«Ән сүймеген өмірді де сүймейді»

Ақп 13, 2025

Мұзафар Әлімбаев, Қабдыкәрім Ыдырысов пен Әсет Бейсеуовтің шығармашылық байланысы туралы

Қазақтың маңдайына біткен дарынды композиторлардың бірі, Қазақстанның халық артисі Әсет Бейсеуовтің әндерін білмейтініміз кемде-кем шығар. Композитордың «Алмалы Алматы», «Гүлдер», «Шақырады көктем», «Алтыным», «Маралдым», «Сандуғаш», «Сырласу вальсі», «Жұлдызым», «Армандастар», «Жайықтан қайтқан тырналар», т.б. туындылары қазақ ән өнерінің алтын қорына енді. Әсет Бейсеуов ән жазу барысында павлодарлық ақындармен де шығармашылық әріптестікте болғанын айта кетуіміз керек.

Ең алдымен әйгілі жерлесіміз, Халық жазушысы, ақын Мұзафар Әлімбаевтың «Маралдым» өлеңін мысалға алайық. Аталмыш ән қазіргі кезде «МузАрт» тобының шырқауында көптің құлағында жүр. Әннің өзі ертеректе жазылған.

Бір күні Мұзафар Әлімбаев асыр салып өскен туған жері — Қызылтаңын, жағасында қыздырынып, айдын суында жүзіп жетілген Маралды көлін сағынады. Ата-анасының да бейнесі көз алдынан көлбеңдеп, балалық шағын еске алады. Осылай біршама уақыт тебіренген ақынның жүрегінен бір мезгілде Маралдым өлеңі сыртқа теуіп шығады.

О, Маралдым, Маралдым,

Сенің үшін жаралдым.

Топырағыңнан нәр алдым,

Көзіндейсің сен маған –

Атам менен анамның…

Ақын өлеңі құйылып тұр. Іштей бұл өлеңнің әнге сұранып тұрғанын аңдайды. Жарасымды ән туса, өлеңге өзгеше көрік берер еді. Мұзағаңның есіне композитор інісі Әсет Бейсеуов түседі. Ол бірден сазгердің үйіне телефон шалады.

Бірақ ар жақтан телефон тұтқасын көтерген әйел Әсеттің үйден шығып кеткенін айтады. Десе де, «егер айтсаңыз, бұйымтайыңызды жеткізейін» дейді. Ақын өзінің жасы ұлғайған сайын туған елін сағынып аңсайтынын, сөйтіп бір өлең жазғанын, соған ән шығаруын өтінбек екенін білдіреді. Тұтқаның ар жағындағы әйел адам ақын өлеңін толық жазып алады.

Кешкісін ақын ұйқыға жатуға ыңғайлана бергенде үйіндегі телефоны шырылдайды. Көтерсе, Әсет бауыры. Амандық-саулықтан соң, композитор телефон тұтқасы арқылы ақынның сөзіне жазылған әнді өзі пианинода ойнап береді. Осылайша, күллі қазаққа әйгілі, ұмытылмас мелодиялы «Маралдым» әні дүниеге келеді. Міне, «Маралдым» әнінің қысқаша тарихы осылай. Бұл ән ақынға да, композиторға да үлкен атақ-даңқ әкеледі. Міне, қаншама жылдан бері аталмыш ән қазақ сахнасынан айтылып келеді.

Әсет Бейсеуовпен шығармашылық байланыста болған павлодарлық ақындардың бірі – Қабдыкәрім Ыдырысов. Қазірдің өзінде Қабекеңнің інісі Әсет Бейсеуовпен бірлесіп 4-5 ән жазғаны белгілі.

Олардың бірі — «Семейім». Музыкасын жазған — Әсет Бейсеуов, сөзін жазған — Қабдыкәрім Ыдырысов. Ақын өлеңінің қолжазба нұсқасын Алматыдан, ұрпақтарының қолынан өткен жылы ғана алдық.

Тудым сенде, өстім сенде, Семейім,

Алғысымнан басқа саған не дейін.

Көз алдымда барасың сен аспандап,

Көз алдымда барасың сен кеңейіп.

Қайырмасы:

Ахай Семей,

Семей – бақыт, мерейім.

Бұл ғаламда сенен ғажап

Қала бар-ау демеймін.

