1973 жылы Куйбышев аудандық партия комитетінің насихат бөліміне Семей облысынан келдім. Бірде облыстық мәдениет басқармасының бастығы болған Балтабай Сейсенбеков қоңырау шалып, Алматыда республикалық ақындар айтысы өткізілгелі жатқанын, айтысқа біздің өңірден бір ақын баруы керектігін айтты.

— Сіздерде бір ақсақал бар деп естідім, сол кісіден бара ала ма, жоқ па екенін біл, — деп тапсырма берді. Қимағаңның елулердің шамасындағы кезі ғой, ақсақал дегені содан болса керек. Тапсырманы қабылдап алғаннан соң  Жаңабетке Қимадиден ағаның үйіне бардым. Біраз әңгімелестік, тұрмыстық жағдайының жақсы екенін көрдім. Одан кейін келген себебімді айтып едім, бірден баруға келісті.  Осылайша, үкімет тарапынан жол шығыны төленіп, аламан айтысқа барып келді. Сапардан оралған соң менің жұмыс кабинетіме келіп, сөз додасының қалай өткені туралы, оған республиканың барлық аймағынан жүйрік ақындар келгенін, кім не дегенін сөз етті. Осыдан кейін ағамен арамыздағы қарым-қатынасымыз басталды. Кездескен сайын көптеген әңгіме айтып, қарық қылып кететін. Өте қарапайым еді.

Басымыздан өткен тағы да бір қызық жағдай болды. Жерлесіміз Қабдыкәрім Ыдырысов елу жасқа толғанда отбасымен, қаламдас достарымен туған жеріне келіп, ауылдарды аралап, он күндей кездесулер өткізді. Қасында Жұбан Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, Әсет Бейсеуов сынды ақын-композиторлар бар. Қимадиден аға маған хабарласып, келген мәртебелі меймандармен кездестір деген өтініш айтты. Мақсаты —
жазып жатқан поэмалары, әңгімелері жайлы сөз тарқатып, жақсылармен кездесіп, танысу екенін анық аңғардым. Өтінішін жерге қалдырған жоқпын. Осылайша, ол кісінің өзі салған үйінде қонақ болдық. Аға қол машинкасын, жұмыс кабинетін, жеке кітапханасын көрсетіп, шығармашылық жайлы кеңінен сұхбаттасты. Келген меймандар ағаның дария көңіліне, жомарттығына мәз-мейрам болып қайтқан еді.

 

Совет Әмірханов,

Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы.