылдаса келе «Елге сәлем» деген айдар ашуды ұйғардық. Ондағы мақсат – өңірімізден тыс жерде жүрген жерлестеріміздің туған жердің тыныс-тіршілігі, әлеуметтік ахуалы жайлы пікірлерін біліп, танымал тұлғалардың елге деген сағынышын жеткізу еді. Жасадық. Алғашқы қонағымыз кім болады деді қасымдағылар. Мен ойланбастан Рысты Жұмабекова дедім. Сол жерде қоңырау шалдым. Амандық сұрасып болған соң хабарласуға себеп болған шаруамды айттым. Бірден құптады. Ұзақ сөйлестік. Кейін алғашқы сұхбатты жарияладық.
Атының өзі айтып тұрғандай, жырақтағы жерлестерімізбен сұхбат аман-саулықтан басталды.
— Қош көрдік. Әуелі Алла, содан кейін ел-жұртымның тілеуімен жүріп жатырмыз. Жаратушымыздан елімізде үнемі осындай бейбіт күн болса екен деп тілеп отырамын. Өтпелі кезеңнің қиындығынан бек аман шығып, ақар-шақар қауышатын күнге жеттік. Енді Алладан қазағымның осы қуанышын көпсінбесе екен деп тілеймін, — деп бастады.
Сөз арасында Павлодардың тыныс-тіршілігі, күнделікті күйбең тірлігін назардан тыс қалдырмай, бақылап отыратынын айтты.
— Туған-туыстарым сонда. Жақын достарым мен кезінде қызметтес болған әріптестерім бар. Хабар-ошар үзілген емес. Барлығымен күн ара хабарласып отыратын жайым бар. Бір сөзбен айтқанда, шағын Отаныммен байланыс бір сәт үзіліп көрген емес. Жүрегімнің төрінен орын алған төркін жұртымда болып жатқан игі істерді, жағымды жаңалықтарды естігенде марқайып қаламын. Өмір болған соң жайсыз жағдайлардың болып тұратыны да заңдылық қой. Ондайда көңілім құлазып, бойымды кәдімгідей ауыртпашылық билеп, налып отыратын кездер де жоқ емес, — деді.
Ата-бабасының мәңгілік мекені сол топырақтан бұйырған соң марқұмдардың басына жиі барып, зиярат етіп отырады екен. Алланың қалауымен демалыс алған сайын Исабек ишан, Жандарбек қожа, Мәшекеңдер жатқан киелі жерлерді жиі аралап тұратын.
Басқасын қайдам, дәл Ертістің Павлодар өңіріне қосқан сіздің еңбегіңіз өлшеусіз екені ақиқат. Облысымыздағы идеологиялық саясаттың тізгінін ұстадыңыз. Күрделі жұмысқа қорықпай білек сыбанып, бұқарамен етене жақын араластыңыз ғой дедім мен де әңгіме ауанын мемлекеттік қызметтегі тәжірибесіне бұрып.
— Енді бұл әркімнің ел алдындағы міндеті шығар. Десе де, аз ғана еңбегімді елеп, жоғары бағалап жатқаныңызға қуаныштымын. Тіпті, мұндайда рақмет деудің өзі қиын екен. Шынымен де, артында кешегі күннен естелік болатын бір із қалып жатса, адам баласы өзін бақытты сезінеді. Құдайға шүкір, мен өзімді сондай бақыттылар қатарынанмын деп ойлаймын. Жұмабек, Сіз жақсы білуге тиіссіз, пенде болған соң адам баласының арманы бітпейді. Арман – бұл әр адамның қиялы мен қалауынан туған биік шың. Ол — адаммен бірге өзгеріп отыратын, өмірімізді ынталандыратын күш. Мен де ет пен сүйектен жаралған соң кей-кейде қиялға берілемін. Өткен-кеткенді сүзгіден өткізіп, бүгінімді бағамдаймын. Болашаққа көз жүгіртемін. Сондай шақтарда егер маған тағы бір мүмкіндік беріліп жатса, мен ең әуелі ұрпағымыздың бойындағы отансүйгіштікті қалыптастыратын патриоттық тәрбиеге ерекше мән берер едім. Бұл істі балабақшадан бастап, жоғары оқу орындарына дейін үздіксіз этаппен жүргізу керек деп санаймын. Бүгінгі жаһандану заманына жұтылып кетпейік десек, осыны қолға алуымыз керек, — деп қалды.
Осы жерде жұлып алғандай сөзін бөліп, сонда бүгінгі таңда, әттең-ай, мына жұмысты жетесіне жеткізе алмай кеттім-ау деген сәттеріңіз боп тұр ма деп қалдым.
— Несін жасырамыз, өскелең ұрпақтың заманауи тәрбиесіне қарап қарның ашады, болашағын елестетсең бойыңды қорқыныш билейді. Бұдан шығатын қорытынды — біз ғаламтор, теледидар, әлеуметтік желі сынды ақпараттық технологиядан безінбеуіміз керек. Ол керек. Керек жерінде пайдалансаң болғаны. Ал бүгінгі бала-шаға оны кәдесіне тиімді жаратып жатыр ма?! Қазіргі ұрпақты ата-баба дәстүрі, тарихы, шежіресі қызықтыра ма? Түрлі гаджетке үйір бала оны керек қыла ма? Міне, осы мәселе маған маза бермей жүр. Бұдан кейін қандай патриоттық сезім туралы айтуға болады?
Отанға деген махаббат, туған жерге деген адалдық, достық, ғашықтық сезім, мансапқа құмарлық, сатқындық сынды ықылым заманнан бері өзектілігін жоғалтпай келе жатқан ұғымдарға қарсы шыққан Сұлтан Бейбарыстың бойындағы қасиетке қызыққан бала бар ма? Келешек алдында бәріміз жауаптымыз. Мен облыста қызмет еткен шақта бүгінгідей рухани құндылығымызды насихаттауға айтарлықтай көңіл бөлінбеді. Бұл ақталу емес. Өмір шындығы. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауынан тайғанақтамай өту басты арман еді ғой. Шүкір, өттік. Оны қазбалай бермей-ақ қояйын. Қиын кез еді ғой. Енді кешенің еншісінде кеткен есемізді қайтаратын кез келді, — деп түйіндеп еді ойын.
Иә, ойды ой қозғайды емес пе?! Жуырда облыс әкімінің бастамасымен Рысты Мағауияқызының рухына арналып дұға оқытылды, ас берілді.
Жарықтық Рысты апамның елге жасаған жақсылығы, кәсіби шеберлігі, турашылдығы туралы көп айтылды. Қанша жыл жақын араласып, бауырына басып жүр-генінде «мен ананы жасадым, мен мынаны жасадым» дегенін ешқашан естіп көрмедім. Тектілігі ғой! Өз-өзінен «қаһарман» жасау бұл кісіге мүлдем жат қылық еді. Есесіне, жақсылығын жұрт айтады. Жарасымды ғой. Елі ұмытпайды.
— Адам ұмытылған күні ғана өледі. Ал артында өлмейтұғын өнеге қалдырған Рысты Мағауияқызын Ертіс-Баян жұртшылығы ұмытпайды. Жарқын бейнесі жүректерде мәңгі сақталады, — деді өңір басшысы.
Шара соңында әулеті атынан марқұмның қызы Ғафура сөз алды. Егіліп тұрып орны толмас қазаға ортақтасқан жамағатқа ыстық ықыласын жеткізді. Текті жерден шыққан Рысты апамыз саналы ғұмырын мемлекеттік қызметте өткізіп, қанша жерден алтын уақытын үйдің тірлігі емес, елдің қамына арнаса да ұрпақ тәрбиесін бір сәт назардан шығармағанын байқадым.
Ғафура қарындасымыздың сөзі түйдек, ойы анық, бастысы еш жасандылықсыз шынайы шықты. Ана сүтімен дарыған ана тіліне құрмет тәрбиемен келеді. Үйдегі!
Осы жерде бірнеше жыл бұрынғы сұхбатта Рысты апамның ұрпақ тәрбиесі туралы айтқандары ойыма орала кетті. Өткен күннің еншісінде кеткен есеміз дегені осы екен ғой, қайтарған екен, — дедім ішімнен күбірлеп.
Шынымен, Ғафурадай қызы, Сұлтандай ұлы аналарының өнегелі ғұмырын абыроймен асқақтата бермек. Халқымызда адам ұрпағымен мың жасайды деп жатушы еді ғой. Лайым, ұрпақтарыңыз жақсы амалдарымен сіздің атыңызды мәңгілік етсін.
Бақұл болыңыз, жақсы адам!
Жұмабек Сманов,
«Ertis» телеарнасының директоры, журналист.
Сурет В.Бугаевтың мұрағатынан алынды.
