Камералар көбейеді

Сәу 24, 2025

Екібастұз қаласында қоғамдық тәртіпті күшейтіп, құқық бұзушылықтың алдын алу үшін ауқымды жұмыс жүргізілуде. Соның бірі – бейнебақылау камераларын орнату.

Статистикаға зер салар болсақ, мұндай камералар орнатылған аумақтарда жол-көлік ережелері сақталып, қылмыстардың ізін суытпай ашуға мүмкіндік болады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп, қосымша құрылғылар орнатылуда. Қала әкімі Аян Бейсекиннің сөзінше, Ішкі істер министрлігімен бірлескен жұмыс аясында жүйе тағы 80-ге жуық камерамен толықпақ. Олар орнатылған аумақтарға барған шаһар басшысы атқарылған істерді тексеріп, камераларды уақыт оздырмай іске қосу керек екенін айтты. Бүгінде оларды республикалық реестерлер базасына қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аян Уахитұлы жақын арада бұл инфрақұрылымды одан әрі дамытып, қаладағы бейнебақылау камераларының санын айтарлықтай көбейту міндеті тұрғанын атап өтті.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.