«Ат жақсысы — тарланбоз, азамат жақсысы — дарабоз» десек, бүгінгі ғұмыр керуеніндегі түрлі-түрлі салалардағы саусақпен санарлық саңлақтарды жіпке тізгендей тізімдей аламыз. Өйткені, олар — көп ішінен көзге бірден түсетін, ісі мен сөзі үйлесіп, көңілден бірден оймақтай орын алатын жандар. Сондай дарабоздардың бірі — қазақтың сөз өнеріндегі, өлең өрісіндегі үзік-үзік таланттардың бірегейі, жеткіншектерге жауһар жырларын арнаған жерлес қаламгер Сүлеймен Баязитов. Биыл ақын аға тірі болғанда, сексеннің сеңгіріне келер еді.
Сүлеймен Баязитовтің тырнақалды шығармалары сонау 1963 жылы Баянауыл аудандық «Жеңіс» газетіне жарияланған екен. Сол уақытта совхозда шопанның көмекшісі болып жүрген бозбала Сүлеймен кейін әскерге алынып, қайтып келген соң біржола шығармашылық жолға түседі. Аудандық газеттен еңбек жолын бастап, кейін талай жылдар Павлодардың облыстық «Saryarqa samaly» газетінде қызмет істеген, жай ғана қатардағы журналистердің бірі болып қалып қоймай, үнемі ізденіс үстіңде жүретін қаламгердің тұңғыш өлеңдер жинағы «Бастау» деген атпен 1979 жылы жарық көрген.
Ақынның қаламгерлік қыры да сан алуан еді. Сонымен бірге, аудармамен де беріле айналысқан кісі. Өзінің ұзақ жылғы шығармашылық ғұмырында ол орыс ақыны Федор Тютчевтің өлеңдерін, Украин ақыны Леся Украинканың, «Бір сөз», «Роберт Брюс — шотланд королі» поэмаларын, неміс ақыны Иоганес Роберт Бехердің өлеңдерін және «Ағаш үй», «Люттер» поэмаларын, Марк Твеннің «Елес тарихы» еңбегін, америкалық жазушы Вашингтон Ирвингтің «Араб жұлдызшы туралы аңыз», «Тас қалаушының бастан кешкендері» хикаят-тарын, Чили ақыны Пабло Неруданың өлеңдерін, павлодарлық ақындар Ольга Григорьева мен Елена Игнатовскаялардың өлеңдерін аударған.
Сондай-ақ, ақынның шығармаларының арасында балалар тақырыбына арнаған дүниелері бір төбе. Мысалы, «Бала Мәшһүр», «Балаларға базарлық: балабақша балаларына арналған өлең-әндер», «Бәлду, бәлду — бәрі өтірік» және т.б. Оның риясыз, тап-таза бала әлемін жырлаған мөлтек туындылары, аудармалары тіпті үлкендерді де қызықтырады.
Тіл байлығы, ой байлығы қалыптасқан, әр жанрға қалам тартқан Сүлеймен ағаның еңбектері кез келген кітап сүйер қауымның көркемдік таным көкжиегін кеңейтуге септігін тигізетіні анық. Сүлеймен Баязитов сынды аға буынның тамаша тәлімін алып, өмірлік бағдар болар өнегесі мен үлгісін ұтымды сіңіре білген саналы ұрпақ барда қазақтың әдебиеті еш уақытта құлдырамайды. Оған дәлел – С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың балалар оқу орталығына ақын ағамыз Сүлеймен Баязитовтің есімі берілуі.
Салтанат ЖАНҒАЗИНОВА,
С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана кітапханашысы.