Жанның бәрін бір өзіңе құмартып,

Жасара бер, жасай бер,

Менің ақын, менің әнші Семейім!

 

Келбетіңде ұлылардың жүзі бар,

Топырағыңда Абай, Мұхтар ізі бар.

Еңлік, Баян жайраң қағып көшеңде,

Қайран қалып көрген адам қызығар.

Қос автордың шығармашылық әріптестігінен туған туындының енді бірі – «Дариға» әні.

Сөзін келтірелік:

«Дариға сол қыз, қайдасың қайда»,

Жырладым тойда, жырладым жайда.

Теңедім сені, бөледім сені,

Қырдағы гүлге, аспандағы айға,

Дариға ау.

Қайырмасы:

Жігіттер үміт үзбеген,

Күндіз де, түні іздеген.

Дариға дәурен қыз деген,

Сен болшы, жаным,

Дариға-ай!

Ән үш шумақтан тұрады.

Ал «Айнам-ау» әнінің сөзін ақындар Қабдыкәрім Ыдырысов пен Сағи Жиенбаев бірлесіп жазған екен. Әнін жазған – Әсет Бейсеуов. Бұл туралы да ақынның архивіндегі қолжазбадан білдік.

Қабдыкәрім ақынның әнге жақындығы өзінің әншілік дарыны болуынан да еді. Бұл туралы ағасы Мұзафар Әлімбаев естелігінде айтып өтеді.

«Біздің үйде соңғы болғандарының бірінде «Айнам-ау» әнін дастарқан басына жиналған достар қаншама рет қолқалап, өзіне қайталап шырқаттырып едік-ау. Сонда Қабдыкәрім кереметтей қанаттанып:

Ойда жоқта жолыққан қарындасым, айнам-ау,

Қайда жүрсем, сен менің жадымдасың, айнам-ау.

Қапияда көз жазып қалып едім, айнам-ау,

Сәлемімді ұшырдым сағынған соң, айнам-ау,

Әлдеқандай мінезің бар,

Біле алмадым, қайдам-ау, — деп құйқылжытып еді (М.Әлімбаев, «Ән сүймеген өмірді де сүймейді»).

Қабдыкәрім ақын мен Әсет Бейсеуовтің шығармашылық тандемінен туған тағы бір дүние — «Саған арнадым» әні.  Қолжазбадан оның да сөзін таптық:

Қарындасым, қарлығашым, қайдан ғана кездестің,

Бұрын олай мазалаған жоқ еді ғой мені ешкім.

Жарқылдаған жанарыңа жарқын әлем сыйғандай,

Жалыныңа, жаным, жауап бере алатын емеспін.

Қайырмасы:

Қарағым-ай,

Қиыла қарадың-ай.

Бір сиқырлы үмітпен

Бар ма амалым?

Шатастырып алма, жаным,

Мені басқа жігітпен.

Бұл әндер – махаббат лирикасына жататын әндер болса, келесісі Қабдыкәрім Ыдырысовтың азаматтық, перзенттік сағынышынан туған ән. Бұл туынды «Туған қалам — Павлодарым» деп аталады. Яғни, ән ерке Ертістің жағасынан бой көтерген Павлодарға арналған.

Бұл әннің туу тарихы да ерекше. Қабдыкәрім ақын 1978 жылы 50 жас мерейтойын атап өту үшін туған еліне – Кереку өңіріне келеді. Жанында қолпаштаушылар – ағасы, жалынды ақын Жұбан Молдағалиев пен інілері ақын Сағи Жиенбаев және композитор Әсет Бейсеуов.

Қабдыкәрім ақынның өзі бұл туралы былай деп еске алады:

«Мен бүгін өзім туып-өскен Ертіс бойына, Кереку-Павлодар алдында, бар ағайын-туысқан, жасымызда құлын-тайдай тебісіп өскен жолдас, достар алдында есеп бергелі келе жатырмын. Тек туған ауыл келбетін көргенде өзім осалдық сездіріп алмасам болды, аса толқу үстінде келемін…

Менің туып-өскен жерім, қандайсың сен бүгін?

Бұл күнде шартарапқа болған мәлім,

Бойыңда тасқан қайрат, толған дарын.

Сен менің арқа тұтар асқар тауым,

Кереку – туған қалам, Павлодарым…

Бұл — алғашқы жүрек лүпілі, көңіл тықылы… Мен сені, туған қалам, жаңа ғана көргелі келе жатырмын ба? Жо-жоқ… Сен менің әрқашан көз алдымдасың, алыста жүрсем жадымдасың. Өйткені өзінің туып-өскен жері әркімге ыстық. Бұл — жершілдік емес. Өз ауылын, өскен ортасын ұмытқан адам өзгеге опа бермейді. Бірақ құр айғайды уақыт көтермейді. Елге деген сүйіспеншілігіңді жүрек әміріне жүктіруің керек. Павлодарға таяп қалдық дейді әдемі қыз. Мен одан бетер толқи түсем:

Даңқыңды мақтан етем алыс жүріп,

Өзгеден өз бейнеңді салыстырып.

Ұшырған қанат байлап мені өзіңсің,

Сан жұртпен жақындатып, табыстырып, —

деп күбірлеймін қала төбесін жұрттан бұрын көңіл айнасында айқын елестетіп.

Міне, көкейден күмбірлеп туғалы жүрген қалам туралы жаңа әннің бірер шумағы:

Ертісің — қолыңдағы асыл айнаң,

Жағада ән салғандай   Иса, Майраң.

Келесің нұрлы өмірдің көшін бастап,

Көшеңде күнде думан, күнде мейрам, —

делініп, тіл ұшына орала берді.

Ар жағында қайырмасы да дайын тұр еді. Ол:

Ерліктің сырын,

Елдіктің нұрын,

Көремін биік тұлғаңнан.

Атыңды жайып,

Ұмтылған алға мың арман,

Кеудеңде сенің шыңдалған — Павлодарым!

— Болды, — деді ән сөзінің аяқталуын тағатсыздана күткен талантты композитор інім, Қазақстан Ленин комсомолының лауреаты Әсет Бейсеуов. Сол күні текстке ән де жазылды. Сол бойда Әсет «Туған қалам — Павлодарым» деген жаңа әнді өзі пианинода орындап, өзі айтып, павлодарлықтарға тарту еттік» (Қ.Ыдырысов, «Ауылымның аялы алақаны», 1978 жыл).

Өкінішке қарай, бүгінде әнін атақты Әсет Бейсеуов жазған «Туған қалам — Павлодарым» әнін жергілікті мерекелік шараларда ести қоймаймыз. Бұрын оның ноталық нұсқасы табылмай жүрген болар деп топшылайтын едік. Бірақ 2023 жылы ақын немересі, «Астана-Опера» театрының дирижері Әлихан Ыдырысов Павлодар қаласында Қ.Ыдырысов пен Ә.Бейсеуовтің осы әнін сахнаға қайта шығарып, оркестрге орындатты. Ендігі жерде бұл әнді жергілікті мәдениет басшылары, өнер қайраткерлері қайта заманауи өңдеу жасап, алып шықса, халыққа қайтарылған бір қазына болар еді деп ойлаймыз.

Әсет Бейсеуов 1978 жылы ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың туған ауылы Ақтоғай ауданы Өтес ауылында болып, қара шаңырақ-тағы пианиномен осы әнін орындап, жұртшылыққа тарту етті. Ақтоғай ауылында өткен кездесуде де бұл ән шырқалды. Бұл туралы сол кезде Ақтоғайда өнер саласында қызмет еткен жас маман, бүгінде Мәдениет қайраткері, әнші Ермұрат Нықатұлы Тілегенов еске алып айтқан еді. Әсет Бейсеуов сол күндерде Баянауыл ауданы жұртшылығымен, Екібастұз халқымен кездесулерде бірге жүрген. Яғни, Алатау бауырындағы Алматы облысының тумасы Әсет Бейсеуов шығармашылық байланыста болған Мұзағаң мен Қабекеңдей ағалары туған топыраққа табаны тиіп, қасиетін сезінген деп білеміз.

Қабдыкәрім ақынның «Ән сүймеген өмірді де сүймейді, Өзім жоқта әнім жүрсін құлақта» деп жырлағанындай, бүгінде бір сөз еткен дарындар өмірде жоқ болса да, олардың дүниеге әкелген туындылары – халықтың жүрегінде.

Нұрбол Жайықбаев,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.