Аймағымызға қытайлық инвесторлар келіп кетті. Олар облыс әкімімен кездесіп, бірқатар салаға инвестиция салуға ниетті екендіктерін білдірді. Осы мақсатта өңіріміздің алып кәсіпорындарын аралады.
Естеріңізге сала кетейік, наурыз айының басында Павлодар облысының делегациясы алюминий өндірісі мен көмір химиясын дамыту саласындағы ірі жобаларды іске асыру мүмкіндігін талқылау мақсатында Үрімші провинциясындағы бірқатар нысандарға барып, «Алты алқап» өнеркәсіптік паркін аралап қайтқан еді.
Ал жуырда Қытай делегациясы да жұмыс сапарымен өңірімізге келіп, «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазақстандық электролиз зауыты» АҚ зауыттарында болды. Сондай-ақ, қонақтар ашық тәсілмен өндірілетін әлемдегі ең ірі көмір қоры орналасқан (2,2 млрд тонна) Екібастұз көмір кенішіне барды.
Содан соң Қытай Халық Республикасының өкілдері облыс әкімі Асайын Байхановпен кездесуде павлодарлық-тарды Наурызбен құттықтап, кәсіпорындарды аралау жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғыстарын білдірді.
«Сан Бао» корпорациясының басқарма төрағасы Кан Хэпин, сондай-ақ, «Синьфа групп» компаниясының бас директоры Чжан Хуайптао өңірге инвестиция салуға ниетті екендерін жеткізді. «Сан Бао» корпорациясы — Шыңжаңның сыртқы саудасының жүйе құраушы кәсіпорны және оның импорттық-экспорттық тауар айналымының жалпы сомасы 13 миллиард АҚШ долларына жетеді. Қытайдың ең ірі 500 кәсіпорнының қатарына кіреді. «Синьфа» компаниялар тобы электр энергиясын, жылу, электролитті алюминий өндіреді. Компания өндірісінің он бағыты бойынша әлемде алдыңғы орынға ие.
Соңғы жылдары «Синьфа» компаниялар тобы «Жасыл таулар мен таза су – нағыз алтын мен күміс» экологиялық тұжырымдамасын тұрақты түрде ұстанады, кәсіпорынды трансформациялау мен жаңғыртуды белсенді түрде жүргізуде және айналмалы экономиканы дамытуда. Топтың 12 кәсіпорны ҚХР экология және қоршаған орта министрлігімен шығарындыларды жылдам азайту бойынша «А» санатындағы кәсіпорындар тізіміне енгізілген.
Инвесторлар қуаттылығы жағынан, жоғары автоматтандыру, қауіпсіздік және өндірістің экологиялық тазалығы бойынша толық циклді өндірісі бар қытайлық холдингке бәсекелес бола алатын кәсіпорындардың жоқ екенін атап өтті. Олардың ШҰАА кіруімен аймақ экономикалық тұрғыдан тез дами бастады.
Инвестиция үшін маңызды шарт – ресурстардың болуы. Бұл ретте, олар өңіріміздің көмір кеніштерінін аралау барысында ресурстардың барына көз жеткізді.
Асайын Байханов келіссөздер барысында біз үшін экономикалық нысаналылық, экологиялық тиімділік өте маңызды екенін атап өтті.
– Біз сіздердің табысты тарихы және жаңа технологиялары бар компания екендеріңізді түсіндік. Сіздер біздің өңірімізде ШҰАА сияқты холдинг құра аласыздар деп үміттенемін. Бұл өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге және тұрғындарымыз үшін жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Ал біз өз тарапымыздан жобаларды табысты іске асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетеміз, – деді Асайын Байханов.
Аймақ басшысы Қытай делегациясының сапары ұзақ-мерзімді өзара тиімді ынтымақтастықты орнатудың бастамасы болатынына сенім білдірді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.