Кітап оқып жарысуда

Сәу 24, 2025

Май ауданының кітап сүйер оқушылары кітап оқып, велосипед ұтып алуға мүмкіндіктері бар. Екі доңғалақты көліктің демеушілері мектептің түлектері болды.

Байқау Малайсары мектебінің 1-11- сынып оқушылары арасында өтеді. Үздік атанған он оқушы велосипедке ие болмақ.

— Іс-шара «Оқуға құштар мектеп» жобасы бойынша өтеді. Басты талап бойынша қатысушылар біз ұсынған барлық кітапты оқып, мазмұнын айтуы керек. Бастауыш сынып оқушылары 30 мақал-мәтелді жатқа айтуы керек. 5-6-сынып оқушылары оқылған шығармалар бойынша тест тапсырмаларына жауап беріп, 30 афоризмді жатқа білуі тиіс. Ал жоғары сынып оқушылары текст сұрақтарынан бөлек эссе жазады және Абайдың он қара сөзін білуі шарт, — дейді мектеп директоры Анар Жетібаева.

Оның айтуынша, байқауға қатысу-шылардың саны өткен жылға қарағанда артқан.

— Аталмыш жобаға мектептің 100 оқушысының 75-і қатысуда. Жоба арқылы біз балалардың гаджеттерге бөлетін уақытын кітап оқуға арнағымыз келеді. Өйткені оқу қиялды әлдеқайда жақсы дамытады және білім беруде ғана емес, өмірде де көмектеседі, — дейді мектеп басшысы.

Айта кетейік, мұндай байқау осы мекемеде 2017 жылдан бері өткізіліп келеді.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.