Тазалық сақшысы

Сәу 17, 2025

Заңғар ауылының тұрғыны Айдын Жүнісованы ауылдастары тазалықты сүйетін, ісіне ұқыпты адам ретінде жақсы таниды. Жергілікті фельдшерлік-акушерлік пунктте оның тазалықты қамтамасыз етіп жүргеніне жиырма жылдан асыпты.

Бүгінде Заңғар ауылдық округінде әлеуметтік нысандардың тазалығын Айдын Қасқырбайқызы қамтамасыз етіп келеді. Шаруасына ширақ, тазалықты сүйетін, ұқыпты адам екені бірден байқалады. Ол жұмысы оңай болмаса да, өз ісін жақсы көретін жан екен.

— Жұмысыма үйреніп алдым. Менің мақсатым – тазалықты қамтамасыз ету. Кейде шаршайтын да кездер болады. Ол, әсіресе, көктем, күз уақытында дала езіліп жатқанда даладағы балшықтың бәрі үйге кіреді. Сонда, иә, кейде үйге шаршап келетінім бар. Бірақ мен тазалыққа үйреніп алдым, егер кір, лас болса, онда ұнатпаймын, бірден бәрін жуып тастағым келеді – дейді Айдын Қасқырбайқызы.

Айдын ханым Заңғар ауылында өскен, ата-анасынан ерте айырылып, шаруаға ерте араласқан. Бала күнінен медицина саласында қызмет етуді армандаған. Сол арманына сай ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пунктте еңбек етеді.

— Жас кезімде медицина мамандығына оқи алмадым, кейін тұрмыс құрдым, балалар кішкентай болды. Енді, міне, балалар өсті. Өзіме көңіл бөлетін уақыт пайда болды. Мүмкін әлі де жоғары оқу орнына түсіп, жұмыс істей жүріп, білімімді де жетілдіріп алармын. Оны уақыт көрсетеді. Қазір үй шаруашылығын да қысқартып, мал ұстамайтын болдық. Шағын бақшамыз ғана бар – дейді Айдын ханым.

Кейіпкеріміз отағасымен екі бала тәрбиелеп өсіріп отыр. Балалары өсіп, өзіне қолқанат болды. Үй шаруасында да көмектесіп, жұмыстан келген анасына қол ұшын беріп тұрады.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ,

Павлодар ауданы.