Жас дарындармен кездесті

Сәу 17, 2025

Аудан әкімі Дидар Ибраев Заря жалпы орта білім беру мектебінде республикалық олимпиадалар мен халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсет-кен үздік оқушылармен кездесті. Бұл оқушылардың жетістіктері — ұстаздарының еңбегі мен ата-аналарының қолдауының жемісі.

Кездесу барысында «Зерде» республикалық байқауының жеңімпазы Мұстафа Қыстаубайұлы өз ғылыми жұмыстарымен таныстырса, Айдынгүл Айбек пен Алдияр Жұмаш армандарымен бөлісті. Ал «Dron SoccerBall 2025» республикалық турнирінің жүлдегерлері ойыннан үзінді көрсетіп, ерекше әсер қалдырды.

Кездесуге қатысқан дарынды оқушылар өздерінің табыстары, жеткен жетістіктері, сондай-ақ, болашақ жоспарларымен бөлісіп, аудан басшысына көкейдегі сұрақтарын қойды. Түрлі додада топ жарып жүрген жас дарындармен кездескен аудан әкімі келелі әңгіме өрбіген мазмұнды кездесуде талапты өрендерге алғысын білдірді. Сондай-ақ, ата-аналарға Алғыс хаттар табысталып, оқушыларға естелік сыйлықтар тарту етілді.

Оқушылардың ата-аналары атынан сөз сөйлеген Қыстаубай Хобдабай мен Эльмира Нұрпейісова аудан басшысы мен ұстаздар қауымына ақжарма тілектерін ақтарып, жылы лебіздерімен бөлісті.

— Бүгінгі таңда дарынды балаларды қолдау мәселесіне келетін болсақ, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша министрлік кешенді жоспар әзірлеп, ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі уақытта білім мен спортта үздік нәтиже көрсетіп жүрген озат оқушыларды қолдау шаралары қарқын алып келеді. Осы орайда, дарынды балаларды дамытып, шындап, олардың байрақты бәсекелерде жүлделі болуы – ең алдымен ұстаздың еңбегі. Сол себепті, олимпиада қатысушыларының мұғалімдеріне, мектеп ұжымына және жарыс жаттықтырушыларына зор алғыс айтқымыз келеді, — дейді ата-аналар қауымы.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ,

Павлодар ауданы.