Бұрнағы күні Павлодар ауданы әкімі Дидар Ибраевтың төрағалығымен аудан әкімдігінде кезекті аппарат мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат қызметкерлері, бөлім басшылары, ауыл әкімдері мен мекеме басшылары қатысты.
Жиынның күн тәртібінде күзгі дала жұмыстарының қорытындысы, мемлекеттік сатып алу, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, білім беру мекемелеріндегі тәрбие жұмысын жетілдіру мәселелері қаралды. Алқалы жиында алдымен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Серік Жанғазинов баяндама жасап, егін жинау науқанының барысын хабарлады. Бөлім басшысының айтуынша, ағымдағы жылы аудан бойынша астық жинау алаңы 86254 гектарды құрайды. Оның ішінде 35,9 мың гектардан дәнді дақылдар, 29,9 мың гектар жерден майлы дақылдар, 11,7 мың гектар алқаптан мал азықтық дақылдар, 4,7 мың гектардан картоп және 3,36 мың гектар жерден көкөніс жиналды.
— Бүгінгі күні ауданда астық, бұршақ, картоп, көкөністерді жинау жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта майлы дақылдарды жинау науқаны аяқталу сатысында тұр. Бұдан бөлек, мал азығын дайындау жұмыстары да аяқталды. Ағымдағы күні 128,8 мың гектар жерден шөп шабылды. Жоспар бойынша бұл көрсеткіш 110,9 мың гектарды құрайтын. Оның ішінде 32 мың гектар жайылымдық жерден 176,1 мың тонна шөп шабылды. Сондай-ақ, 34,4 мың тонна пішендеме, 47,7 мың тонна сүрлем, 6,5 мың тонна сабан дайындалды. Аудан бойынша күзгі дала жұмыстары мен мал азығын дайындау жұмыстарына 3114 тонна дизель отыны бөлінді, — деді бөлім басшысы.
Ал аудандық қаржы бөлімінің басшысы Нұрлан Досмағамбетов мемлекеттік сатып алу рәсімдерін уақтылы өткізу мақсатында қазіргі уақытта тапсырыс берушілердің өтінімдері негізінде 2025 жылға арналған алдын ала жоспар шеңберінде мемлекеттік сатып алулар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Айтуынша, бүгінгі таңда «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында Ефремовка ауылындағы кентішілік жолдарды орташа жөндеу жұмыстарына өтінімдер толықтыру сатысында тұр. Мұндағы 5 көшенің (1 Мамыр көшесі, Мир көшесі, Тәуелсіздік көшесі, Молодежная көшесі, Новая көшесі) ұзындығы 5,278 шақырымды құрап, жалпы сомасы 280,6 млн теңгені құрады. Сондай-ақ, «Ефремовка мәдениет үйі» ғимаратын күрделі жөндеу мақсатында жалпы сомасы 144,3 млн теңгеге конкурс жарияланып, қорытынды хаттамасына сәйкес «Винтрейд» ЖШС жеңімпаз мердігер ұйым болып бекітілді.
Бұдан бөлек, жиын барысында аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жеміс Дүйсекенова ауданда өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен дамытудың әртүрлі аспектілерін қамтитын тәрбие жұмысына қатысты кешенді жоспар әзірленіп, іске асырылып жатқанын айтты. Оның сөзінше, баланың біртұтас үйлесімді тұлғасын қалыптастыруға бағытталған «Біртұтас тәрбие» бірыңғай тәрбие бағдарламасы шеңберінде тәрбие іс-шаралары мен білім беру бағдарламаларының интеграциясы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, бұл — оқушылардың азаматтық ұстанымын, патриотизмін, шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға ықпал етеді.
— Павлодар ауданында 35 мемлекеттік білім беру мекемесі жұмыс істейді, оның ішінде 26 жалпы білім беретін мектеп, 1 Балалар өнер мектебі және 8 балабақша. Бүгінгі таңда аудан мектептерінде 4066 оқушы оқиды, оның ішінде 1-4 сыныптарда — 1611 және 5-11 сыныптарда – 2455 оқушы. Барлық мектептерде отбасыларды тәрбие процесіне тартуға, ұрпақтар арасындағы өзара түсіністікті дамытуға бағытталған клубтар жұмыс істейді. Тәрбие жұмысының маңызды бағыттарының бірі — сыни ойлауды, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын және көшбасшылық қасиеттерді дамыту мақсатында ауданда 21 дебат клубы жұмыс істейді, онда оқушылар дәлелдеу дағдыларын дамытады. Сондай-ақ, тәрбие жұмысының маңызды аспектісі балалардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамыту. Ауданда балалар өнер мектебі жұмыс істейді, онда 1870 бала оқиды, бұл аудан оқушыларының жалпы санының 46 пайызын құрайды. Бұдан басқа, аудан мектептерінде 2269 оқушыны қамтитын 152 үйірме жұмыс жасайды. Мектептерде волейбол, баскетбол, футбол, шахмат және ұлттық спорт түрлерін қоса алғанда, 21 спорт түрінен 167 спорт секциясы жұмыс істеп тұр, — деді ол.
Аудан әкімі бұл көрсеткіштердің барлығы үздіксіз атқарылған жұмыстардың нәтижесі екенін айтып, осы қарқынды төмендетпеу керектігін атап өтті. Сондай-ақ, кейбір салалар бойынша төмен көрсеткіштерді ой сүзгісіне салып, кемшіліктермен жұмыс жасау керектігін жауапты бөлімдер мен сала мамандарына жүктеді. Аудан басшысы тұрғын үй салу, кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамту мәселесіне тоқталып, бұл бағытта нәтиженің мардымсыз екендігін сөз етті. Алдағы уақытта мұндай босаңсуларға жол берілмейтіндігін ескертті.
А.МҰҚЫШЕВ.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.