Қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетінің негізін қалыптастырушылардың бірі — Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ертіс-Баян» І республикалық театр фестивалі өз мәресіне жетті. Өнер додасында іріктеудің алғашқы кезеңінен сүрінбей өткен 11 театр ұжымы өнер көрсетіп, үздік деген туындыларын сахналады.
Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры басшысының орынбасары әрі қазылар алқасының мүшесі Нұркен Тұрлыбектің сөзінше, аталмыш фестиваль өз деңгейінде өтті.
— Фестиваль жоғары деңгейде өтті деген ойдамын. Осы өнер додасының аясында барлығы 11 театр үздік деген қойылымдарын сахналады. Сондай-ақ, театрсүйер көрер-мендер де спектакльдерді тамашалап, өз бағаларын бере алды, — дейді ол.
20-25 қыркүйек аралығында өткен фестивальдің нәтижесі бойынша бас жүлдені және 1,5 млн теңгелік сертификатты Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры иеленді. Өнер ұжымы көрермендер назарына драматург Жәнібек Әлкеннің «Күйеу бала» драмасын ұсынды. Ал Ж.Аймауытов театры «Ричард ІІІ» трагифарсымен (режиссері С.Левицкий) облыс әкімінің арнайы жүлдесін еншіледі. Одан бөлек, «Үздік ансамбль» аталымына Абай атындағы Абай облыстық қазақ музыка-драма театры («Абай айтқан Еңлік-Кебек» трагедиясы, режиссері — Ж.Жұманбай), «Үздік режиссуралық шешім» аталымына елордалық «Жастар театры», «Үздік сценографиялық шешім» аталымына — С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры («Қарагөз» трагедиясы, режиссері — Г.Балпеисова) ие болды. Сондай-ақ, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театры («Войцек» драмасы, режиссері Ұ.Қабыл) Ж.Аймауытовтың жиеншары Павел Аймауытов тіккен арнайы жүлдесін, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры («Қазақтың тойы бітпесін» драмасы, режиссері Д.Базарқұлов) «Amanat» партиясы Павлодар облыстық филиалы ұсынған арнайы жүлдені иеленді.
Сондай-ақ, бірнеше театр әртісінің еңбек-тері бағаланды. Мәселен, «Үздік эпизодтық әйел адам бейнесі» аталымын «Ричард ІІІ» қойылымындағы Герцогина Йорк рөлі үшін Аймауытов театрының актері Талжібек Атамбек, «Үздік эпизодтық ер адам бейнесі» аталымын «Тартюф» комедиясындағы рөлі үшін Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрының актері Қайрат Мырзаболатов жеңіп алды. Ал «Үздік әйел адам бейнесі» аталымы «Ақан сері туралы аңыз» трагедиясындағы Бәтиманың рөлін сомдаған Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының актері Ақбота Мәкежановаға берілсе, «Үздік ер адам бейнесі» аталымы «Шинель» драмасындағы рөлі үшін Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театрының актері Ислам Жақсылыққа бұйырды.
Еркін ЖУАСБЕК, қазылар алқасының төрағасы, М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының директоры, өнертану ғылымының кандидаты:
— Қазақстандағы театрлар соңғы жылдары театр фестиваліне қатысуға бейімделе бастады. Мәселен, қазіргі уақытта елімізде бір айдың көлемінде 5-6 фестиваль өтеді. Осыдан фестивальдің үлкен олжасы – жақсы спектакль екенін аңғарамыз. Неге десеңіздер, бұл өнер додасында үздік деген қойылымдар, талантты әртістер бақ сынайды. Нәтижесінде, көптің ықыласына бөленген спектакль жоғары марапатқа ие болады. Ал «Ертіс-Баян» фестиваліне келетін болсақ, бұл фестиваль өз деңгейінде өтті. Әр қойылымды талдау барысында театр сыншысы ретінде жан-жақты бағалап, кемшіліктері мен артықшылықтарын айтып, әділ баға бердік деп санаймын. Тағы бір айта кетерлігі, қоғамда бүгінге дейін қазақтың заманауи драматургиясы жоқ деп айтылатын. Алайда фестиваль барысында кей театр ұжымдары бұл пікірдің жаңсақ екендігін растады. Оған дәлел ретінде драматург Жәнібек Әлкеннің «Күйеу бала» қойылымын ерекше атап өтуге болады. Қойылым барысында қоғамда орын алып жатқан көкейкесті мәселелер көтеріліп, түрлі эмоциялар орын алды. Бір сөзбен айтқанда, сәтті қойылым болды.
Дәурен СЕРҒАЗИН, Астана қаласы әкімдігінің Жастар театрының режиссері, кино және театр әртісі:
— Театр режиссері ретінде бағымды сынап жүргеніме 10 жылға жуық уақыт болды. Бүгінде дейін 10-ға тарта қойылым дайындадық. Қазіргі уақытта барлығы театр сахналарында қойылуда. Өткен жылдан бастап өзге де театрларда режиссер ретінде қызметімді атқарып жатырмын. Бұйырса, болашақта кино бағытымен қатар режиссерлік саланы да қатар алып жүремін деген ойдамын. Театр фестивалінің нәтижесі менің шабытыма қанат бітірді. Алдағы уақытта қазіргіден қарағанда үш есе артық еңбек етеміз.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.