Әнші Майра

Мау 12, 2025

Ән әлемінің падишасы – Майра Уәлиқызы Шамсутдинова жайлы мен алғаш 8-сыныпта оқып жүргенімде естідім. Әдебиет пәнінің мұғалімі Қабек Сағитов: – Кезінде аты қалың елге жайылған атақты Майра деген әнші болған екен. Ол өзі өмір сүрген заманда әнші Майра Иса Байзақов пен Әміре Қашаубаевтармен, тіпті атақты қазақ палуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтармен Қоянды, Баянауыл, Семей жәрмеңкелерінде ән айтқан екен, — деп мақтайтын.
Өзі ерекше сұлу болыпты дейтін.

«Оны көргендер есінен танып, ғашық болады екен», – деп әсірелеп айтатын. Кейін Майра Шамсутдинова жайлы Ертіс қаласына оқуға барғанда ұстаздарымыздан да көп естідім. Содан 1965 жылы біздің нөмірі екінші қазақ мектебіне атақты Майраның әндерін құйқылжыта айтатын, осы біздің мектептің түлегі, Алматыдағы Қазақ концерттің белді әншісі Хафиза Әбуғалиева келеді деді. Мектепте бір үлкен конференция ұйымдастырылатын болып, соған Алматыдан мектеп дирекциясының шақыруымен арнайы осы шараға қатысып, ән салатын көрінеді. Конференция басталар күні бәріміз сынып-сынып болып жиналып, мектептің үлкен залында тосып тұрмыз. Келді. Қолаң шашы тірсегіне түскен, сұлу келіншек екен. Өте мейірімді, «балақайларым» деп тұратын жан болып көрінді.

Конференция басталды. Баяндама жасалды. Жарыссөзге қатысқан мұғалімдер де болды. Соңынан арнайы келген қонағымыз Хафиза Әбуғалиеваға сөз берілді. Ол мектеп мұғалімдеріне алғысын білдіріп, оқушыларға ақыл-кеңесін айтып барып: – Енді мен сіздерге атақты Майраның өзі шығарған әндерін айтып берейін, – деді.

Қолына үлкен аккардионды алып, тарта жөнелді де, әнін жалғастырмай тұрып: – Қазақ даласын әнге бөлеп, өз заманының сандуғашы атанған композитор-әнші, тума дарын, қайталанбас тұлға артына өшпес ән мұрасын қалдырған Майраның бірнеше әнін орындап берейін. Мен бүкіл өнер жолымды осы Майра әншіге арнадым, – деп шырқап кетті: «Дегенде атым Майра, атым Майра, Отыз тіс, көмекей мен тілім, сайра. Қолға алып гармонымды шырқағанда, Ілесер сонда маған жігіт қайда?» – деп төгілтті-ай кеп. Зал тына қалды. Неткен ғажап дауыс. Біздің алдымызда Майраны көрмесек те, әнші Майра тұрғандай болды. Хафиза апамыз осы жолы бізге Майраның өзі шығарып — айтқан әндері – «Ахау, Семей», «Гауһар тас», «Ертіс», «Сәулемайды» орындап берді. Осы кездесуде біз  атақты әнші Майра жайлы Хафиза Әбуғалиевадан біраз мағлұмат та алдық. Міне, Майра Шамсутдинова жайлы сол кездегі білгендерім.

Майра Шамсутдинова Павлодар қаласында дүниеге келген. Туған жылы туралы әртүрлі деректер бар. Ол бала жасынан гармон тартып, ән салған. Кереку, Баянауыл, Семей аймағындағы, тіпті Қоянды жәрмеңкесінде де, ауылдағы той-думандарда өнер көрсетіп, есімі елге жайылған әнші болыпты. Тума талант, дарынды әнші, белгілі композитор атанған, қайталанбас тұлға. Артында ән өнерінен өшпес мұра қалдырған қазақтың сандуғаш әншісі. Майраның әкесі Уәли татар ұлтының азаматы болыпты, ал анасы Қатира қазақтан шыққан ибалы, үлгілі жан болған дейді. Олар жалғыз қыздары Майраны қатарынан кем қылмаймыз деп молдаға беріп, оқытады. Майра бала кезінен орыс тіліне жетік болады. Айналасындағы орыс балаларымен араласып жүріп, орыс тілін үйреніп алады. Әкесі Уәли Майраға домбыраға қоса «тальянка» деп аталатын кішкентай гармон сатып әпереді. Ал ол гармон ойнауды өзі үйреніп алады. Мүшел жасқа келгенде Майра Павлодар өңіріне аты шыққан әнші қыз атанады. Қалада той-думандар ол кезде Майрасыз өтпейді екен. Көркем де сұлу Майраның сыңғырлаған дауысы гармон үніне қосылғанда оны тыңдаған жұрт ерекше ләззатқа бөленіп, одан таң атқанша ән сұрайтын көрінеді.

