Биыл аудан орталығындағы 3 көшеге асфальт төселуде. Бір жобаның аясында жалпы ұзындығы 1 км 710 метр жол жаңа кейіпке енгізілуде.

 

Аққулы ауылдық округінің әкімі Дастан Бейсенбаев ауқымды жұмысты мердігер «ДорСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатқанын айтты. Бұл бағытқа бонустық трансферт есебінен жалпы сомасы 125 млн теңге қаражат бөлінген. Жұмыс бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Осы аптада 3 көшедегі жол құрылысы аяқталады деп күтілуде. Осылайша аудан орталығындағы Қадырбаев, Қалиев, Шарапиденов көшелерінің жолы жаңа кейіпке енбек.

— Келесі жылы жол жөндеуге қаражат бөлінсе, тағы бір жоба бар. Оны іске асыру үшін жобалық-сметалық құжатты өзгерту қажет. Ол үшін 600 мың теңге қаражат керек. Аудан басшылығы бұл мәселені біледі. Мақсат іске асса, ауыл халқының игілігі үшін ауыл ішінде  жолдар тағы жөнделетін болады. Аудан орталығында жалпы саны 19 көшенің жолы жөндеуді талап етеді. Бұл ретте жалпы ұзындығы 6 км 200 метр жолға асфальт төсеу қажет, — дейді Дастан Серікұлы.

Аққулы ауылында 3  мыңнан астам халық тұрады. Аудан орталығына жыл сайын Оңтүстік өңірлер мен атамекеніне оралған қандастар көшіп келеді. Биыл Оңтүстік өңірден 9 отбасы және шеттен 5 отбасы қоныс аударған. Олардың бәріне мемлекет тарапынан қажетті көмек көрсетілген.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА.