Аудан мектептерінде «Бірыңғай құқықтық білім күні» өткізілді. Іс-шараның мақсаты — кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықты болдырмау.

Аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары мектеп оқушыларымен кездесу ұйымдастырды. Тәртіп сақшылары жасөспірімдерге есірткіні, синтетикалық заттарды қолданудың зияны мен зардабын түсіндіріп, дәріс оқыды. Сонымен қатар, қылмыстық әрекеті үшін мектеп жасындағы балалар да жауапқа тартылатынын ашық айтты. Полицейлер оқушыларға өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін интернет-сайттардың ықпалына түспеудің жолдарын көрсетті. Әңгімелесу барысында жасөспірімдер көкейдегі сауалдарын жолдап, өз құқықтарына қатысты толық мәлімет алды.

Кездесуден кейін құқық қорғау өкілдері «Азаматтық қабылдау» өткізіп, ата-аналарды жеке қабылдады. Мамандар әке-шешелерге бала тәрбиесінде қатаң ескеретін жайттарды айтып, құқықтық кеңес берді.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ.