Ауған соғысында қаза болған ақтоғайлық Қажымұрат Ибадильдиннің анасы Жаңыл апа үйдің шатыры тозғанын айтып, аудан әкімінен көмек сұраған болатын. Жақында қарияның өтініші қабылданып, үйдің шатыры толықтай жөндеуден өтті.

Жөндеу жұмыстарын жүргізуге Ақтоғай ауданының тұрғыны, Ауған соғысының ардагері Данышпан Әбдіқалықов демеушілік етіп, Қалқаман Жүсіпов, Дәуіт Мәдеев сынды азаматтар көмектерін көрсетіп, өз үлестерін қосты.

Игі істің жалғастырушысы ретінде Ауған соғысының ардагері, Ақтоғай ауданының ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Смағұлов Махмет Қатайұлы жан-жақтағы Ауған соғысының ардагерлеріне, достарына хабарласып, нәтижесінде жөндеу жұмыстарына жалпы 800 мың теңгедей қаражат жинаған.

Жиналған қаражатқа құрылыс материалдары сатып алынып, Ақжол ауылдық округының әкімі Темірбай Қуанов пен ауыл азаматтары да белсенділік танытып, аз уақыттың ішінде үйдің шатыры жаңартылды. «Көп түкірсе – көл» демекші, жомарт әрі іскер азаматтардың арқасында жаңа шатыр алыстан көз тартып, үй ажарлана түсті. Жаңыл апа қол ұшын созған азаматтарға ақ батасын беріп, жақсы жандарға жақсылық тіледі.

 

Өз тілшіміз.