Photo Valeriy BUGAYEV

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласына іссапар барысында төрт нысанды аралады. Жыл соңына қарай, кеншілер шаһарында айтарлықтай өзгерістер орын алды. Олардың бірі жаңартылған теміржол вокзалы жөндеу жұмыстарынан өтіп, заманауи түрде жетілдірілді. Сондай-ақ, аймақ басшысы пәтер кілттерін табыстап, дарынды балалардың өмірімен жақынырақ танысып, қала тұрғындарының толғандырған сұрақтарына жауап берді.

Жаңарған сапаржай

Іссапар Екібастұз қаласының сапаржайынан басталды. Қалада теміржол вокзалының құрылысы аяқталуға таяу. Мұнда жөндеу жұмыстары соңғы рет 20 жылдай бұрын жүргізілген. Биылғы жөндеуден кейін теміржол вокзалы айтарлықтай жетілдірілді.

– Теміржол сапаржайын жаңартуға бюджеттік қаржы бөлінген жоқ. Жұмыстардың барлығы негізгі демеуші – «KazMinerals» компаниясының қара-жатына атқарылды. Бұл мақсатқа 976 млн теңге жұмсалды. Бүгінде Павлодар, Шымкент және Қызылорда қалалары мен облыстарының сапаржайларына күрделі жөндеу жұмыс-тары жүргізіліп, бастан-аяқ жаңарып, жетілдірілгенін атап өткім келеді, – деді «Жолсервис» ЖШС директоры Дастан Махметов.

Жоспар бойынша, жаңартылған сапаржай 10 қаңтардан бастап қайта іске кіріседі. Заманауи кейіпке айналған теміржол вокзалында жолаушылардың жайлылығы үшін түрлі жағдай қарас-тырылған. Мұнда ана мен бала бөлмесі, намазхана, хостел, дәмхана, балалар ойнайтын аймақ – барлығы бар. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де ыңғайлы болмақ. Сапаржайдың бірінші қабатында Халыққа қызмет көрсету орталығының бөлімі ашылса, үшінші қабатта кеңселер орналасады.

– Былтыр Павлодар қаласындағы теміржол вокзалы жаңғыртылса, биыл Екібастұздағы сапаржай жөнделді. Жалпы, вокзал – қаланың қақпасы. Кез келген адам сапаржайдың кейпіне қарап қаланың келбетін бағамдайды. Жаңартылған теміржол сапаржайы жолаушыларға жайлы әрі қолайлы болады деген ойдамын, – деді аймақ басшысы.

Көптен күткен қоныс той

Бұдан бөлек, облыс әкімі Асайын Байханов бір топ екібастұздыққа жаңа пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстады. Кеншілер шаһарында ұзақ уақыт тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар баспаналы болды. Атап айтқанда, әлеуметтік осал топ өкілдері санатына кіретін 20 отбасы жалдамалы үй алды.

– Бүгінде Екібастұз қаласында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Өздеріңіз оған куәсіздер. Ұзақ уақыт пәтер кезегінде күтіп, шыдамдылық танытқандарыңыз үшін рақмет! Жаңа үйдің іші құт берекеге толы болсын, – деп тілегін білдірді аймақ басшысы.

Жалпы, Екібастұз қаласында 4,5 мың адам пәтер кезегінде тұр. Олардың қатарында 236 отбасы осы жылы баспана жағдайын жақсартты. Жыл сайын шаһарда 98-100 мың шаршы метр көлемінде тұрғын үй салынып, пайдалануға берілуде.

Алғашқы баспанасын 10 жыл күткен төрт баланың анасы Альбина Төлебаеваның қуанышында шек жоқ. Бүгінде олар үш бөлмелі пәтердің иесі атанып отыр. Өмірін бала тәрбиесі мен үй шаруасына арнаған ана бос уақытын тігіншілікке арнауда.

– Өзім Ресейдің тумасымын. Екібастұзға көшіп келгеніме 25 жылдан асты. Бірнеше жыл қатарынан балапандарымызбен пәтер жалдап тұрдық. 2013 жылы кезекке тұрып, бүгін міне көптен күткен үйімізді алып отырмыз, – дейді ол.

