Соңғы жылдары Екібастұз қаласында жол бойы сервисі дамып келеді. Тек соңғы екі жылдың аралығында жолдың бойында қызмет көрсететін бес нысан ашылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін көлік магистральдары ұлттық стандартқа сай келетін жол бойы сервисімен қамтылуы тиіс. Осы орайда кеншілер шаһарында жаңа нысандар бой көтеруде. Солардың бірі – таяуда іске қосылған жанар-жағармай бекеті. Шаһар басшысы Аян Бейсекин аталмыш қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Бұл жерде жанармай алып қана қоймай, дәмханада ас ішуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, намаз оқу бөлмесі, заманауи қонақ бөлмелер, кір жуу орны, басқа да сервис түрлері қарастырылған. Қала әкімі мұндай станциялардың жолаушыларға жайлы жағдай жасап, туристік әлеуетті арттырудағы рөлі зор екенін атап өтті.

— Осыдан екі жыл бұрын Павлодар – Астана бағытындағы жолдың екібастұздық аймағында жанар-жағармай бекеттерінің мүлде жоқтығы немесе аздығына қатысты шағымдар жиі түсетін. Жер учаскелерін, жобаны жүзеге асыруға арналған техникалық шарттарды беру сынды жұмыстардың және кәсіпкерлердің белсенділігінің нәтижесінде мұндай шағымдар қазір жоқ. Бүгінде жол бойында қызмет көрсету ісі реттеліп келеді, — дейді қала әкімі.

Айта кетелік, Екібастұз өңірінде барлығы 29 жанармай бекеті бар. Олардың басым бөлігі – ірі желілер.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.