Баянауылдағы Ш.Шөкин атындағы жалпы орта білім беру мектебінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында алғашқы әскери және технологиялық дайындық мұғалімдеріне арналған «Жас сарбаз — Мәңгілік ел ұланы» атты семинар өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ауқымды шара ауданда алғаш рет өтуде. Оған құқық қорғау, қорғаныс саласының мамандары, ұстаздар және жоғары сыныптың ер балалары қатысты. Жастар әскери өмірдің ережелерімен, саладағы өзгерістермен танысып, мамандардан өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды. Сондай-ақ, қатысушылар теориялық білімді тәжірибемен ұштастырды. Сол арқылы сабақ барысында туындайтын қиындықтарды бірге талқылап, білім беру үдерісін жақсарту бойынша ұсыныстарын әзірлеуге мүмкіндік алды.

— Мұндай іс-шаралар педагогтердің біліктілігін арттырып қана қоймай, өскелең ұрпақ бойында патриоттық рухты күшейтеді. Біз жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу ісінде тиісті мамандармен бірлесіп жұмыс істеуге әрдайым әзірміз, — деп атап өтті аудандық білім беру бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Гүлнәзи Нұртаева.

Н.АҚЫТЕГІ.