Жуырда облыстық қоғамдық кеңестің жаңа құрамы бекітілді. 2024 жылдың соңында облыстық қоғамдық кеңестің үшінші құрамының үш жылдық өкілеттік мерзімі аяқталған болатын.

«Достық үйінде» өткен алқалы жиында облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко, облыстық мәслихаттың депутаты Динара Айтжанова және Павлодар қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенже Кеңесбаев 33 адамнан тұратын қоғамдық кеңес мүшелерін таныстырып, оларға қызметтік куәлік табыстады. Кеңес мүшелері қатарында саяси
партия, қоғамдық бірлестік өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, бюджет саласының қызметкер-лері де бар. Қоғамдық кеңестің төрағасы лауазымына бірауыздан саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған Бәкір Демеуов тағайындалды.

Жиында Бәкір Саматұлының бастамасымен 6 комиссия құрылып, олардың төрағалары сайланды. Бұл ретте экономика, бюджет және құрылыс жөніндегі комиссияға Болат Құспеков, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі комиссияға Бақыт Бексейітова, аграрлық мәселелер, жер қатынастары және инвестициялар жөніндегі комиссияға «Галицкое» ЖШС-ның басшысы Александр Касицин жетекшілік етеді. Бұдан басқа, азамат-тардың құқықтарын, заңды мүдделерін қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияға Еркеғали Жанғазы, экология, қоршаған орта және тұрғын үй-коммуналдық шаруа-шылықты жақсарту мәселелері жөніндегі комиссияға Марина Регатунова, спорт, туризм және жастар мәселелері жөніндегі комиссияға Дулат Әбетжанов төрағалық етпек.

Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы облыс әкімі Асайын Байхановтың қатысуымен өткен алғашқы отырыста бас қосты. Аймақ басшысы бұған дейін кеңеске төрағалық еткен Нұрлан Нәбиевке қажырлы еңбегі үшін алғыс айтып, «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін кеудесіне тақты. Жаңа құрамдағы кеңес мүшелерінің қызметіне сәттілік тіледі. Сонымен қатар, 2025 жылы облыс көлемінде атқарылатын ауқымды істерді баяндады.

— Өңір тұрғындары бізден олардың әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған өзгерістер күтеді. Биыл жүзеге асырылатын жоба көп. Бұл ретте Ақсу қаласында, Успен, Ертіс және Май аудандарының орталықтарында бассейндер салу, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде Павлодар қаласында 1800 орындық екі мектептің құрылысы жүргізіледі. Аққулы ауданындағы Тілектес ауылы мен Павлодар ауданындағы Бірлік ауылдарындағы апатты жағдайдағы білім ошақтарының орнына екі жаңа мектеп салынады. Бұдан бөлек, облыс орталығында мұз сарайы мен көркем гимнастика орталығының құрылысы басталып, Ертіс өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі, Екібастұз қаласында инклюзивті балабақша бой көтереді. Сондай-ақ 22 млрд теңгеден астам сомаға инженерлік-коммуникациялық желілерді қайта жаңарту және 61 әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өткізіледі — деді аймақ басшысы.

Асайын Қуандықұлы барлық деңгейдегі әкімдердің тұрақты кездесулері мен жеке қабылдаулары кезінде тұрғындардың көтерген түйткілді мәселелерін шешу мақсатында өңірдің 67 ауылында 96 жобаны іске асыру үшін жалпы сомасы 5,5 млрд теңге бонустық трансферт бөлінгенін атап өтті. Сонымен қатар, ел Президентінің 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағанына ерекше назар аударды.

Биыл Екібастұзда инвестиция көлемі 92 млрд теңгені құрайтын, 800 жұмыс орны құрылатын «Ekibastuz Ferro Alloys» және инвестиция көлемі шамамен 120 млрд теңгені құрайтын, 530 жұмыс орны ашылатын «Mineral Product International» 2 жаңа ферроқорытпа өндіру зауыттарын ашу жоспарлануда. Сондай-ақ, Еуразиялық механикалық зауыты іске қосылмақ. Павлодардың арнайы экономикалық аймағының аумағында жылына 15 тонна алтын алатын, құрамында алтыны бар концентратты қайта өңдеу бойынша ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Инвестиция көлемі 500 млрд теңгеден асады. Нәтижесінде 1 мыңнан астам жұмыс орны құрылады.

— Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, ҚР Конституциясы мен Ассамблеясының 30 жылдығы тойланады. Сонымен қатар, Қазақ хандығының 560 жылдығы, Жаяу Мұсаның 190 жылдығы, Абай Құнанбаевтың 180 жылдығы, Майра Шамсутдинованың 135 жылдығы, Иса Байзақовтың 125 жылдығы, Қалмұқан Исабаевтың 100 жылдығы және Махмет Қайырбаевтың 100 жылдығы аталып өтіледі. Маңызды іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге қоғамдық кеңес мүшелерін атсалысуға шақырамын, — деді А.Байханов.

Жиында облыс әкімі жаңа құрам тұрғындарды толғандыратын ең өзекті мәселелерді анықтап, азаматтық диалог аясында шешім табатынына сенім білдірді.

Павлодар облысының Құрметті азаматы Бақыт Бексейітова аймақ басшысына сенім білдіргені үшін алғысын білдіріп, қоғамдық кеңес қойылған міндеттерді орындау үшін бар күшін, білімі мен тәжірибесін жұмсайтынын жеткізді. Биыл ауылдық елді мекендерді дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

Отырыс соңында қоғамдық кеңестің жаңа құрамы облыс әкімімен естелік суретке түсті.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.