Дарынды балаларға қолайлы орта

Іссапар барысында аймақ басшысы қоғамның айнасы білім ордасына да аяқ басты. Солардың бірі – облыстық дарынды балаларға арналған көптілді лицей-интернаты. Мұнда бірталай өзгерістер орын алған. Бұған дейін оқушылардың оқу орны мен жатақханалары екі бөлек жерде орналасса, бүгінде балалар жаңа, заманауи ғимаратта білім алып, жылы жерде тұрып жатыр.

– Бізде Астана, Орал, Атырау, Алматы және Түркістан қала-ларынан келген балалар білім алуда. Олар ана тілімен қатар түрік және ағылшын тілдерін жетік біледі. Білімге деген құлшыныстары жоғары. Соңғы бес жылда көптеген ыңғайсыздықтарды жойып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін ғимараты-
мыз көркейе түсті. Бұрын спорттық алаңға тапшы болған едік. Бүгінде оқушылардың сабақтан тыс дамуына арналған бөлмелер бар, – деді мектеп директоры Серік Қалдыхан.

Облыс әкімі Асайын Байханов балалармен еркін түрде әңгімелесіп, олардың болашаққа қойған жоспарлары жайлы сұрады, тіпті ағылшын тілінде сұхбаттасып көрді.

Маңызды кездесу

Ең бастысы, аймақ басшысы Асайын Байханов Екібастұз қаласына іссапар барысында жергілікті жұрт-шылықпен жүздесіп, тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді. Кездесуге 800-ден астам адам жиналды.

– Екібастұз қаласының базалық экономикалық макрокөрсеткіштері жоғары динамиканы көрсетуде. Жалпы инвестиция көлемі 293,5 млрд теңгені құрады. Қазір жаңа жұмыс орындарын кеңейту мақсатында 8 ірі инвестициялық жоба жүзеге асуда. Алдыңғы уақатта 3 мыңға жуық екібастұздық жұмыспен қамтамасыз етіледі, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, биыл кеншілер шаһарында инфрақұрылым жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар атқа-рылды. ЖЭО қазандықтары мен желілік жабдықтарын жаңғыртуға 20 млрд. теңгеден астам инвестиция салынды. Яғни жылу көзі тозбауы тиіс.

Кездесу барысында көпшілік кәріз жүйесін жаңарту, мектеп жанын-дағы жаяу жүргіншілер жолын абаттандыру, білім мекемелерінің аумағына бағдаршам орнату сынды мәселелерді көтерді. Сондай-ақ, қарапайым тұрғындардың қаладағы архитектуралық өзгерістерге байланысты білімін толықтыратын орта-
лық ашуды ұсынды.

– Мәселемнің шешілмегеніне 2 жылдан асты. Құрылыс істері комитеті сәулеттің заңға қарсы әрекет етіп, нұсқалық жоба шынымен қатаң бұзушылық екенін растады. Дегенмен әлі күнге дейін ештеңе өзгерген жоқ, –  деді қала тұрғыны Гүлсанат Кеңесқызы.

Аймақ басшысы аталмыш мәселенің жергілікті билік органдарының жұмысында ескерілгенін айтып, өзінің жеке қабылдауына шақырды. Осы уақытқа дейін Екібастұз қаласы мен оған қарасты ауылдық аймақ-тарда шешілген мәселелер аз емес. Бүгінгі кездесуде көтерілген сұрақтарды назарға алып, шешу жолын қарастыратынын айтты.

Айта кетейік, жоспар бойынша 2025 жылы №2, 7 жылу магистральдары жаңартылды. Бұл Беркімбаев, Торайғыров, Энергетиктер және Пішембаев көшелеріндегі 200-ден астам көпқабатты тұрғын үйлердің және 2 мыңға жуық жеке сектордағы үйлердің жылумен жабдықтау сапасын арттырмақ.

Салтанат ҒАББАС, Екібастұз қаласы.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.