Павлодар облысында соңғы рет республикалық театр фестивалі осыдан 10 жылдай уақыт бұрын өткен болатын. Жуырда драматург, публицист Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына орай «Ертіс-Баян» І республикалық театр фестивалі өтті. Онда фестивальдің алғашқы іріктеуінен өткен 11 театр үздік деген қойылымдарымен бақ сынады.

Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының басшысы Арман Темірбек бастаған өнер ұжымы биыл Алаш қайраткері, қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетінің негізін қалыптастырушылардың бірі — Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына орай «Ертіс-Баян» I республикалық театрлар фестивалін өткізуді жоспарлаған. Кейін бұл бастамаға облыстық әкімдік пен облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы қолдау білдірген.

— Республикалық ауқымдағы фестиваль Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдас-тырылуда. Мұндай ірі театрлар сыны Ертіс-Баян өңірінде осыдан он шақты жыл бұрын өткен екен. Араға біраз жыл салып дәстүрлі іс-шара жалғасын тапты. Фестиваль отандық театр өнеріндегі үздік жұмыстарды, заманауи театр үрдісінің негізгі тенденцияларын анықтау және театр өнерінің классикалық, заманауи мұралары арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, актерлік кәсіби деңгейді шыңдау, театр әлеміндегі жаңа есімдерді анықтау мақсатында өтіп жатыр. Еліміздегі ең үздік деген спектакльдер Павлодар төрінде қойылып, жергілікті көрермен де өзге актерлердің өнеріне қарық болады деген ойдамыз. Бұл фестивальдегі негізгі талап —
қатысатын жұмыстар бұрын өзге театрлардың сахнасында қойылмауы керек әрі соңғы бір жыл ішінде премьерасы өткен болуы тиіс. Бұл біздің өзге әріптестеріміздің арасындағы бәсекелестікті арттыра түседі деген сенімдеміз, — дейді А.Темірбек.

Театр фестивалінің салтанатты ашылуына КСРО-ның Халық әртісі Асанәлі Әшімов қатысып, жиналған қауымды фестивальдің ашылуымен құттықтады.

— Павлодар облысына бұл алғашқы келуім емес. Бір сөзбен айтқанда, екінші үйіме айналып кетті. Неге десеңіздер, мен түскен фильмдердің көбі осы Павлодардың Баянауыл өлкесінде түсірілді. Мұны Павлодар өңіріне әр келгенімде айтамын. Бұл өлкеде елімізге танымал көптеген тұлғалар дүниеге келді. Сондай тұлғалардың бірі – Жүсіпбек Аймауытов. Биыл драматургтің дүниеге келгеніне 135 жыл толып отыр. Осыған орай республикалық театр фестивалі өткізілді. Бұл келешекте халықаралық фестивальге айналары анық. Қазақ театры жасасын! — деді Асанәлі Әшімов.

Аталмыш театр фестивалінде көрсетілген «Күйеу бала» қойылымының режиссері, кино және театр әртісі Дәурен Серғазин мұндай фестивальдар театр ұжымдарына шығармашылық тәжірибе алмасуға арналғандығын айтты.

— «Ертіс-Баян» фестиваліне бұрын-соңды еш байқауларға қатыспаған, шыққанына көп уақыт бола қоймаған Жәнібек Әлікеннің «Күйеу бала» спектаклін алып келдік. Труппада 15 актер бар. Басты мақсат — қойылымды көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласын алу, сарапшылардың сынын тыңдау және басқа да театрлардың жаңашылдықтарымен танысу. Мұның алдында Павлодарға гастрольдік сапармен бірнеше мәрте келген болатынбыз. Ал театр фестиваліне алғаш рет қатысып отырмыз. Бұйырса, 1-2 қазан күндері Павлодар өңіріне гастрольдік сапармен келмекшіміз. Онда «Жанарымдағы жалғыз әуен» атты қойылымын және «Махаббат миниатюралары» атты театрландырылған концертімізді сахналаймыз, — деді Д.Серғазин.

Шараға келген қонақтар мен жергілікті тұрғындар облыстық театрдың алдында төселген қызыл кілеммен өткен 11 театр ұжымдарының шеруін тамашалады. Еліміздегі үздік өнер ұжымдарының қойылымдары бағаланған театрлар додасы 20-25 қыркүйек аралығына жоспарланған болатын. Алғашқы көшті Ж.Аймауытов театры бастады. Өнер ұжымы өткен маусымда премьерасы өткен «Ричард ІІІ» трагифарсын сахналады. Кейін өз кезеңімен «Сәке-Мәке», «Абай айтқан Еңлік-Кебек», «Шинель», «Қарагөз», «Ақан сері туралы аңыз», «Войцек», «Тартюф», «Күйеу бала», «Ulken ui» және «Қазақтың тойы бітпесін» қойылымдары көрермен назарына ұсынылды.

Айта кетейік, аталған фестивальде іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен еліміздің өзге өңірлерінен келген 11 өнер ұжымы бақ сынады. Олар — Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры, С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облысының қазақ музыкалық драма театры, Абай атындағы Абай облыстық қазақ музыка-драма театры, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры, Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театры, Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры, Астана қаласы әкімдігінің «Жастар» театры, Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының жас көрермен труппасы және Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек