Ақынның мысал, әзіл-сықақ, шымшыма шығармалары тілінің тәрбиелік ықпалы
Кереку өңірінен шыққан небір қаламгерлердің ішінде балаларға арналған төрт жол өлеңнен бастап, қарттар өмірінің айғақты деректеріне құрылған қомақты тарихы дастандар мен очерк-новеллаларға дейін жазған қарымды шығармашы — Мүбәрак Жаманбалинов. Ғұмырының саналы кезеңін, әсіресе ел тәуелсіз ел болғалы, нағыз толысқан шағында Мүбәрак ақсақал осы өңір жайлы көп толғанып, қаламын жиі қолға алған екен.
Бұнысы — ол кісі, біріншіден, Отан алдындағы азамат парызын өтегені, екіншіден, жас шағынан өлеңімен тербеген балақандарының қазіргі есейіп кеткен шағында тарих беттері жайлы нағыз шындықты естісін деген шығар.
Айтулы балалар ақыны бола тұра, 1995 жылы «Eртіс өңірінің тарихынан» атты естелік эссесі, 1997 жыл тарихы деректі «Түгел батыр» дастаны, «Әйгілі аудан – Ертісім» тарихи мемуарлық очеркі 1998 жыл, тәуелсіздік заманына қатысты көңі-күйі басымырақ суреттелген қалың ел ортасындағы елдің жайын бейнелеген өлең — жырлары, нақыл-термелері, әзіл-сықақтары, аңыз-дастандары бар соңғы «Ақшам» атты жаңа жинағы 1999 жылы жарық көріпті.
Осы мақалада ақынның жас кезінде балаларға арнап жазған мысал өлеңдері мен қартайған шағында үлкендерге арнап жазған әзіл-сықақ, шымшыма шығармаларына, жанрлық түріне қарай тілдік элементтерін салыстыра талдау арқылы сараптама жасауды жөн көрдік. Мысалы, ақын балаға да, үлкенге де мысал өлең жазды.
Тақырыбы бір, жастары алшақ, жандары бөлек жандарға ақын не дейді, тыңдап көрелік:
Мұрт
«Сақалдан ассам!» деп,
Бөсіпті-ай кеп, бөсіпті.
— Міне, қандай күш бар, иә? —
Деп ауызға да жетіпті.
Осы кезде ұстара
Күзепті де кетіпті.
— Босқа бөспе атанба,
Бөсемін деп құрыдың ғой.
Жоқ! — депті мұрт, —
Сақалдан
Әлі биік тұрмын ғой.
«Бөспе мұрт» деп аталатын бұл өлеңінде кішкентай мұрттың ұзын сақалға жетем деп тыраштануын балаларға оңай түсіндіруге болады. Мысалға тән оқиғасы бар өлеңде дегеніне жете алмаса да, мұрт мақтауын қоймайды, Моралі: орынсыз мақтану — құр далбасалық. Ал үлкендерге ақын осындай мысалдарымен қатар төрт жол шымшыма шумағымен-ақ өмірде көрген, сезген сәттеріне баға береді, ағалық туралықпен ыңғайсыз эпизодтарды мін таға сынайды.
Жан еді іс пен сөзге олақ тіпті,
Ақылы да, ойы да шолақ тіпті.
Бүгін неге елірді сонша, — десем,
Үйіне бір дөкейді қонақ қыпты.
(«Қонақ»)
Қисық ауыз бөскенде қызыңқырап,
Жиынның шырқын біраз бұзыңқырап,
Шарадай көздер жайнап шыға келді,
Едірейіп қалды да ұзын құлақ.
(«Қисық ауыз»)
Бірінші өлеңде ісі де, сөзі де олақ адамның аяқ астынан сөзшең бола қалуы ақынды ғана емес, айналасындағылардың бәрін тандандыратыны — белгілі жайт. Соны сезген жұрт іштей күле қарап кете беретіні де бар, ал ақын сондайлардың өмірде жиілеп бара жатқанын кешіре алмайды. Оның бейнесін «іс пен сөзге олақ», «ақылы да, ойы да шолақ» деп келген күрделі эпитеттеріне «тіпті» күшейткіш үстеуді қайталай қолдануы арқылы сорақыландыра суреттейді. Үшінші тармақта ақынның «еліру», төртінші тармақта «дөкей» сөздерін экспрессивті реңкімен алуы сол жағымпаздың құбылу себебін нық ашқан. Төрт тармақ, бір шумақ өлең төрт аяғымен тең тұр. Идеясында ащы мысқыл, әрбір тармақ мағынасында ойға батырар мазмұн бар.