Бірде Майраны ата-анасы Баянауылда өтіп жатқан жәрмеңкеге апарады. Ойы — осы жәрмеңкеде Майраға ән айтқызу. Жәрмеңкеге келе жатып анадайдан әнші Майра гармонын алып, халықтың «Екі жирен» әнін шырқай жөнеледі. Сол кеште Майра «Қарғам-ау», «Сәулем-ай» сияқты қазақтың тамаша әндерін құйқылжыта, нақышына келтіріп орындап береді. Жиналған қауым ән әлемінде қалықтайды. Осы жәрмеңкеде Майраның айтқан әндері Баянауыл тыңдаушыларының көңілінен шығып, оларға ерекше әсер қалдырады. Кезде суде Майраға атақты Мұса Шормановтың немересі Жармағамбет бір көргеннен ғашық болып, оған сөз айтады. Бірақ Майра оған жауап бермейді. Содан Жармағамбет болыс өзінің сойылын соғатын жігіттермен келіп, Майраның келісімінсіз оны үйінен алып қашып кетеді. Ертеңіне Шорман жағы ат шаптырып, үлкен той-думан жасайды. Жұрттың сұрауы бойынша өзінің тойында Майра ән айтады. Ол өте өжет болады. Сондықтан да алқалы топ арасында тұрмысқа шықса да, отырып қалмай ән салып, өнерін жалғастыра береді. Майраны тоқалдыққа алған Жармағамбет екі жыл өткен соң соқырішек ауруына шалдығып, Омбыда операция жасатқанымен, сәтсіз болып, дүниеден өтеді. Ал Майра Керекудегі үйіне оралғанда, әкесінің қайтыс болғанын естіп, қатты қайғырады. Майра Шамсутдинова домбырамен де әнді тамаша айтқан екен. Әсіресе, Арқа әндерін ерекше сезіммен әсерлене орындаған. «Ән салған сайын жүзі нұрланып, Майра құлпырып кететін» деп жазған оны көзі көргендер. «Майра осы сәтте бақытқа бөленіп, бар дүниені ұмытып, ән қанатында керемет күй кешетін. Ал ән салмаған кезде жүзінен әлдеқандай арман-өкініш, тұңғиық мұң көрініп, оны көңілсіздік басатын», – дейді.

Бұл әрине әннің құдіреті болар. Майра Шамсутдинованың өткен өмір жолы ойдағыдай болмайды. Сол толғаныста жүргенде ол «Арғы жағы Ертістің», «Толқыма», «Қызыл гүл», «Ахау аридай» әндерін жарыққа шығарады. Осы әндері арқылы Майраның атағы алысқа тарайды. Халық оның әндерін көбіне жәрмеңкелерде немесе әртүрлі той-думандарда тыңдап жүреді. Бір жәрмеңкеде Майраның өнері мен сұлулығына тәнті болған семейлік Әбілмәжін дейтін палуан, әрі оқыған жігіт әншіні әдейі іздеп Керекуге келеді. Олар көп сырласып, бір-бірін ұнатып, сөз байласып, Семейге аттанады. Аздан соң Майра Керекудегі анасын қолына Семейге көшіріп алады. Семейде де әр демалыс сайын қала тұрғындары Ертіс жағасындағы қалың орман ішінде жиналып, ойын-сауық құратын. Майра сол жиында ән атасы Әміремен, Абай ауылының әншісі Әлмағамбетпен кездеседі. Осыдан бастап игі жақсылар арнайы концерт ұйымдастырып, шығармашылық байланыста болады.

Майра өзінің әнімен, сәнімен көпшіліктің көзіне түседі. Сән-салтанатымен бақыт құшағында жүрген Майра көре алмайтын дұшпандардың кесірінен өмірлік жары Әбілмәжінмен сөзге келіп, аралары ашылып кетеді, ақыры ажырасып тынады. Белгілі өнер зерттеушісі Ілия Жақановтың «Екі әннің тарихы туралы» естелігінде Майраның «Бақша» әні Әбілмәжінге арналғаны жайында айтады. Араға түскен қызғаныш оты адал махаббатты құрбан етеді. Майра күйеуінен айырылған кезде анасы дүние салады.

Майраның «Бақша» әнін белгілі өнер зерттеушісі Александр Затаевич: «… Бұл — керемет, жаныңа тиетін, қайғыға толы мелодия, бұл әнді аза тұту әні деуге болады» – десе, академик Ахмет Жұбанов: «Қалай дегенде «Бақша» – әннің асылы» – деген екен. «Бақша» әнінен кейін Майра Уәлиқызының «Арғы жағы Ертістің» деген әні жарық көреді. Бұл Майраның жалғыздықтан жаны жүдеп, дертке дауа таба алмаған сәттерінде туған мұңлы әні болатын. Александр Затаевич кезінде композитор-әнші Майра жайлы көп естиді, бірақ оны көре алмай жүреді. Бірде Ертіс өзені бойында кемеде келе жатып каютада отырған Александр Затаевич гармонға қосылып ән салған әйел дауысын естиді. «Апырай, бұл кім екен? Қазақ әйелдерінің ішінен гармонмен ән салған әншіні көрген емеспін. Бұл дәу де болса Майра… Иса Байзақов айтқан Майра осы болар» – деп ән естілген жаққа беттейді.

Халық әншіні қоршап алған. Затаевич Майрамен осы жерде танысады. Майра ән шырқайды. Затаевич Майраның он үш әнін сол жерде нотаға түсіріп алады. Майраның дарынына тәнті болған Затаевич әншіні Алматыға шақырады. Майра денсаулығының төмендеп кеткеніне байланысты бара алмайды.

1988 жылы Қазақ радиосының Павлодар облысы бойынша меншікті тілшісі, әрі Павлодар облыстық телевидениесінде қызмет атқарып жүрген кезімде атақты әнші, Майра әншінің заңды мұрагері атанған Хафиза Әбуғалиева жайлы телевидениеге хабар түсірейін деп Алматыға бардым. Міне, осы кездесуде Хафиза әнші бала кезінен Майраның атын естіп, сол сияқты қазақ еліне танымал әнші боламын деп армандайды. Арманы орындалып әнші болады. Тіпті «Хафиза Әбуғалиеваның дауысына ғашықпын» деп бұлбұл әнші Роза Бағланова сол кездесуде маған сұхбат та берген еді.

Хафиза әнші маған сол кездесуде «Майра әнші кезінде халықтың сүйікті әншісі болғанымен, оның тағдыры өте аянышты болды» деп өзі естіген әңгімелерді айтып еді: «Майрадай халықтың сүйікті әншісі боламын деп мен көп іздендім. Ол жайлы жазылған мақалаларды да, шағын кітапшалардағы естеліктерді де оқыдым. Сондағы түсінгенім, Майра Уәлиқызы жайлы жазылған Ахмет Жұбановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Әбділда Тәжібаевтың, Сапарғали Бегалиндерден бастап, Мақсұтжан Майшекин секілді ғалым, жазушылардың естеліктерінің көбі шындыққа жанаспайтын сияқты. Ғабең өз естелігінде: «Майраны ең алғаш Күйекбай деген байдың баласы айттырды. Қызға ұрын келгенде есебін тауып, Майраны Әсет деген жігіт алып қашты» дейді. «Содан бері Майра он бір жыл жесір отыр» депті. Ал Әнуар Рақышұлы өз естелігінде «Майра менің әкем Рақышқа тұрмысқа шыққан» деп жазады.

Мұхамеджан Дәуренбековтің жазуында – әнші Байғабыл Жылқыбаевтың айтуынша, «Майраның құдаласып қойған тұңғыш қосағының аты — Шақар, ол Майра екеуі отау құрғаннан кейін сегіз айдан соң қайтыс болған» дейді. Ел арасындағы өсектерден құралған осындай әңгімелерді оқып, тіпті күйініп кетемін», – деп Хафиза апай Майра әншінің өткен өміріне қатты алаңдайтынын айтып: – Осы Майраның өмірін терең зерттейтін бір адам табылмады ғой», – деп қынжылды. «Жұрт не айтаса да, мен үшін Майраға жететін әнші жоқ. Оның дауысын өз құлағыммен естімесем де, әкем Әбуғалидің айтуынша, «сол заманда біздің өңірде Әміре мен Майрадай ән салатын адам болмаған» дейтін. Ал мен әкемнің осы айтқан сөзін жадымнан еш шығарған емеспін», – деп әнші Майраға деген сүйіспеншілігін Хафиза Әбуғалиева маған осылай жеткізіп еді. Сол сәт мен де Майра Шамсутдинова деп елең ете қалдым. Павлодарға келісімен «Әнші Майра» деген телехабар дайындап, радиоға бағдарлама жасадым. Менің сол телехабарыма қатысқан қазіргі «Сарыарқа самалы» газеті Бас редакторының орынбасары Айтжан Бәделханов ағамыздың айтқаны да маған қатты әсер етті. Ол кісі Майраның кім екенін нақты дәлелдермен айта отырып, әнші Хафиза Әбуғалиеваның ойын жалғастырғандай болды. «Ақын-жазушылар Майра Шамсутдинова жайлы жазғанда жұрт айтқан фактілерге ғана сүйеніп қоймайды, ойдан қосып, көзі көрмеген әншіні сан саққа жүгіртіп, оның атына күйе жаққылары келеді. Майра әншінің Шорманның тұқымы Жаржанға (Жармағабетке) шыққаны жайлы Ахмет Жұбанов «Замана бұлбұлдары» деген кітабында жендеттерімен келіп күштеп әкеткенде етік тігіп, бөрік сатып отырған Уәли қызын олардан алып қалуға күші жетпей зарлап қалады десе, «Керекулік Майра» деп мақала жазған профессор Төлеутай Ақшолақов: «Майра өнеріне, көз жауын алар көркіне ынтық болып, құлай түскен Жаржан (Жармағабет) талай ойын-сауықта бірге болып, қызықты шақтар өткізеді. Жаржан әншіге өз көңілін білдіреді, Майра кет әрі демейді, олар бір-бірін ұнатады.

