Бұдан былай дүние есігін ашқан сәбилердің туу туралы куәлігін мекемелердің есігін жағаламай, іргеңізде орнатылған постаматтан-ақ ала саласыз.
Қазақстанда осындай пилоттық жоба қолға алынуда. Яғни, «Kaspi Bank» АҚ постаматтары арқылы құжатты азаматтарға жеткізу мүмкіндігі қарастырылуда. Мұндай оңтайлы тәсілді Әділет министрлігі Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, іске асырмақ. Демек, туу туралы куәлікті Халыққа қызмет көрсету орталығына бармай алуға жол ашылады.
Құзырлы министрлік осы ретте туу туралы, азаматтардың қайтыс болғаны туралы, неке қию және бұзу туралы куәліктер, анықтамалар сияқты электронды құжаттар бойынша қолданылатын электронды апостильдерді жетілдірмек. Жаңашылдық азаматтарға аталған құжаттарды алуға және бір өтініш негізінде оларға апостиль қоюға мүмкіндік беретін көрінеді. Бұл қызмет жыл соңында қолжетімді болады.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.