Ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 44 жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта тұрғындардан өтінім қабылдануда.
Жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамту мәселесі аудандық мәслихат отырысында сөз болды. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жанат Жұматаевтың айтуынша, алдағы уақытта 156 адамды жұмыспен қамту көзделуде. Бұл ретте 110 адам маусымдық жұмыстармен айналыспақ. Ауданда 135 адам қоғамдық жұмыстарға тартылған. Кәсіп бастағысы келетін 54 тұрғын жастар тәжірибесінен өтті. Зейнет жасына жақындап қалған 25 адам да екі қолға бір күрек тапқан.
— Жергілікті халықты жұмыспен қамту бағытында жұмыс жүргізілуде. Биыл бос жұмыс орынға 275 адам орналасты. Бұл белгіленген жоспардың 82 пайызын құрайды. Қалған бос орындар тағы 60 адаммен толығатын болады. Бұл ретте қызметке жас мұғалімдер, мектепте пеш жағумен айналысатын адамдар қабылдануда. Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы талай адамға екі қолға бір күрек табуға көмектесті. Алдағы уақытта да жұртшылық осы бағдарламаның жемісін көреді деген ойдамыз, — дейді Ж.Жұматаев.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.