Мемлекет басшысының Жолдауын іске асырудағы негізгі міндеттердің бірі – азаматтардың қауіпсіз әрі жайлы жүруін қамтамасыз етуге бағытталған жол инфрақұрылымын дамыту болып табылады. Бұл шаралар халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жұмыстың маңызды бөлігі болып саналады.
Жолдауды іске асыру аясында 2024 жылы республикалық және жергілікті маңызы бар жолдар мен Павлодар облысындағы елді мекендердің көшелерінің 795 шақырымы қайта жаңартылып, жөнделді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 6%-ға артық (2023 жылы – 742 шақырым). Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі 95%-ға жетті.

Елді мекендердегі сапалы жол инфрақұрылымын қамтамасыз етуге, сондай-ақ ауылдарға кіреберіс жолдарды жөндеуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Соңғы 2 жылда ауылдарға кіреберіс 59 жол жөнделді (2023 жылы – 20, 2024 жылы – 39). Қалған 62 жолды жөндеу жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Қалалық және ауылдық инфрақұрылымды жақсарту мақсатында елді мекендерде 290 шақырым жол жөнделді. Сонымен қатар, ауылдарда жайлы өмір сүру жағдайларын жасауға бағытталған «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы қарқынды жүзеге асырылуда.

Көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша ірі нысан – Павлодар қаласында Ертіс өзені арқылы жаңа көпір құрылысының басталуы. Бұл көпір елді мекендер арасында ыңғайлы байланысты қамтамасыз етеді. Құрылыс 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Осы шаралардың барлығы әрбір тұрғын үшін қауіпсіз әрі жайлы қозғалысты қамтамасыз етуге, сондай-ақ өңірдегі өмір сүру деңгейі мен жайлылығын арттыруға бағытталған.

С.Батырғожинов.