Ал екінші өлеңде ақынның айтпақ ойына сүйеу, мәтін идеясына кілт болып тұрған сөз тіркестері тындарманына күлкілі образдарды елестетеді. Олар: «қисық ауыз», «шарадай көздер», «едірейе қалған ұзын құлақ». Бүтіннің орнына бөлшекті алып суреттеу, яғни синекдохалау тәсілі поэтика стилінде ежелден бар. Ал мысқыл өлеңде қария ақынның жиын-тойда жиі байқалып кеткен кешірімсіз жайтты осы тәсілмен түйрей суреттеуі тым әсерлі. Сол тойдың қонақтарына ащы да болса сабақ, өз адамдарын дәл тауып жатқан сөз тіркестері — сабау қамшыдай. Моралі: «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді». Сол сияқты «Ағаш қалам» деп аталатын бір шумақ мысал өлең де әліне қарамай, өзін ерекше санаған адамға айтылған мықты сын:
Автоқалам сорлы ғой,
Немен жүрек жалғайды?
Мынау мені айт, соңымнан
Сиясауыт қалмайды.
Өз әлін білмей тұрып, өзгеге күлген адам бойындағы кемшілікке ағаш қаламды мысал етіп алу — ақын тапқырлығы, жансыз құралдар бір-бір адамның табиғи қалпын білдіреді де, риясыз езу тартқызады. Өлең көлемі, мазмұны жағынан балаға айтылғандай, дегенмен, қазіргі баладан гөрі дәл осы өлең үлкендердің үлесіне тиесілі. Бір оқығанда, қарапайым әрекеттен хабар беретін сияқты болғанмен, бір-ақ күнде сынып, жарамсыз болып қалатын қаламның мақтана сөйлеуі қарабасының бір-ақ күндік қамын ғана ойлайтын қауқары аз байғұс жанды елестетеді.
Енді ақынның қарттық шағында жазған «Түңілесің» деп аталатын өлеңін талдап көрелік, Мәтіні:
Зұлымдық бір жұлқынса жай жатпайды,
Іштегі «ит өлігін» байқатпайды.
Адамды арсыз ауыз қаппас та еді,
Біреулер бұғып жатып айтақтайды.
Дәуірдің қастерлесе ұлы көшін,
Таппайды ұлы көштен кім үлесін?
Дауа жоқ, құтырғанға,
Құтырған ғой,
Қасына ергендерден түңілесің.
Өлең идеясы «адамды бұзатын — заманы, заманына қарай адамы» дегенді білдіреді. «Іштегі ит өлігін» байқатпайтын зұлымдық несі, «арсыз ауыз», «құтырған» кейіпкер – нарық қыспағынан құтылып шығып, «дәуірдің ұлы көшінен» пайдасын алып жүрген жан. Оны дәл осы жемқорлыққа үйреткендер – айналасындағылар» деген ақын түйіні, «Дауа жоқ, құтырғанға, құтырған ғой, қасына ергендерден түңілесің» деген ой толғауы – ақынның қоғамдағы жайсыз жағдайға қатысты жанайқайы. Әрине, «құтырған» деген лексикалық құрал өмірдегі қадірлі қарт ақынның аузынан айтылатын да сөз емес, ақын сол «құтырған» сөзін жаман адамға «портрет» ете, алмастыра қолданып, омонимдес әрі көріктеуіш сөз ретінде тағы да «құтырған» сөзін алуы өлеңдегі пақыр бейнені одан сайын сора-қыландыра түскен. Тақырыбының өзі айтып тұрғандай, ақынның осы өлеңді жазуына әсер еткен экстралингвистикалық факторлар – қоғамдағы өзгерістің, атап айтқанда, нарықтың ақын көңіліне әсері; өзін сол қоғам қайраткері ретінде жауапты сезінуі; айналасында тұрғындардың жай-күйлерінің кете бастауы жанын дегбірсіздендіргені. «Зұлымдық бір жұлқынса жай жатпайды», «адамды арсыз ауыз қаппас та еді», «біреулер бұғып жатып айтақтайды» деп ақын шындықты ашық айтқан. Бұл – мысал емес, туралай турап суреттеу. Осындағы аллитерациялы (бірыңгай дауысты), ассонансты (бірыңғай дауыссыз) үйлесімді ырғақ жасаған дыбыстар ақынның сыздаған жүрегінің үнін естірткендей.
