«Ұстазым», «Қайдасыңдар, достарым?»

Жел 11, 2025

Композитор Әбілахат Еспаевтың павлодарлық ақындармен шығармашылық байланысы туралы

Халқымыздың маңдайына біткен талантты композиторлардың бірі – Әбілахат Еспаев. Биыл лирикалық әндерімен танымал көрнекті сазгердің дүниеге келгеніне 100 жыл. Композитор Әбілахат Еспаевтың әйгілі әндеріне өлең сөздерін Павлодар өңірінің ақындары да жазғанын атап өтуіміз керек. Нақты айтқанда, Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев, көрнекті ақындар Аманжол Шамкенов және Қабдыкәрім Ыдырысовтармен шығармашылық байланысы сәтті өрбіп, жұрт жүрегін жылытқан әуезді әндер дүниеге келді. Олар әлі де ел ішінде, ұмытылмай, жиын-шараларда жиі шырқалып келеді. Олар қандай әндер еді?

Музыкатанушылар Әбілахат Еспаевтың шығармасы қашанда жан-жақты болғанын айтады. Еспаевтың әуендері ойға оралымды, жүрекке жылы, үйренуге жеңіл, ұлттық нақышқа бай. Мұның сыры Әбілахат әндерінің байырғы халық әндерімен сабақтас, үндес, рухтас келуінде болса керек.

Біз таланты композитор Әбілахат Еспаевтың павлодарлық ақындармен шығармашылық серіктестік негізінде туған әндеріне тоқталатын боламыз.

– Кел, балалар, ойнайық,

Ойнайық та ойлайық.

Қандай жұмбақ болса да,

Шешпей оны қоймайық,

деп басталатын жеңіл ырғақты ән бар еді. Қазақ радиосынан берілетін балаларға арналған хабарлар осы әнмен басталатын. Әннің аты — «Ойлан, тап!». Бұл әннің сөзі — көрнекті ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың өлеңі. Арнайы радиобағдарламаға жазылған туынды болатын. Балдырғандар бұл бағдарламаны асыға күтеді, осы ән айтыла бастаса бірге қосыла шырқайды. Ақынның сәтті табылған ырғақты сөздеріне композитор тамаша әуен тудырып, сәтті үйлесім тапқан.

Әннің қайырмасы былайша өріле жөнеледі:

Ал, балалар, тыңдаңдар,

Асығыстық қылмаңдар.

Асықпайық деп және

Бөгеліп те тұрмаңдар.

Бәрің жақсы тыңдаңдар,

Бөгеліп көп тұрмаңдар.

Жұмбақ та бар аспан көк,

Самолетпен зырлаңдар.

Осылайша, ойнақы да сәулелі әнмен бірнеше буын ұрпақ ой санасын өсірді.

Әбілахат Еспаевтың ән қоржынында 250-ге жуық ән мен романстардың бары айтылады. Болашақ композитордың ең алғашқы «Туған ел» атты әні 1942 жылы, яғни 17 жасында қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ беретін мұғалімі А.Сапақовтың өлеңіне жазылыпты. Әбілахат ағамыз мектеп бітіре сала соғысқа аттанады. Днепр шайқасына қатысып, контузия алады. Осы кезеңге арнап ақын Сырбай Мәуленовтің «Днепр туралы жыр» атты өлеңіне ән жазған. Кейін оның «Маржан қыз», «Жайық қызы», «Қыз қуу», «Аққуым», «Ақ сәуле», «Шофер келді қырманға», «Өзің де, жігіт, қызықсың», «Қыз әзілі», «Жігіт жауабы», «Әлі есімде» ескілді әндері халық арасына тез танымал болады.

Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев пен Әбілахат Еспаевтың шығармашылық одағынан туған «Өзің де, жігіт, қызықсың» атты ән бар. Жалпы, екі тұлға өмірде бір-бірін ерте танып, шығармашылық әлеуеттерін бірден мойындаған.

Бұл туралы Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың естелігі де бар:

«Қазақ радиосының музыка редакциясының бастығы Мақсұтбек Майшекиннің кабинетінде Әбілахат Еспаевпен жақынырақ таныстым. Майдангер офицер екен. Менен бір жас кіші, үйлі-баранды, кішкентайлары бар екен. Мен әлі сүрбойдақпын. Мен оған:

– Атың қызық екен, Әбілахат…Әбілхаят.

– Сенің атың да қазақтың төл аты емес қой, – деді Әбілахат.

– Сенің атың тым айғайлап тұр екен, өміршең құдай, ғұмырлы құдірет, – дедім.

– Пай, пай, әсем ән шығаратындар, менсіз де аспанға самғайды, менсіз де… – деді ол.

– Құдай қосса, өнерімен аспанға самғайтынның өзі – осы Әбілахат! – деді Мақсұтбек.

1954 жылға дейін жастықтың сейіл-серуенінде жиі кездесіп, дуылдасып жүргенмен «менің өлеңіме ән жазшы» деп мен де қиылғаным жоқ.

