Аймағымызда көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Жергілікті билік су басу қаупі бар елді мекендерді аралап, төтенше жағдайлар қызметінің әзірлігін тексеруде.
Мезгіл мәселесі бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожиновтың төрағалығымен арнайы жиын өтті. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Рүстембек Әмрин «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының деректері бойынша өңірдің барлық аумағына 100 пайыз қар түскенін, топырақтың ылғалдылығы 60 пайызға жеткенін мәлімдеді. Қардағы судың мөлшері нормадан 7 пайызға артқан. Тек топырақтың орташа қату көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 41 пайызға төмендеген. Су басу қаупі бар учаскелерге мониторинг жүргізу үшін Қарағанды облысының «Ақжар» және «Қаратоқа» бөгеттері мен Ақтоғай, Баянауыл аудандарына аэровизуалды тексерулер жүргізілді.
Көршілес орналасқан Ақмола және Қарағанды облыстарында қардың көлемі былтырғы көрсеткіштен 1,5 есеге артық. Осы жағдайға байланысты мамандар мен қажетті құралдарды Ақтоғай және Баянауыл аудандарына жіберу қарастырылған. Қазір Шүлбі су қоймасындағы судың көлемі 81,5 пайызды құрайды. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 3,5 пайызға артық көрсеткіш. Осыған байланысты Павлодар және Ақсу қалаларының әкімдіктері қысқа мерзімде нығайту жұмыстарын іске асыру қажет.
Өңірде «Инженерлік жұмыстар жоспары» аясында шамамен 18 шақырым қорғаныс бөгеттері мен біліктері салынды және нығайтылды, 4 шақырымнан астам каналдар мен арықтар жөнделді, 24 су өткізу құбырлары орнатылып, ауыстырылды. Қала мен аудан әкімдіктері жергілікті бюджет есебінен тасымалданатын 104 мотопомпа, 15 мыңнан астам қапшық, 61 сорғы сатып алды.
«Қазгидромет» РМК филиалының директоры Галина Шпак аймақта ақпанның екінші онкүндігінде жауын-шашын күтілетінін, ауа температурасы нормадан 2 градусқа жоғары болатынын жеткізді. Наурыз айында да ауа температурасы нормадан 1-2 градусқа жоғары болмақ. Мезгіл мәселесі бойынша Серік Батырғожинов жауапты мекемелерге тиісті тапсырма берді.
— Павлодар облысы «Жасыл аймаққа» жатқызылғанына қарамастан, дайындығымыз жоғары деңгейде болуы керек. Баянауыл, Май, Павлодар, Ақтоғай аудандары ерекше назарға алынуы тиіс. Аудан әкімдері су басатын тарихи орындарды зерделеп, ауа райына, су айдындарына мониторинг жүргізіп, халықты және инфрақұрылымды қорғау үшін барлық алдын алу шарасын қабылдауы қажет, — деп атап өтті ол.
Жиналыстың қорытындысы бойынша салалық басқармаларға, сондай-ақ қалалар мен аудан әкімдеріне 20 ақпанға дейін қарды шығару жұмыстарын жүргізу, 1 наурызға дейін «ҚазАвтоЖол» филиалымен бірлесіп, жолдардағы су өткізу құбырларын ашу жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды. Төтенше жағдайлар департаментіне су тасқынына дайындықты барынша бақылауда ұстау тапсырылды.
* * *
Тиісті тапсырмадан кейін су тасқыны қаупі бар деген Ақтоғай, Ертіс және Павлодар аудандары тексеріліп, арнайы қызметтер мен құралдардың, арнайы техникалардың дайындығы пысықталды.
Ақтоғай ауданы облыс басшылығы мен төтенше жағдайлар департамен-тінің ерекше бақылауында. Тарихи су басу қаупі аймағына кіретін Шолақсор ауылының айналасында биіктігі 2 метрге дейін жететін 8,3 км қорғаныс бөгеті жасалды. Ауылдың кіреберіс жолында 5 су өткізгіш құбыр әзірленді. Мұздың кептеліп қалу қаупін және өзеннің арнадан асып кетуін болдырмау үшін Сілеті өзенінде мұзды жару жұмыстарын жүргізу үшін арнайы ұйымдар тартылатын болады. Өткен жылы су тасқынынан зардап шеккен Жалаулы ауылында ауқымды инженерлік жұмыс атқарылды. Биіктігі 3 метрге дейін жететін 2,3 км бөгет тұрғызылды, еріген қар суын жинау үшін жалпы көлемі 200 мың метр болатын 3 қазаншұңқыр және 2 су бұру арықтары жабдықталды. Сондай-ақ, ауданды аралау барысында Басқамыс-Қарақоға-Шұға-Жолболды автожолындағы Шұға ауылының маңындағы 8 су өткізу құбырының және 2024 жылы Жолболды-Шілікті автожолында орнатылған 3 су өткізу құбырының жай-күйі тексерілді.
— 2024 жылы Әуелбек, Жаңабет, Жамбыл ауылдарының айналасында биіктігі 2,5 метрге дейін жететін бөгеттер тұрғызылды. 30 бірлік арнайы техника дайындалды. Қыс мезгілі басталғалы ауданның елді мекендерінен 1260 тонна қар шығарылды, жұмыстар әлі де жалғасуда, — деді аудан әкімі Қаршыға Арынов.
Ертіс ауданының Ұзынсу, Тоқта ауылдарының су тасқыны қаупі бар учаскелері де тексерілді. Аталған елді мекендерде 70 бірлік техника әзір. Бұдан бөлек, Павлодар ауданының су тасқынына бейім Розовка, Рождественка, Ефремовка, Заря ауылдарындағы ахуал да тексерілді. Аудан әкімдігімен 38 елді мекен тексеріліп, күрделі учаскелер анықталды. Мичурин, Жаңақала, Черноярка, Сычевка, Каракөл және Пресное ауылдарында 3,8 км қорғаныс бөгеттері тұрғызылып, нығайтылды. Су өткізу қабілетін жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету және судың жолдардан тасып кетпеуі үшін Рождественка, Ефремовка және Жертұмсық ауылдарында қосымша су өткізу құбырлары орнатылды. Судың үйлерге кіру қаупі бар деген Розовка ауылындағы Киров көшесінен қар үздіксіз шығарылуда.
— Су басудың алдын алудағы басты міндет — елді мекендердегі қарды шығару. Қазіргі уақытта ауданның барлық ауылында төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесіп, жер бедерінің ерекшеліктерін ескере отырып, қарды шығаруға арналған полигондар анықталды. Қар шығару жұмыстары басталды, алдын ала есепке сәйкес 12 мың тоннаға жуық қар шығарылады, — деді Павлодар ауданының әкімі Дидар Ибраев.
Су тасқынының алдын алу және жою үшін 150 тонна инертті материал, 6000 бірлік құм толтырылған қап, 7 тонна жанар-жағармай дайындалды. Сондай-ақ, 12 бірлік өздігінен жүретін су айдау техникасы, 23 инженерлік техника, 24 мотопомпа бар. Бұл бағыт-тағы жұмыстар жалғасатын болады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.