Баянауылдың төрінде ақын, сазгер, Мәдениет саласының үздігі Асығат Тұрғанбек пен ақын, журналист, ҚР Ақпарат саласының үздігі Асыл Әбішевтің 50 жас мерейтойларына арналған «Шабыттың қос шынары» атты әдеби-сазды кеш өтті. Сөз бен саз үйлесім тапқан шығармашылық кеш барысында өңірімізге белгілі айтыс ақындары мен өнер майталмандары ән-жырдан шашу шашып, көсемсөздерден құралған шағын спектакль көрермен назарына ұсынылды.

Алдымен Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Қинаятолла Тәліпов мерейтой иелерін құттықтап, аудан әкімі Ардақ Кісентаевтың құттықтау хаты мен сый-сыяпатын табыстады. Сондай-ақ, ол елуді еңсерген еңселі екі ақынды «Баянауыл ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.

— Баянауыл топырағы талант дарыған тұлғаларға бай. Туған жерден тұрақ тауып, елін, жерін, тағдыры мен жан сырын жырына арқау еткен қос ақынды да аудан жұртшылығы жақсы біледі, құрметтейді. Ал ақынның атын шығаратын – оқырман. Өлеңнің де өміршең болуы оқырманға байланысты. Бұл орайда қос ақынның қаламынан туған шығармалар жырсүйер қауымның назарынан тыс қалмақ емес. Оған бүгінгі әдеби кеште оқылған жалынды жырлар дәлел. Жалпы, бұл көрермен қауымның көңілін қанаттандыратын кеш қана емес, сонымен қатар, ақындардың өзін шабыттандыратын кеш, — деді ол.

Салтанатты рәсімнен соң Баянауыл ауданының Құрметті азаматтары Әбдіқомар Салықұлы мен Жұмкен Сейітов Асығат Тұрғанбектің «Сен мінгізген ақ пырақ» атты кітабының тұсауын кесті. Өлең өлкесіне өзіндік өрнегімен келген қос ақынның шымыр шығармалары қара өлеңге сусаған қалың оқырманды бірден жалынды жырларымен баурап алды. Жиылғандар әсіресе, Асыл Әбіштің көсемсөздері мен Асығат Тұрғанбектің сөзіне жазылып, бүгінде қазақ эстрадасында шырқалып жүрген әндерді тыңдап, ерекше күйге бөленді. Әсем әндердің арасында Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының әртістері Бауыржан Манатбек, Бекнұр Дастан, Бауыржан Егінбай және Темірлан Мұқатай Асыл Әбішевтің көсемсөздер топтамасынын үзінділер оқып, маңызды жиынның мазмұнын арттыра түсті. Бұдан басқа, өмір мен өнерде қатар жүрген екі достың, қос азаматтың әдеби-сазды кешінде өңірімізге білгілі әншілер өнер көрсетті. Атап айтсақ, ҚР Мәдениет саласының үздігі Серік Рысбек, Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының әртістері Руслан Нығман мен Нұржан Сарқамбаев, И.Байзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі Мадияр Бахтияров, Аққулы аудандық мәдениет үйінің директоры Самат Момынжанов, Алтай Омаров авторлық әндерін тарту етті.

Кеш соңында мерейтой иелері Асығат Тұрғанбек пен Асыл Әбішев сөз сөйлеп, ел-жұртқа, ұйымдастырушыларға алғыс айтып, ақжарма тілектерін ақтарды. Мерекелік кешке жиылғандар таланатты ақындардың шығармашылығына жоғары баға беріп, керемет көңіл-күймен тарқасты.

 

А.МҰҚЫШЕВ,

Баянауыл ауданы.