Аққулы ауылының тұрғыны Элина Сейтахметова ауданда тұңғыш рет бұрын-соңды болмаған кәсіп бастап, табысқа кенелуде. Ауыл тұрғындары күн сайын күндізгі сағат 10.00-де арнайы пеште әзірленетін тауық еті мен пицца сатып алу үшін кәсіпкердің павильонына келеді.

Элина Сейтахметова — жолдасымен 4 баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. Декреттік демалысы кезінде кәсіп бастау үшін көп ойланып, құрбысының кеңесімен «Бизнес Бастау» бағдарламасына қатысуға өтініш білдіреді. Жолдасымен ақылдасып, аудан орталығында бұған дейін болмаған кәсіпті бастау жөнінде бизнес-жоспар құрады. Комиссия мүшелері алдында өз жобасын сәтті қорғап, мемлекет тарапынан 1 млн 470 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болады.

— Ауыл халқы үшін ең өтімді тауар – азық-түлік екені белгілі. Сондықтан тауық еті мен пицца әзірлеу жөнінде шешім қабылдадым. Ұсынысымды жолдасым да қолдады. Ұтып алған гранттың 1 млн теңгесіне шағын жылжымалы кешен сатып алдым. Қалған қаражат өнімдерді дайындайтын құрылғыларға жұмсалды. Тауық етін облыс орталы-ғынан алғызамын, — дейді Э.Сейтахметова.

Жас кәсіпкер шағын бизнесін қыркүйек айының ортасында ашқан. Бар болғаны бір айдың ішінде тұрақты тұтынушылардың қатары көбейген. Жылжымалы кешен күн сайын күндізгі сағат 10.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін демалыссыз жұмыс істейді.

Элина Сейтахметова пиццаның үш түрін әзірлейтінін айтады. Жұрт сүйсініп жейтін дәмді ас 1800-2600 теңге көлемінде сатылады. Ал дәмді тауық етінің бағасы салмағына байланысты. Мәселен, 1,6 келі тауық еті — 4 мың теңге, салмағы 2 келі тауық еті — 4500 теңге, ал 2,5 кг үлкен тауық өнімі 5 мың теңгеден сатылады. Сонымен қатар, тұздық пен лаваш сыйлыққа беріледі.

— Кәсіп бастаған күннен бастап тапсырыс көп түсуде. Жұмыс күндері тек тауық етіне кемі 12 тапсырыс түсіп, 50 мың теңгеге дейін табыс табамын. Ал демалыс күндері тапсырыс екі есе көбейеді. Кемі 20 тауық етін пісіріп, 100 мың теңгеге дейін табыс түседі. Үйде баламен отырған анаға осындай мүмкіндік сыйлаған мемлекетке алғыстан басқа айтарым жоқ. Бастысы — ынта мен ниет. Кәсіпке жүрек қалауымен келу керек. Мемлекеттік бағдарламада бақ сынаған қатысушыдан бизнес жоспарды жазып, оны сәтті қорғау ғана талап етіледі. Еңбек етемін деген адамның бетін ешкім қақпайды. Соған көзім жетті, — дейді жас кәсіпкер.

Элина Ахметова бұған дейін ешқайда жұмыс істемеген. Жолдасы пошта бөлімінде еңбек етеді. Алдағы уақытта Элина тағы бір істі қолға алмақ. Аудандағы жанар-жағармай бекеті жанынан шағын дәмхана ашылуда. Бұл істі бастаған кәсіпкерлер Элинаны да жұмысқа шақырған. Енді көпбалалы ана аталған дәмханада нан өнімдерін пісіріп, сатумен айналыспақ. Бұл ретте ол жанына көмекші алған. Осылайша ол екі кәсіпті дөңгелетпек.

Бизнеске енді бет бұрған жас әрі көп балалы ананың ісіне береке тілейміз!

Айдана ҚУАНЫШЕВА.