Менің Әділхан Қайыржанов деген аяулы досым болды. Соған әзілдеп шығарған өлеңім еді. Мен бұл өлеңімді досымның альбомына жазып бергем. Ол «Өзің де, жігіт, қызықсың» деген өлең. Бір күні түскі ас ішуге Әбілахат, Сыдық (Мұхамеджанов – ред.) үшеуіміз кафеге бара қалдық. Әңгіме барысында есіме түсіп, өлеңді оқып бергем. Сыдық пен Әбілахат ән жазбақшы болды. Жырым келте болған соң ортасына бір ауыз шумақ қосып алды. Екі ән осы күнге дейін айтылады. Бірі жиі, бірі сирек. Әбілахат екеуіміздің өнер ынтымақтығымыз осылай басталған-ды» деп жазады Мұзағаң.

Міне, Әбілахат Еспаев пен Мұзафар Әлімбаевтың шығармашылық серіктестігің нәтижесінде туған «Өзің де, жігіт, қызықсың» атты әннің өлең жолдары мынадай.

Ғашық боп сырттан үзіліп,

Қыз жоқта маған айтасың.

Ол барда өңің бұзылып,

Үндемей үйге қайтасың.

Өзің де, жігіт, қызықсың,

Сырыңды қайдан қыз ұқсын?!

Жұмыстан қайтар кезіңде

Кеңсесі алдын бағасың.

Тілдесе алмай өзімен,

Сыртынан мәз боп қаласың.

Өзің де, жігіт, қызықсың,

Сырыңды қайдан қыз ұқсын?!

Күн нұры түспей гүл өзі

Ашылар деме бекерге.

Жігіттің жылы бір сөзі

Жібітпей қызды кетер ме?

Өзің де, жігіт, қызықсың,

Сырыңды қайдан қыз ұқсын?!

Иә, мәтіні қандай көркем болса, ән сазы да сондай көркем.

Әбілахат Еспаевтың композиторлық атағын шартарапқа ұмытылмастай етіп жайған екі әуенді айтсақ, оқырман бірден шырқай жөнелетіні даусыз. Олар — «Ұстазым менің, ұстазым» және «Қайдасыңдар, достарым» әндері. Қызығы сол, бұл екі әннің өлеңдерін жазған павлодарлық ақындар.

«Ұстазымның» сөзін Үндістанның Джавахарлал Неру атындағы халықаралық сыйлығының лауреаты атанған ақын Аманжол Шамкенов жазды. Ол — өзіміздің Ертіс ауданының тумасы, ұзақ жылдар бойы Алматыда шығармашылықпен айналысты.

Ән сөздерін есіңізге түсірдіңіз бе? Ал, ендеше, бірге шырқайық…

Тұлғаңды арманыма

                            ұқсатқанмын,

Үлгіңді көңіліме

                           қыстатқанмын.

Есімде, әліппені
жаттатқызып,

Ең алғаш қолға қалам

                              ұстатқаның.

Қайырмасы:

Ұстазым менің, ұстазым,

Өзіңмен өткен қыс-жазым.

Қалдырған ізің мәңгілік,

Жадымда тұрар жаңғырып.

Ұстазым менің, ұстазым…

Бұл – ақын Аманжол Шамкеновтің шығармашылық әлеуетін танытқан өлеңнің бірі еді. Әуезділігі сондай, Әбілахат атамыз бірден сөзін жазып, мөлдір әнге айналдырды.

Әбілахат Еспаевтың сәтті шыққан шығармаларының бірі – «Ұстазым менің, ұстазым» әні ұстаздар қауымының әнұранына айналды.

Әннің туу тарихына тоқталсақ, 1960 жылы Алматыда өткен мұғалімдердің құрылтайында ұстаздар туралы жаңа ән керек болып, Жамал Омарова «Бұл әнді тек Әбілахат қана жаза алады» деп үлкен сенім артады. Осылайша бір күннің ішінде жазылған ән көптің көңілінен шығады. Содан бері қаншама жылдар өтті. Әнді қаншама әнші, қаншама оқушы-жастар, қаншама «әу» дейтін қалың жұрт айтты және айтып келеді. Бұл әннің әлі де ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, айтыла беретініне шүбә келтіре алмаймыз. Әбілахат Еспаевтың ән әлеміндегі құдіреттілігінің өзі де осы шығар.

Қарап тұрсаңыз, Әбілахат Еспаевтың әндері адамның бүкіл ғұмырындағы сәттерді көз алдыңызға әкеліп, жүректі баурайды. Ол балаларға арналған, Қабдыкәрім Ыдырысовтың өлеңіне жазылған «Кел, балалар, ойнайық» атты ән тудырды. Мектеп оқушыларының қимастық сезімін оятып, бойларын сағынышқа билеткен, көздеріне жас алдырған «Ұстазым» әні қандай биікке шырқады. Оның да өлеңін жазған керекулік ақын Аманжол Шамкенов екенін айттық. Мұзафар Әлімбаевтың өлеңіне жазылған ән де «Өзің де, жігіт, қызықсың» деген жастық шақтың романтикасын аспандатты.

Осындай тамашы бір жастық шақтың бір куәсі, жыршысы – «Қайдасыңдар, достарым?» атты ән. Әннің сөздері – өзіміздің жерлесіміз, Ақтоғай ауданының тумасы, ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың өлеңі. Қаншама уақыттан бері бұл — жастардың гимні. Арман қуып сан тарапқа тарап кетіп, уақыт өте бір-бірін сағынысып, алып ұшқан сезімдерді білдіретін ерекше тебіреністі ән.

Достар, достар, жүрсің қайда?

Бірге еді ғой жанымыз.

Еске алысып осындайда,

Кел, шырқайық бәріміз!

Бәріміз де таптық бүгін,

Бақыт жолын іздеген.

Дос үміті – достық сезім,

Әрқашанда бізбенен,
деп шарқ ұрып асқақтайды әуен. Жүректі бұлқынтады, жаныңызды жылытады, әдемі кезеңдерді еске оралтады.

Қабдыкәрім Ыдырысов пен Әбілахат Еспаевтың шығармашылық бірлестігінен туған «Қайдасыңдар, достарым» әні — Қазақстанның өнер қайраткерлерінің репертуарынан ойып орын алған туынды. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ильясова бұл әнді жиі шырқайды. Халық әртісі Мақпал Жүнісова «Қайдасыңдар, достарым» атауымен өзінің жеке концерттерін бергені есімізде. Мұның бәрі – әннің нағыз халықшыл туынды, жүректен орын алғанын білдірсе керек.

Өкінішке қарай, ұқыпсыздықтың бәлкім сауатсыздықтың салдарынан, бүгінгі күні теледидарда немесе интернетте әндердің авторларын көрсеткенде, тек композитордың ғана аты-жөнін жазады да, өлең сөзінің иесін көрсетпеу әдетке айналып барады. Қандай талантты музыка-ән болсын, өлең сөзі қуатты болмаса, халық жадына сіңбейді. Бұл ретте Майра Ильясова, Мақпал Жүнісова секілді апайларымыз алдымен осы ақын мен композитор ағаларының есімдерін міндетті түрде атап көрсетеді, рухтарына тағзым етіп алып, шырқауға кірісетініне риза боласың. Бұл – білімділіктің көрінісі. Одан жастар өнеге алуы керек.

Әбілахат Еспаев ән жанрының көкжиегін кеңейтіп кетті. Бұл тұрғыда оның Абайдың өлеңіне жазылған «Өзгеге көңілім тоярсың», «Мен сәлем жазамын» романстары әріптестері Мұқан Төлебаев, Сыдық Мұхамеджанов, Нұрғиса Тілендиев туындыларымен иық тіресіп тұр. Ал оның балалар музыкасына қосқан үлесі өзінше бір төбе. «Ойлан, тап!», «Құлыншақ», «Ортеке» әндерінің орны бөлек. Сонымен қатар, Қасым Аманжоловтың «Досымның үйленуі», Садықбек Адамбековтің «Күн мен көлеңке», Иса Байзақовтың «Ақбөпе», Әбділдә Тәжібаевтың «Той болады» спектакльдеріне музыка жазған.

1973 жылы Бүкілодақтық ән байқауына Кеңес елінің (КСРО) әйгілі композиторлары қатысты. Сол байқауда Әбілахат Еспаев Жамбыл атамыздың өлеңіне жазылған «Одағым – бақыт ордасы» атты әнімен жүлделі екінші орынды жеңіп алып, Қазақстанның атын шығарды.

«Ақын мен композитордың өмірі қысқа, ән ғұмыры ұзақ» деген Әбілахат Еспаев 1980 жылы дүниеден озды, ол қамшының сабындай-ақ қысқа өмірінде ұзақ ғұмырлы ән қалдырып кетті. Атақты Нұрғиса Тілендиев: «Әбілахат Еспаев әннен тау тұрғызды. Ол – ұлы композитор» десе, Шәмші Қалдаяқов: «Ешқандай комментарийді қажет етпейтін, аты аңызға айналған тұлға» деп бағалапты.

Алдағы уақытта да сазгер әндеріне деген ел ықыласы басылмайды деген үміттеміз. Зерттеушілер Әбілахат Еспаевтың кеңестік идеологияға сәйкес жазылған әндеріне жаңаша сөздер жазып, қайтадан жаңғыртуды ұсынып келеді. Мұның бәрі алдағы уақыттың еншісінде деп білеміз.

Әзірге біз таудай дарынды Әбілахат Еспаевтың шығармашылығы ерке Ертістің жағасында, шағыл құмға аунап өскен талантты ақындар Мұзафар Әлімбаев, Аманжол Шамкенов, Қабдыкәрім Ыдырысовтардың поэзиясымен үндес, өзектес болғанын жас буынға дәріптей берелік.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
қабдыкәрімтанушы.