Кеше елордадағы «Қазақ елі» алаңында Мемлекет басшысы — Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтті. Әскери шеруге елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам, сондай-ақ дипломатиялық корпустың өкілдері де келді.
Парадқа 4 000-нан астам әскери қызметші жұмылдырылды. Оған қоса, қала тұрғындары мен қонақтары 200-ден астам заманауи әскери техника мен қару-жарақты, әскери-көлік авиациясының 66 ұшағы мен тікұшағын тамашалай алды. Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбас-шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шерудің ашылу салтанатында сөз сөйлеп, батырлар ерлігін ұлықтау – басты міндетіміз екенін атап өтті.
«Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл! Баршаңызға Ұлы Жеңіс күні құтты болсын! Бұл мейрам – халқымыздың жауынгерлік рухының символы. Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Отан қорғау жолында опат болған боздақтарға тағзым етеміз. Бейбіт күнді қырағы күзетіп тұрған сарбаздарға құрмет көрсетеміз. Ұлы Отан соғысы бүкіл адамзат үшін өте қиын сынақ болды. Оның зардабы көптеген елге ауыр тиді, солардың ішінде Қазақстан да бар. Қаһарлы күндер соғыстың тек қасірет әкелетінін көрсетті. Бейбітшіліктің баға жетпес байлық екенін ұғындырды. Ұлы Жеңіс – тарихымыздың ажырамас бөлігі және күллі әлем үшін үлкен сабақ. Біз осы ақиқатты әрдайым есте сақтауымыз керек. Зұлмат кезеңді бастан өткерген майдангерлер қазір ортамызда отыр. Құрметті ардагерлер, барша халықтың атынан Сіздерге шын жүректен алғыс айтамын! Аға буынның өшпес ерлігі – ұрпаққа ұлағат. Отаншылдығы мен жанқиярлығы – үлгі-өнеге. Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ешқашан ұмытпаймыз! Баршаңызға бас иеміз!», деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру – аса маңызды міндет екенін баса айтып өтті. «Біз Қарулы Күштерімізді жаңғырта бастадық, армиямызды күшейту үшін нақты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы өте маңызды мәселе бойынша Парламент заң қабылдады. Мемлекет әскери қызметшілерге, арнаулы мекемелер мен азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлеріне әрдайым қолдау көрсетеді. Армиямыздың күш-қуаты жауынгерлік рух пен темірдей тәртіпке тікелей байланысты. Сіздердің мінсіз қызметтеріңіз – елдегі қауіпсіздік пен тыныштық кепілі. Біз озық ойлы ұлт ретінде заң мен тәртіпті бәрінен биік қоятын болдық. Әр азаматтың бойында Отанға деген адалдық пен әділдік болуға тиіс» деді өз сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Астанада өткен әскери парадты Павлодар қаласының тұрғындары да орталық жағажайдағы үлкен экраннан тамашалай алды.
Алдымен 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай «Ertis Promenade» сахнасында «Елін қорғау – ерге серт!» атты мерекелік концерт өтті. Концерттік бағдарламаға облыс әкімі Асайын Байханов қатысты. Концерттік бағдарлама барысында И.Байзақов атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары сахналық қойылым қойып, ән мен биден шашу шашты.
Концерттік бағдарламадан соң жиналған қауым LED-экрандардан Астана қаласының «Қазақ елі» монументі жанындағы Тәуелсіздік алаңында өткен әскери шеруді тамашалай алды. Әскери шеру Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылды. Атаулы шара жас өнерпаздардың ән-биімен жалғасты.
Аталмыш мерекеге арналған шаралар орталық мәдениет және демалыс саябағында, Әскери Даңқ музейінде, Қарттар үйінде де ұйымдастырылды. Оған қоса, облыстың барлық қала, аудан, ауыл орталығында түрлі мерекелік бағдарлама мен спорт сайыстары ұйымдастырылып, жоғары деңгейде аталып өтілді.
Өз тілшіміз.
Суреттерді түсірген Е.Исабек.