Ел қадірлеген азамат Жаржан Майраның уыз махаббаты деп жазады. Жаржан Майраның уыз махаббаты дегені қисынға келмейді. Майра мен Жаржан 1912 жылы қосылған. Ол кезде Майра 22 жаста болады. Ал Майра оған дейін Рақыш Тоқжігітов дегенмен тұрмыста болған. Ол кезінде орыстарда тілмаш болған екен. Қызылордада әйелі барын білгесін Майра Шамсутдинова онымен ажырасып кетеді. Қызылордада тұратын Рақыш Тоқжігітовтің баласының қолында Майраның бізге белгісіз фотосуреттері бар деп естідік. Сол фотоларды сұрап хат жазып едім, жауап күтіп отырмын», – деп еді Айтжан ағамыз.

«Тағы бір дұрыс жазылмай келе жатқаны Майраның туған жылы мен қайтыс болған жылы туралы деректер әртүрлі. Кейбіреулер Майраның туған жылы – 1890, 1893, 1896, ал қайтыс болған жылын – 1926, 1927, 1928, 1929 жылдар болып, үш жыл бойы тудырып, төрт жыл бойы өлтіріп жүрміз. Осы күнге дейін оның қай жерде жерленгенін, басына тас орната алмай келе жатқанымыз ойлантады. Туған жылы жайында айтатын болсам, дұрысы музыка зерттеуші Александр Затаевичтің «Зерттеулер. Мақалалар. Хаттар» атты 1958 жылғы жазылған кітабында тайға таңба басқандай» көрсеткені дәлел. Оған әнші Байғабыл Жылқыбаевтың айтқаны бар: «Майра менен алты жас үлкен» – деген. Ал Байғабыл Жылқыбаевтың туған жылы – 1896 жыл екенін көпшілік біледі. Осының салдарынан Майраның 100 жылдығы өтіп кеткеннен кейін біз Республикалық деңгейде оған 106 жыл болғанда дүрілдетіп атап өттік. Майраның атында байқау да өтті. Оған қыруар қаржы бөлінді. Сол жылдары Майраның үйін жөндеп, музей де аша алмадық. Әндері кітап болып шықпады. Майраның зират басына барып құран бағыштайық, оған ескерткіш орнатайық деген бір адам болмады», – деп сол сұхбат кезінде Айтжан Бәделханов ағамыз телехабарымда маған айтып еді.

Сол сыннан кейін Майраның мұражайы жаңартылып, ол жұмыс істей бастады. Ал павлодарлықтарға ғана емес, республикаға танымал мемлекет және қоғам қайраткері әрі белді кәсіпкер, бүгінде марқұм болған Қуат Есімханов Майра әншіге арнап Павлодар қаласында ескерткіш орнатты. Тек бір өкініштісі, Майра Шамсутдинова қайда жерленген? Ол жағы белгісіз. Біреулері Павлодарда десе, біреулері Ресей жерінде деп топшылайды. Бүгінде ол бізге жұмбақ. Оның аты музыка мектебіне, тіпті жай мектептерге де берілсе артық болмас еді. Ия, шынында ешкімге ұқсамайтын, ешкім оны қайталай алмайтын деген сандуғаш әншіміз Майраның ерекше әнші, тамаша композитор, бір тума талант, біздің Павлодардан (Керекуден) шыққан ғажап өнер иесі деп мақтансақ та, біз  оның әлі өнердегі орнын алып бере алмай жүрміз, өкініштісі сол! Осы Хафиза әнші мен журналист, ұстаз ағамыз Айтжан Бәделхановтың арманда кеткен ойын мен де, құрметті оқырман, сіздерге жеткізіп отырмын. Десек те, Майра – сол кездің өзінде өзін асқақ әнші екенін паш еткен өнерпаз, ол – ерекше көркімен, ғажайып сұлулығымен, ақындығымен, композиторлығымен өнер тарихында аты қалған жұлдызды әнші!

Ғалия Балтабай,

«Құрмет» орденді журналист.