Бұған дейін Тереңкөл ауданына қарасты Песчаное ауылының тұрғындары таза ауызсудан тарығып келген еді. Тіпті, өзеннен су тасып, қар суын ерітуге тура келген кездерді бастан өткерді. Бүгінде бұл түйткіл кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Жергілікті билік келесі жылы аталмыш елді мекен толығымен сапалы суға қол жеткізеді дегенді алға тартып отыр.
Песчаное ауылында 2800-ден астам тұрғын бар. Алайда бұл елді мекенде таза ауызсумен қамтуға қатысты мәселе жылдар бойы қордаланып қалған-ды. Тұрғындардың талап-тілегі ескеріліп, сең қозғалып, мұнда ауқымды жоба қолға алынды. Алайда әу баста мердігер жұмысты кестеге сай жасамай, біраз әуре-сарсаңға салғаны бар. Соған қарамастан, былтыр су құбырлары тартылды. Биыл екі жылдық жоба жалғасын тапты. Аудан әкімі Азамат Маңғұтов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында аталмыш елді мекендегі су құбырын қайта құру және жаңғыртуға 1 млрд 306 млн теңге бөлінгенін айтты.
— Песчан ауылында тазартқыш фильтрациясымен су құбыры бар. Ауылдағы үйлердің 80 пайызына су тартылды. Бүгінде жобаны жүзеге асыруға жауапты мердігерлер кірісті. Іске қосу–жөндеу жұмыстарын аяз түскенге дейін атқарып, кейін көктемде қайта жалғастыру жоспарда бар, — деп атап өтті аудан әкімі.
Сонымен қатар, тереңкөлдіктер «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының игілігін көріп отыр. Биыл бұл бағдарлама аясында Калиновка ауылындағы мектеп, дәрігерлік пункт, мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, көшелер жарықтандырылып, ауыл ішіндегі жолдар ретке келтірілді. Аудандық бюджеттен 21 млн теңгеге шағын футбол алаңын және балалар алаңын жабдықтау көзделген. Демеушілер көмегімен ауылдық мәдениет үйіне кіреберіс жол асфальтталды. Сол сияқты Береговое ауылында мәдениет үйі қайта құрылды. Ал келесі жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы Песчаное және Ивановка ауылдарының ажарын ашады деген үміт бар. Мұндағы 7 жоба қолдау тауып, 1 млрд 797 млн теңге қарастырылып отыр. Қомақты қаржыға екі ауылдағы мектептер жөнделіп, Ивановкада мәдениет үйі ретке келтіріледі. Ал Песчан ауылында дене шынықтыру–сауықтыру кешені салынады. Көшелерге жарық шамдарын қою, шағын футбол алаңын салу, жолдарды тегістеу де ойластырылған.
Ауданда тұрғындарды баспанамен қамту ісі де шет қалған жоқ. Қазір тұрғын үй кезегінде 665 адам тұр. Оларға пәтер кілттерін тапсыру мақсатында бірқатар іс атқарылуда.
— Әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдері үшін барлығы 96 млн теңгеге 7 пәтер сатып алынды. Аудан орталығында екі пәтерлі екі баспананың құрылысы аяқталуға таяу. Оны қараша айында алу жоспарда бар. Сонымен қатар, «Самұрық – Қазына» қорынан 831 млн теңге бөлінді. Бұл сомаға 24 пәтерлі және Тереңкөл ауылында
32 пәтерлі баспаналар сатып алынатын болады, — деді Азамат Маңғұтов.
Аудан басшысы сөз соңында келесі жылғы жоспарға тоқталды. Олардың қатарында Ивановка ауылындағы жолдарды, Калиновкаға кіреберіс жолды жөндеу, Оқушылар үйін ретке келтіру бар. Оған қоса, Тереңкөл ауылында бассейн, бұрынғы тубдиспансер ғимаратын қайта қалпына келтіру және Береговое ауылына кіреберс жолды орташа жөндеуден өткізуге қатысты жобалық-сметалық құжаттар дайындалмақ.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.