Таяу уақытта біздің облыста автомобиль дөңгелектерін дайындайтын тағы бір кәсіпорын ашылуы мүмкін. Қытайлық компания «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы аумағында дәл осындай өндіріс орнын ашуға бейілді.
Өткен аптада облыс әкімдігінде аймақ басшысы Асайын Байханов пен қытайлық «Beijing Jinghanlin Мould Manufacturing Co. Ltd» және «Hua Аn International Investment Management LLP» компанияларының өкілдері кездесті. Тараптар кездесу барысында «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының аумағында автокөлік өнеркәсібіне арналған автокөліктердің алюминий дискілері мен қосалқы бөлшектерін шығаратын кәсіпорын салу мүмкіндігін талқылады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәліметке сүйенсек, автоөндіріс саласындағы жобаның құны 50 млрд теңгені құрамақ. Өндірістің қуаттылығы жылына 2 млн өнім болады деп ойластырылып отыр. Яғни, осындай көлемде қосалқы бөлшектер мен дискілер шығарылмақ. Сонымен қатар, 100-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарда бар.
Айта кетейік, «Beijing Jinghanlin Mould Manufacturing Co. Ltd» — нарықтағы негізгі ойыншы және өз өнімдерін Оңтүстік-Шығыс Азия, Еуропа, Латын Америкасы мен АҚШ-қа жеткізетін Қытайдағы ең ірі компаниялардың бірі. Облыс әкімі Асайын Байханов қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру — бұл жұмыстағы басты басымдық екенін атап өтіп, кәсіпорынның болашағын жоғары бағалады.
«Beijing Jinghanlin Mould» компаниясының құрылтай-шысы және басшысы Тау Хуачан дөңгелек дискілерін құю және сынау технологиясы, жүк көліктерінің дөңгелектеріне арналған қалыптарды өндіру және экспортқа бағдарланған өнімнің артықшылықтары туралы баяндады. Тараптар жобаны жан-жақты талқылауды жалғастырып, оны іске асыру жөніндегі алдағы жұмыстарды пысықтауға уағдаласты.
Әзірлеген – Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.