Қордан биыл қанша түсті?

Ақп 6, 2025

Елімізде «Ұлттық қор — балаларға» ұлттық жобасы аясында 18 жасқа толмаған әрбір қазақстандық баланың арнайы шотына 129 АҚШ доллары көлемінде ақша түсті. Бұл қордың өткен жылғы инвестициялық кірісі есебінен үлестірілуде. Өткен жылы 100 доллардан аударылғанын білесіздер.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын көтерген еді.

— Біз азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартып, балаларымызға кемел келешекті құрудың негізін қалап жатырмыз. «Ұлттық қор – балаларға» жобасының басты миссиясы – келер ұрпаққа арналған жинақтарды қалыптастыру арқылы қаржы ресурстарын үнемдеу жолымен әр балаға ұлттық байлықтан тиесілі үлесті беруді көздейді, деді Мемлекет басшысы.

Содан өткен алғашқы аударым жасалды. Демек, қазіргі таңда 18 жасқа толмаған әрбір баланың арнайы шотында 232,94 доллар бар. Ақшаның түскен-түспегенін азаматтар kids.enpf.kz сайтының тиісті бөліміне баланың жеке сәйкестендіру нөмірін енгізіп, біле алады.

Ұлттық банк барлық балаларға аударылған жалпы сома 888,8 миллион АҚШ долларын құрағанын мәлім етті. Өткен жылы бағдарламаның жалпы қатысушылар саны 6 921 035 бала болды. Ал облысымызда былтыр 213 934 баланың шотына ақша түсті. Олардың арасында 10 501 жеткіншек 18 жасқа толып, шоттағы 100,5 АҚШ долларын тиісті мақсаттарға аудару құқығына ие болды. Осы орайда, шоттағы қаржыны уақытынан бұрын алуға болмайтынын ескерте кетейік. Яғни, «Ұлттық қордан» аударылған ақшаны балалар 18 жасқа толғанда ғана білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсаттарына жұмсай алады.

Былтыр аймағымызда 2092 жеткіншек өтініш білдіріп, ақшасын жоғарыда аталған екі мақсатқа бағыттаған. Олардың 1245-і тұрғын үй жағдайын жақсартуға аударса, қалғаны оқу ақысына жаратқан. Кәмелет жасына толғандар оқу ақысын төлеуге пайдаланатын болса, құжатқа білім алатын оқу орнын белгілейді. Ал тұрғын үй алуға бастапқы жарнаға пайдаланғысы келсе, қаржы «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан» Отбасы банкіне аударылады.

Ұлттық қордан күні кеше аударылған ақша 2025 жылдың 1 қаңтарынан дүние есігін ашқан сәбиден бастап, биыл 18 жасқа толатын, яғни, 2007 жылғы жасөспірімдерге түсті. Аймағымызда жобаға қатысушылар саны — 204 460 бала. Олардың 10 466-сы биыл 18 жасқа толады. Егер қордың қаражаты түспесе, деректер базасында баласының бар-жоғын айқындап, жоқ болса, egov.kz порталындағы жеке кабинетке бала туралы дербес деректерін енгізуге болады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.