????????????????????????????????????

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл тұрғын-дарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру керектігін атап өтті. Бұл ретте былтыр іске қосылған «Ауыл аманаты» бағдарламасының нәтижесіне жоғары баға берді.

Шарбақты ауылдық округінің жастары «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Ауылдық округтің әкімі Махаббат Абулова елді мекендерде аталмыш бағдарламаға қызығушылық танытып отырғандардың қатары артып отырғанын айтады.

— Шарбақты ауылының тұрғыны Алена Боромыко аталмыш жоба аясында 17 жылқы сатып алып, мал шаруашылығын қолға алды. Төсағаш ауылының тұрғыны, «Ертөре» жеке кәсіпкерлігінің бастығы Төлепберген Тоғанбеков 22 ірі қара сатып алды. Қазір кәсіпкерлер қолға алған істерін дамытуда. Мұндай бағдарламалар ауыл тұрғындарына зор мүмкіндік сыйлап отырғаны рас. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса берсе, кәсіпкерлердің қатары артып, жұмыссыздық деңгейі азаятын болады, — дейді М.Абулова.

Ауылдық округ әкімінің айтуынша, «Аспандияр» жеке кәсіпкерлігінің иесі А.Момынғазы 5 млн теңге көлемінде грант ұтып алып, шағын кәсіпкерлігін дамытуда. Кәсіпкер сүт өнімдерін өңдеу ісін қолға алды. «Балғын сүт» логотипі арқылы сүт өнімдерін облыс орталығындағы «Жайлау» базары мен аудандағы дүкендерге жеткізеді.

Жалпы, елді мекендегі халықтың жағдайын жақсарту мақсатында қолға алынған іс көп. Мәселен, 250+» бағдарламасы аясында Жабағылы ауылына ғаламтор тартылған. Сонымен қатар, балалар ойын алаңы салынған. Ал Шарбақты ауылында жастар үшін жаттығу кешені бой көтерген. Аталмыш елді мекендегі Ш.Айманов, Бейбітшілік, Сейфуллин, Достық, Арғынбаев көшелерінде жалпы саны 128 жарық орнатылды. Алдағы уақытта Шарбақты ауылында орталық саябақты қайта жаңғырту жұмыстары жоспарлануда. Сонымен қатар, ауылішілік жолдарды жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленбек. Көшелерге қосымша бейнебақылау орнату да жоспарлануда.

Аққулы ауданының бренді – қарбыз. Шарбақты ауылдық округінің аумағында қарбыздың 40 сорты өседі. Қазіргі уақытта жергілікті кәсіпкерлер сары және қызыл қарбызды сатумен айналысуда.

Жалпы, Төсағаш, Жабағылы, Шарбақты ауылдарында жалпы саны 1535 адам тұрады. Елді мекендегі халықтың негізгі күнкөрісі – мал шаруашылығы. Елді мекендерде жалпы саны 65 шаруа қожалығы орналасқан. Бүгінде қожалық иелері 11 мыңнан астам ірі қара өсіруде.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.