Соңғы бір аптада еліміздің валюта нарығында АҚШ долларының бағамы күрт көтеріліп кетті. Ағымдағы аптада, тіпті, 530 теңгеге дейін жетті. Мамандар мұндай өзгеріске сыртқы және ішкі факторлар әсер етті деп пайымдайды. Халық та барлық тауардың бағасы аспандайды деп алаңдап отыр. Нақты, қай салаға айтарлықтай әсер етуі мүмкін?

ҚР Ұлттық банкі де валюта нарығындағы ахуалға байланысты ресми мәлімдеме жасады. Біздегі жағдайға ұқсас ахуал дамушы нарықтардың бәрінде байқалып тұрғаны айтылды. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, АҚШ доллары күннен-күнге нығайып, дамушы елдердің валюталарына қысым түсуде. Мысалы, соңғы екі айда Ресей рублі 16,1 пайызға, бразиль реалы 10,3 пайызға, кәрістердің воны 6,1 пайызға, мексикан песосы 3,8 пайызға әлсіреген. Ал дәл осы аралықта теңгенің долларға шаққандағы курсы 6,6 пайызға құлдыраған. Бас банкир мұны біздің экономикамыздың тікелей мұнай өндірісіне тәуелділігімен байланыстырды.

Сондай-ақ, Ұлттық банк Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер бөлуге желтоқсан айында 800-900 млн АҚШ долларын сатпақ. Еліміздің басты қаржы мекемесінің мәліметінше, соңғы айларда экономикалық агенттер тарапынан шетелдік валютаға деген сұраныс айтарлықтай өскені байқалған. Бұл да доллардың бағамына қысым келтірген. Ұлттық банк курстың әрі қарай да нарықтық факторларға сәйкес қалыптасуына еш кедергі келтірмейтін көрінеді. Дегенмен, объективті факторлармен байланысты емес жағдайларда қатты тұрақсызданған кезде әділ курс түзуді қалпына келтіру үшін валюталық интервенция жасауды жалғастырмақ.

Үкімет нарықтағы ахуалға қатысты да нақты қадамдар жасауда. Премьер-министр орынбасары — Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байназаров валюталық нарықты тұрақтандыруға бағытталған шаралар қолға алынғанын айтты.

— Азаматтар мен бизнестің алаңдаушылығын түсіне отырып, Үкімет пен Ұлттық банк валюталық келісілген шараларды қолға алуда. Ұлттық валюта курсын түзету – сыртқы факторлардың әсерінен туындаған құбылыс екенін ескеру керек. Бірінші фактор – соңғы айларда доллар индексінің жаһандық күшеюі, екіншісі – мұнайдың әлемдік бағасының төмендеуімен байланысты. Сонымен қатар, Ресей рублінің әлсіреуі де әсер етті, — деді Н.Байназаров.

Сондай-ақ, ол Үкіметтің ресурстары мен құралдары жеткілікті екенін мәлімдеді.

— Тұтынушылық тауарларға бағаның тұрақтылығын сақтаудың маңыздылығын білеміз. Ұлттық банкпен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп инфляцияны ұстауға бағытталған шаралар кешенін іске асыруды жалғастырамыз. Бұл ретте, ішкі нарық тауарларымен толықтыруға, бәсекелестікті қорғауға, сыртқы тауар айналымын реттеуге көңіл бөлінеді, — деді Үкімет мүшесі.

Айтуынша, осындай әрекеттер нәтижесінде былтыр жылдық инфляция 20,3 пайыздан 9,8 пайызға төмендесе, биыл 11 айда 8,4 пайызды құраған. Әлеуметтік маңызы бар бағыттарға шаралар қолданылады. Тұрақтандыру қорлары, ауыл-шаруашылық жәрмеңкелері арқылы азық-түлік бағасы реттелмек. Барлық әлеуметтік міндеттемелердің толық көлемде орындалатынын да айтты.

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақының жыл сайынғы индексациясы 8,5 пайызға, әлеуметтік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы 6,5 пайызға өсіріледі. Үкімет тарапынан да, квазисектор мен банктік сектор тарапынан да елімізде дефолт орын алмайтыны, Үкіметтің резерві жеткілікті екені мәлім болды.

Доллар бағамының өсуі құрылыс саласына айтарлықтай әсер ететін көрінеді. Себебі, бұл салада қолданылатын материалдардың басым бөлігі сырттан әкелінеді. Қазірдің өзінде құрылыс компаниялары салынып жатқан және құрылысы басталатын тұрғын үйлердің шаршы метрінің құнын қайта қарауға кіріскен. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бағаны нарық реттейтінін бірден айтты. Бірақ, мемлекет әлеуметтік баспаналардың бағасын қатаң бақылайды, деді. «Отау», «Наурыз» бағдарламалары бойынша сатып алынатын пәтерлер бағасының жоғарғы шегі болады. Мұнда өзгеріс болмайды деп сендірді. Алайда, құрылыс саласының өкілдері бір шаршы метр құны кемі 5-10 пайызға артады деген болжам жасап отыр. Өйткені, олар материалдардың елу пайызы шеттен жеткізілетінін алға тартуда.

Г.МАҒЖАН.