Жалпы, адамзат өмірінде кездесетін зұлымдық жайттардың айқайлап келмейтінін, әркім өзіне қатысты қауіпті өзі сезуі қажеттігін М.Жаманбалинов мысал өлеңдерінде сәтті сипаттайды. Мысалдың тәрбиелік ықпалының ұтқырлығын ақын ерте кезде үлкендерге арнап жазған туындыларында жақсы пайдаланған. Осындай бір шығармаларының бірі «Қайың мен балта» деп аталады:
— Бәрің де шошыған,
Айбалтаң осы ма? —
Деп қайың тіл қатты,
Бәйтерек досына.
— Байқа, әне,
Байқа!
Біресе басын шалқайта,
Біресе
Төсін қайқайта,
Жерге дейін иілтіп,
Асығып жатыр,
Аяғыма бас ұрып жатыр» —
Аққайың осылай деп,
Рақат тауып жатты.
Ақ балта басын иіп,
Оның тамырын шауып жатты.
Айтпас ем бұл жайында,
Мейлі: шапты, бас иді?
Ашық ауыз қайыңға
Жаның бірақ ашиды.
Мысал жанры жазыла бастаған кезеңнен-ақ, негізінен, адам бойында ұшырасатын теріс әрекеттер жан-жануарлардың түр-түріне балама түрде салыстырыла суреттелетін. Жоғарыда жансыз заттар мен ағаштардың адам әрекеттерін сурет-
тей берілуі бұл шығармалардың үлкендерге арналғандығын, талдауды, мағынасын терең түсінуді қажет ететін мысалдар екендігін байқатады. Ақын өмірде жиі кездесіп жататын жайттарды зерделі көкірекпен байқап, демократиялық сыни ойларды көтермейтін тұста мысалға алған да, оқушысын ойға салған да қойған. Соңғы мысал өлеңнің жазылған кезі жетпісінші жылдар, ал алдыңғы «Түңілу» атты өлеңінің қай кезеңде жазылғанын тақырыбы айтып тұр. Шығармалардың мазмұны мен тілінде мезгілдік арақашықтық және ақын мен қоғам арасындағы сол өзгеріс кезеңдеріне қатысты байланыс байқалады. Ақынның өз қоғамының жанашыры, жаршысы болуы дегеніміз – осы.
Ғұмыры педагогтықпен басталып, журналистікпен жалғасқан, ақын ретінде танылып, үлкендерге де мол ғибрат қалдырған (бастапқыда балаларға – мұғалім, кейін ауылдастарына – ақылшы) Мүбәрак ақын балалар арасында кездесетін жат мінез-құлықтарды жеңіл де қарапайым тілмен сипаттап, тәрбиелік мәнді мысал өлеңдер жазып кетті. «Қызғаншақ сиыр», «Есек пен түйе», «Дәрігер аю мен қорқау қасқыр», т.б. мысал өлеңдерін талдап көрелік.
Өзендегі суаттан
Сиыр ұрттай бастады.
Жанындағы лақты
Бір ұшырып тастады.
Лақ та аузын тұр ашып,
Сиыр да тұр, кетпейді.
Тегі ойлады:
Мына су
Өзіме де жетпейді.
Беріліп отырған шығарма балалар психологиясын дәл жеткізіп, «балғын гүлдей балақандарын» лажсыз ойландырады. Ақынның уәжді стилінде сипатталған оқиғасы — нақты мысалдық тәсіл. «Әтештің бағалауында» атты мысалда:
«Мен сияқты күндіз бақырмайсың,
Түнде шақырмайсың,
шықпайтын бір даусың, мылқаусың.
Адам орындық сияқты үстіңе отырып алған» деп жылқыны сөккен әтештің сөздерін шешуді, «Әупілдек» туралы мысал өлеңінде «Жөн-жосықсыз мақтану әупілдек болу емес пе? деп ойландыруы, «Пингвин», «Таң қалды» деген тақырыппен жазылған мысалдарында балаларды ақын спортшы болуға (пингвин сияқты суықта шынығуға), арманшыл болуға (жылқыны есекпен, мысықты жолбарыспен, шыбынды сонамен, торғайды қарғамен, қарға балапанын бүркітпен, бүркітті самолетпен салыстыруға) шақыруы М.Жаманбалиновтің балалар тәрбиесіне қосқан өзіндік үлесін танытатын шығармалары. Қай тақырыпты кімге бағыттап жазатынын ақын алдын ала ойластыра алған. Балаға арнаған мысалын бала ойымен — балаң оймен, үлкенге арнаған мысалын аталық, ақсақалдық дана оймен жазған.
«Түбір мен қаңбақ» атты мысалында зулап, гуілдеп домалап бара жатқан қаңбаққа «Дос болайық, бұрыл!» деп күле қараған түбірді қаңбақ «Дос болсаң, кел жүгір!» деп мазақ етеді, «Сағыз» атты мысалда күйсеп тұрған өгізді көріп, Русик деген бала: «Бұл неге сағыз шайнайды?» деп күледі. «Өзі кінәлі» атты мысал өлеңде қасқыр болып ойнаған Аяңбекті қоян Марат самайдан бір-ақ соғып құлатады, құлатып қана қоймай, жылатып та алады. Осы шығармалардың шешімінде: «Әлін білмеген әлек болады!», «Өз мініңді білгейсің, сонда өзгеге күлмейсің!» делініп келген мысал жанрына тән баланы бұлжытпай орындауға бастайтын мықты-мықты мораль бар.
Ақынның үлкендерге тәлімгерлік, балаларға байыпты, көреген ата көзімен айтылатын ескертпелері бар мысалдары қазіргі қоғамға қажетті тартымды тәрбиелік құралдар, тек қана оқушылары бұл шығармалардағы өз орнында, өз моралінде тұрған әрбір сөз бен сөз тіркестерін өз мағынасында түсіне қабылдауы керек. Адал жүректі ақынның әр сөзі балаға да, үлкенге де ем бола алады. Сыншы-әдебиетші Б.Сарбалаев: «Әдебиетте, әсіресе, балалар әдебиетінде, алғашқы қадамның орны бөлек. Алғашқы қадамның сәттілігі жақсы жоралғыдай, ақынға қанат бітіреді, ал сәтсіз қадам — құлап қалып, беті қайтқан бөбектің қайта жүруге көптеп дауаламайтыны сияқты сыр сездіреді» деп жазуы бекер емес. М.Жаманбалинов айтулы педагог шығармашылар мен ғалымдарша, өмірін балаларға тәрбиелік жыр кітаптарын жазуға арнап өтті.
Адамның өз болмысын тануға ұмтылысына көмектесіп, тереңде жатқан талап-тілегін, қабілеттерін дамыту, сол арқылы өмір сүру үшін рухани күш беру — қазіргі білімнің де, шығармашылардың да басты мақсаты. Адам баласының сөйлеу кезінен бастап, бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері -шығармашылықтың, еңбектің нәтижесі. Әр жаңа ұрпақ өзіне дейінгі қол жеткен жетістіктерін меңгеріп қоймай, өз әрекетінде сол жетістіктерді жаңа жағдайға бейімдей жетілдіре отырып, барлық салада таңғажайып табыстарға қол жеткізбек.
Тірі болғанда, биылғы жылы 100 жасқа толатын еді. Ғұмырын адал да мәнді кешкен балалардың қастерлі де сүйікті атасы арамызда жоқ. «Болашақ үшін қызмет ететіндер бос белбеу, болбыр болмау керек» дегендей ақын. Ал, балалар жазушылары – болашақтың қамын ойлаушылар, әлі жарық дүниеге келмегендердің өздеріне жақсылық дарытушылар. Ендеше, олардың сөздері шынайы, шырынды қалпында жас ұрпаққа мәңгілікке қалды. Тартымды, көп қырлы тақырыпты жыр-өлеңдері, ертегі-дастандары оқулықтарға енген, талай ізденуші жас ғалымдардың зерттеулерінің нысаны болып келеді. М.Жаманбалиновтің терең оймен жазылған жоғарыдағы мысалдары мен сатиралық сын-сықақ өлеңдері әр жолымен жанға дауа, замана дертіне ем.
Алтын Бақраденова, «І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті» КЕАҚ, Талдықорған қаласы.