Абай облысында Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік мерейтойлық шаралар бірінен кейін бірі ұйымдастырылуда. Ең алғашқы күні Семей қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «Ес-Аймақ» рухани орталығында «Abai akademiasy» атты энциклопедиялық порталдың тұсаукесері өтті.
Абай шығармашылығына арналған тұңғыш энциклопедиялық порталдың таныстырылымына Абай облысының әкімі Берік Уәли, зиялы қауым өкілдері, абайтанушы ғалымдар қатысты. Ал жаңа жоба туралы «Abai akademiasy» жобасының жетекшісі, ақын Айжан Тәбаракқызы айтып, мақсат-міндеттерін түсіндірді.
Жоба жетекшісінің айтуынша, «Abai akademiyasy» энциклопедиялық порталы – Абай мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттайтын, ақын туралы толық мәлімет ұсынатын ғылыми-танымдық дереккөз. Платформада ақынның әдеби, ғылыми, публицистикалық және эпистолярлық еңбектері, текстологиялық сараптамалары түрлі форматта жинақталған. Материалдар Абай институттары, ғылыми орталықтар, архивтер мен мұражайлардан алынып, цифрлы түрде енгізілген. Сондай-ақ, теле-радио хабарлар мен деректі фильмдер де қамтылған.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты» деп Абайдың мұратын, мақсаты мен арманын жіліктеп айтып, бүгінгі қазақ баласына ой салған болатын. Демек, бүгін көпке жол тартатын Абайға арналған энциклопедиялық портал, хакім мұраларын өскелең ұрпаққа насихаттау жолында негізгі бағдаршам болмақ. Сондай-ақ Абай туралы ақпарат іздеген адам «Abai akademiyasy» порталы арқылы толыққанды қол жеткізе алады», – деді облыс әкімі Берік Уәли.
Шара барысында абайтанушы Арап Еспенбетов, «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығының директоры Ұлан Сағадиев, әдебиеттанушы, PhD докторы Қарлығаш Әубәкір энциклопедиялық портал туралы пікірлерін айтты.
— Бүгін ашылып отырған «Abai akademiasy» энциклопедиялық порталы – ғылыми, мәдени, ақпараттық ортадағы бұрын-соңды болмаған ерекше құбылыс деп айтуға толық негіз бар. Электрондық портал бәрімізге ортақ. Ол жас ғалымға да, ізденушіге де, студентке де, оқушыға да, қарапайым жұмысшыға да ортақ. Өзінің досы сияқты әңгімелесіп, қажетті деректерін қабылдап, ары қарай өзінің ұлы ақын туралы ойлары мен қарымдарын дамытатыны сөзсіз. Абайды білемін, танимын, ұғамын, түсінемін дейтін жанның барлығына көмек беретін, ең үлкен басты құрал, энциклопедия, – деді Арап Еспенбетов.
Тілеуберді САХАБА.