Осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын салынған Екібастұз қаласындағы теміржол вокзалы осы уақыт аралығында күрделі жөндеуден өткен емес. Салдарынан ғимарат әбден ескіріп, тоз-тозы шыға бастады.

Жергілікті жұртшылық қала қақпасына баланатын сапаржайды жөндеу мәселесін көтергелі біраз жылдың жүзі болды. Тұрғындардың тілегі ескеріліп, биыл облыс басшылығы мен қала құраушы кәсіпорындардың қолдауы нәтижесінде вокзал ғимараты толығымен жаңғыртылуда. Қазіргі уақытта бұл бағыттағы жұмыс қызу жүріп жатыр. Таяуда шаһар басшысы Аян Бейсекин сапаржайдағы жұмыс барысын бақылап қайтты.

Қала әкімінің айтуынша, бүгінде төбені ауыстыру ісі толығымен аяқталды. Сол сияқты ішкі инженерлік желілер жаңартылды. Өрт-күзет, бейнебақылау желілері орнатылды. Әрлеу жұмыстарының 70 пайызы, қасбетті жаңарту ісінің 75 пайызы, ауланы абаттандырудың 50 пайызы тәмам. Жоспарлы істің барлығы кестеге сай атқарылуда. Бұл ретте шаһар басшысы сапаға баса мән беруді тапсырды.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.