Дайындық жұмыстары қалай?

Сәу 24, 2025

Аздан соң елімізде көктемгі дән себу жұмыстары басталады. Қазірдің өзінде шаруашылықтарда осы науқанға дайындық жұмыстары басталып кетті. Осы орайда ақтоғайлық диқандар «Көктемнің бір күні жылға азық» деген қағиданы естеріне мықтап ұстап, көктемгі дала жұмыстарына тыңғылықты әзірленуде.

Ақтоғай ауданы бойынша осы жылдың болжамды егіс алқабы 74,027 мың гектарға жоспарланған. Оның ішінде дәнді дақылдар — 50,65 га, майлы дақылдар — 9,127 мың га, картоп — 2,720 мың га, көкөніс мен бақшалар — 0,481 мың га, жемшөп дақылдары 11,049 гектарды құрайды.

— Бүгінгі күні көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін жалпы сомасы 2 657,51 млн теңге несие қаражаты алынды. Оның ішінде «Кең дала 2» бағдарла-масы бойынша жалпы сомасы 2 628,01 млн теңге, «Агробизнес» бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жалпы сомасы 29,5 млн теңге, «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша «Павлодар» ӘКК-нің қарауында жалпы сомасы 530 млн теңге болатын несие қарастырылған. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге кредит берудің жалпы сомасы 3 187,5 млн теңгені құрайды. Осы жылдағы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге Ақтоғай ауда-нының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне 1 529 тонна арзан-датылған дизель отынына 24 өтінім берілді. Оның ішінде наурыз айына — 382 тонна, сәуір айына — 688 тонна, мамыр айына — 459 тонна. «ТК ПАРНАС» ЖШС және «LF TRADE» ЖШС атты екі оператор анықталды. Операторлық қызмет-терді қоса есептегенде арзандатылған дизель отынының 1 тоннасының бағасы 291 056 теңгені (244 теңге/литр) құрайды. Бүгінгі таңда 1 144 тоннаға немесе 75 пайызға өтінім берілді. Оның 667 тоннасы төленді, 479 тоннасы шығарылды, — делінген Ақтоғай аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің ұсынған мәліметінде.

Бүгінде осы жылдың өніміне 10,767 мың тонна тұқым (отырғызу материалы) себілді. Оның ішінде дәнді дақылдар — 5,963 мың тонна, майлы дақылдар — 0,06 тонна, жемшөптік дақылдар — 0,009 мың тонна, картоп — 4,735 тонна. Ауданның ауыл шаруашылығы өндірушілерінде машина-трактор паркінде 238 трактор, 8 егіс кешені, 77 комбайн, 70 аспалы жабдық бар. Олардың дайындығы 100 пайызды құрайды. Қосымша 613,04 млн теңгеге 6 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Оның ішінде 5 трактор және 1 картоп жинау комбайны.

Айдана БОРАНБАЕВА,

Қожамжар ауылы, Ақтоғай ауданы.