Атқарылар істер ауқымды

Ақп 13, 2025

Облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері жұмыс сапарымен Май ауданына барды. Сапар барысында елді мекендерде іске асырылып жатқан жобалармен танысты.

Алдымен кеңес мүшелері Қаратерек ауылында өткен жылы күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйінің және осы жылға жоспарланған орта мектептің жөндеу жұмыстарын бақылады. Биыл аталған елді мекенде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы да жүргізілуде. Топтың құрамында қоғамдық кеңестің төрағасы Бәкір Демеуов, білім, денсаулық сақтау, мәдениет және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі комиссия төрайымы Бақыт Бексейітова және өзге де өкілдер болды.

Одан бөлек, олар Көктөбе ауылында өрттен зардап шеккен жас отбасының үйінде болып, жалпы сомасы 1 млн 860 мың теңгеге қайырымдылық көмек көрсетті.

Естеріңізде болса, Май ауданының Көктөбе ауылында екі пәтерлі үйге жапсарлас салынған кіреберісінде өрт болып, отбасы қиын жағдайда қалған еді.

Өз тілшіміз.