Кадр тапшылығы қалай шешіледі?

Нау 7, 2025

Облыс әкімі Асайын Байханов Сенаттың «Еңбек адамы — ұлттық экономиканың өсуі мен ұлттың өркендеуінің негізі» тақырыбында өткен парламенттік тыңдауына қатысты. Соның барысында аймақ басшысы өңірдегі жұмыспен қамту мәселесіне тоқталды.

Павлодар облысы еліміздегі өңдеу өнеркәсібі бойынша үздік үштікке кіріп, шикізаттық емес экспорт көлемі бойынша 4-орында тұр. Сонымен қатар, инвестициялардың өсу қарқыны бойынша республикада үшінші орында болса, аграрлық сала көрсеткіштерімен көш бастап келеді.

— Өңірдегі экономикалық белсенді 405 мың тұрғынның әрбір бесіншісі өнеркәсіпте еңбек етеді. Ал 3,5 трлн теңгеге 84 жоба іске асқан соң 12,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Бүгінде өңір өндірісіне 1 мыңға жуық жұмысшы қажет, — деді Асайын Байханов.

Өндірістік орындардағы қуаттылықты арттыру еңбек ресурстарын ұлғайтуды да талап ететіні белгілі. Ал қазіргі уақытта кәсіби дағдылар мен құзыреттерге қойылатын талаптардың тез өзгеруіне байланысты біліктілік теңгерімсіздігі бар. Көп жағдайда жұмысқа орналасудан үмітті азаматтардың технологиялық білімі мен дағдысы жеткіліксіз болып жататын көрінеді. Асайын Қуандықұлының  айтуынша, инвесторлар бұл мәселені тәлімгерлік пен жұмысшыларды қажетті деңгейге дейін жеткізу бағдарламаларымен шешуді қолға алды.

Сонымен қатар, жаңа кәсіпорындарды кадрлармен қамтамасыз ету үшін бірегей білім беру жүйесін құру қажет. Қазіргі экономикалық сұраныс соны талап етеді. Жиын барысында облыс әкімі осы мәселеге ерекше тоқталды. Өңірде техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялауға, сертификатталған мамандар даярлауға көп көңіл бөлініп жатқанын тілге тиек етті. Айталық, биыл жұмысшы мамандықтар бойынша 1 230 түлек оқуын аяқтап, жұмысқа орналасады. «Өңірлік кәсіптер атласы» жобасы аясында енгізілген жаңа мамандықтармен 8 мыңға жуық студент қамтылды.

Бұл ретте аймақ басшысы қажетті жұмысшы мамандықтарға оқытуды ұлғайту және бұл сала өкілдерінің беделін арттыру арқылы кадр тапшылығы мәселесін шешу жоспарда екенін де атап өтті. Жалпы, жұмысшы мамандықтардың тапшылығын шешу үшін білім алушылар санын 30 пайызға арттыру жоспарлануда. Студенттер мен педагогтердің гранттары мен сыйақысына, шәкіртақыларына, тағылымдамалардан өтуіне 1,5 млрд теңге бағытталады. Жеке сектордан қосымша ынталандыру шаралары да қабылданды.

Өз тілшіміз.